Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балапановтың балапандары

Балапановтың балапандары

Аты Балапан болғанымен, өзі балапан емес, елуді еңсеріп тастаған, шомбалдай шо­йын қара, қабағы түксиген, қасы қалың, бөкен жақ, бөртпе сақалды, бөрі кеуделі, еңгезердей Тұр­сынның әкесі Балапан ақсақал.
Балапаннан екі бала бар, біреуі – ұл, біреуі – қыз. Сол ұл баласы осы – Тұрсын. Тұрсын да әкесінен айнымаған, шойыннан құйыл­ған­дай шоң қазақтың бірі. Екі иінінде екі дәу отырғандай әруақты, ет-жеңді, желбезегі жеті елі келетін, насат ірі жігіттің бірі.
Тұрсын – қарны тырсиған семіз де емес, болмаса тыриған арық та емес, әбі-әбі әдеміше келген, алты кісінің қаруы бар, әсіресе механизмге арналып жаралғандай мықты, жайдары, күліп тұратын кісі.
Мен Тұрсынды көптен бері білемін. Ол кезде қылшылдаған жігіт еді. «Ақарық» совхо­зының (Тереңөзек ауданы) бастығы Шаймерден Нұржановтың шофері болып жүретін. Шөл даладан канал қаздырып, сол каналды бітірген тойына бара жатып өзі шығарған бір ауыз өлең­ді әндетіп айта алмай:
– Әй, Тұрсынжан, тұлғаң мен үнің бар ғой, сен айтып жіберші дегенде дауысы гүрілдеп:
Каналынан су тасқындап ағады,
Жайқын дала діннен алқа тағады.
Мен жасармай кім жасарсын ағайын,
Қадиша да маған қасын қағады, – деген­де судың сарқыраған сарыны, сұлудың жарқы­раған келбеті, жердің құлпырған жәннаты көз алдыңа елестейтін еді.
Мұнан кейін Тұрсын Балапановты Ша­ған МТС-де жүргенде де көргенмін. Өзі ин­женер-механик бола тұрып, әлжуаз жігіт­терге жәрдемдесіп, кейде трактордың моторын кө­теріп әкеліп орнына салғанына таңқал­ғанымыз бар.
Сол кездегі МТС-тің директоры Дайрабай Оспанов күлімсіреп: «Балапановтың балапандары, сендер қашан темір қанат болып темір үзетін жігіт боласыңдар» деп көк қарын балалардың тыңқиған қарнын шертіп отыратын қызық кісі еді.
Тұрсын сері әрі жомарт, мерген жігіт болатын. Әлі есімде, қырық-елу қырғауыл мен қоянды қапшыққа жымқырып, онан ар­тылғанын тұла бойына іліп, салпылдатып жорта жөнелгенде Тұрсынға атпен жету де қиын еді. Өмірі осы Шіркейлі өзенінің жағасында өткен, он алты жасында үйдің бас көтерері болған жетім Тұрсын масаға таланып, балы­ғын аулап, тарысын егіп, ымырт жабыла үйіне қайтатын еді.
Ол кезде Шіркейлінің екі беті ұшы-қиыры жоқ қамысты көлдер еді. «Көптің көлінен» бас­тап «Шандайкөл», «Далакөл», «Тукөл», «Қоңыздыкөл» қойнау-қойнау болып Аламесек арқасына тірелетін.
Біз сол Тұрсынның үйіне келе жатырмыз. Жасы алпысты алқындап қалғанына қарамай әлі ширақ, шымыр жүрісінен танған жоқ екен. Ильич атындағы совхоздың атақты адамының бірі болған Тұрсын баладай қуанып, құшағын жайып қарсы алды.
– Дәмеш, ә Дәмеш, қонақ келді, – деп да­уыстап тұр.
Дәмеш – орта бойлы, бидай өңді, аққұба бәйбіше. Самайына аздап аққырау кіргені болмаса, бұл кісіні елу алтыда деп ойлайтын емес. Төсіндегі «Ленин» ордені мен «Еңбек Қызыл Ту» ордені электр нұрымен шағылысып, алкүрең тартқызып жасартып жіберген.
– Жаңа салған жайларың құтты болсын, ба­я­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ғы патшалар кіретін ақ сарай екен, – деп едім.
– Шүкір, шүкір – деп алды да Дәмеш: – Біз еңбегімізбен ақ сарайдың есігін аштық қой, ақ патшаңнан айырмамыз сол, – деп күлді.
Бізбен бірге келген совхоз директоры Шамахан Құндызбаев:
– Жақсыны көрмек парыз, көріп шығайық, – деп төрдегі есікті ашып жіберіп еді, төрт жа­ғымыздан төрт есік ашылды