Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр елдің заңы басқа...

Әр елдің заңы басқа...

Әр елдің салты басқа. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны тағы бар. Өзге елге саяхаттағанды жаныңыз сү­йетін болса, құлағыңызды түріңіз, бұл ақпараттан сабақ ал­масқа болмайды. Бұл күнде елдер арасында туризм де, жол қатынасы да жақсы жолға қойылған. Туристік агенттікпен бай­ланыс орнатып, қалтаңыз көтерсе болғаны, дүниенің әр қиырын аралауға еш кедергі жоқ. Тек өзге елге сапарға шық­пас бұрын сол елдің салтынан, мәдениетінен, ең бастысы за­ңынан хабардар болғаныңыз жөн. Әйтпесе, турист болып барып, тағдыры тәлкекке түскендер жетерлік. «Саяхаттаймын» деп сан соққан, «тамашалаймын» деп теперіш көрген көп тағ­дырды топшылап, бүгін соның бірнешеуіне тоқталып, мың қауіптің алдын алуға ықпал етпекпіз.

Ресейлік биолог-ғалым Антон Голышев­тің Үндістанға жасаған саяхаты жергілікті тұр­ғынның берген сыйының кесірінен сәтсіз­дікке ұшырады. Петербор университетінің химия факультетін үздік аяқтаған жігіт ғылыми іспен шұғылдану әрі саяхаттау үшін Үндістанға аттанады. Ғалымға алғашқыда бәрі керемет әсер қалдырғанын сол кездегі жазбаларынан аңғаруға болады. Каджухаро қала­сына табан тіреген Антон кішігірім қонақ үйге аялдайды. Туристке әу бастан қабырғаға ілінген тоқылған құс ұя­лары қатты ұнайды. Бұндай бұйымдар бұл елде маңызға ие қолөнерден саналады. Жігіт бұл затты кәде ретінде өзімен алып кеткісі келетіндігін айтады. Қонақ үй иесі де «жомарт» жан болса керек, құс ұяларын петер­борлық оқы­мыстыға сыйға тартады.

Елге қайтар уақыт таяғанда ғалымның басына бұлт үйірі­ліп, үлкен мәселе туындайды. Әуежайдағы тексеріс кезінде әлгі ұяда екі әскери оқтың болғандығы анықталып, Голышев төбесінен жай түскендей күйде болады. Бұл іс қасақана жасалды ма, әлде шынымен «оқты құстар ұяға әкеліп жасырды» ма, бұл жағы белгісіз.

Үндістан «террорист» деп тапқан туристің бостандығы үшін Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі араласып, ресейлікті ақтап шықты. Үш ай абақтыдан кейін 27 жас­тағы аспирант туған еліне оралды. Бұл 2017 жылы болған жағдай. Хош, жол түсіп өзге елге бара қалсаңыз, біреу «қонақжайлық» танытып сый ұсынса, естелік деп есіңіз шығып, сөмкеңізге сүңгітуге асықпаңыз. Тапқаныңыз «тер­рорист» атандырып, алған сыйыңыздың желкеңізден шық­пасына кім кепіл?!

Осыдан бір жыл бұрын екі ресейлік блогер Уганда, Танзания, Зимбабве сияқты Аф­­риканың 10 елін арала­мақ болып қара құр­лыққа аттанады. Туристер екінші күні Ке­нияның түрмесінен бір-ақ шығады. Блогерлер сапарларының алғашқы күні еріктілердің басы қосылған «Содействие» христиандық ұйымында қонақта болады. Сол кезде ке­ниялық полицейлер ресейліктерді қамауға алады. Өйткені, Кения заңы бойынша арнайы рұқсатсыз ерікті қызметін атқаруға болмайды. Бұл заңды бұзғандар не үш жыл түрмеде отырады, не әрқайсысы 5 мың доллардан айыппұл төлейді. Африканы араламақ болған ресейліктер айыппұл төлеп, елдеріне қайтты.

Сырт елде бейберекет суретке түсу де қауіпті. Әсіресе, Тай елінің дәм-тұзы тартатын болса, өте абай болғаныңыз жөн. Тропикалық табиғатымен танымал бұл аймақта тәртіп қатал. Тіпті, «балықтарды азықтандырамын» деп азабын тар­туыңыз мүмкін. Осындай жағдай ресейлік туристердің бірінің басынан өткен. Корал рифте балықтарға жем шашпақ болған саяхатшы 3 мың доллар айыппұл тө­леуге неме­се бір жыл мерзімге абақты жазасын өтеуге мәжбүр болған.

Тағы бір оқиға монахтың туған күні қар­саңында орын алған. Алаңдағы патшаның ескерткішімен суретке түскені үшін гол­лан­дық туристке «монахты қорлады» деген айып тағылып, бақандай 10 жылға бас бос­тандығынан айыру жазасы кесілген. Турис­тің «қылмысы» – бір қолымен монахтың ескерт­кішін құшақтап тұрғандай кейіп жасаған.

Өзге елге туристік мақсатта барып, түр­меге тоғытылған тағдырлар көп. Туристерге құшақ жайғанымен, қалт кетсе аямайтын елдердің тізімін Солтүстік Корея (КХДР) бастап тұр. Ким Чен Ын елінен кейін Тайланд, Германия, Сауд Арабиясы сияқты елдер бұл тізімді толықтырады.

2013 жылы Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілген Шри-Ланка азаматшасы жа­йындағы хабар әлемнің әр бұ­ры­шында жарыса жазылып жатты. Елге турист ретінде кіріп, тұрақтап қалған 17 жасар қыз күнкөріс үшін бала күтушісі болып жұмыс істеген. Британдық «The Daily Telegraph» газетінің жазуынша, Сауд Арабиясына Шри-Лан­кадан барған Ризана «өзі қарап жүрген төрт жасар сәбиді оның анасымен ұрысып қалған соң, тұншықтырып өлтіргені үшін» 2007 жылы өлім жазасына кесілген. Ол кезде 17 жастағы Ризана «жас сәби шөлмектен тамақтанып отырғанда қақалып өлді» деген уәж айтқан. Шри-Ланка үкіметі өзінің отандасына байланыс­ты үкімге қарсылық білдірген. Халықаралық ұйымдар қылмыскерге рақымшылық жасау туралы өті­ніш жасағанымен, Сауд Арабиясының Ішкі іс­тер министрі бұрынғы үкімінен бас тартпаған.

Болған іске Шри-Ланкадағы белсенділер «құн төлеп, қорғай алмады» деп өз үкіметін айыптады. Басылымның баяндауынша, үкім Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі сот шешімін бекіткен соң бір сағаттың ішінде Эр-Риядтың жанындағы Дауадми қаласының түр­месінде орындалған.

Ал Германия абақтысы онда жабылған ше­телдіктердің қарасы ең жоғары деңгейге жеткендігімен жаға ұстатты. Бұл ақпаратты аталмыш елдің Әділет министрлігі мәлімдеді. Берлин мен Гамбург қалаларындағы түрме­лерде жазасын өтеушілердің 50%-дан көбі өзге елдің азаматтары. Олардың ішінде турис­тер де, босқындар да бар.

ТҮЙІН
Әркім-ақ өз елінің патриоты. Әркім-ақ өз Отанын сүйеді. Кей елдер арасындағы ха­лықаралық қатынастардың қалыпқа түс­пеуі­нен Уинстон Черчилль айтпақшы, «сен Ота­ныңды қорғағаныңмен, Отан сені қорғай алмайтын» сәттер болады. Дегенмен, әр мемлекеттің басты құндылығы – адам, адам тағдыры. Мұны ескеру қажет.

Шетелге саяхаттау, тәжірибе алмасу – за­манның талабы. Көзі ашық халық өзге елге қыдырып, жан жақты дамығысы келеді. Айыбы жоқ, тек абай болғаныңыз абзал. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді дана халқымыз қалай дөп басып айтқан…

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ


23 қараша 2021 ж. 351 0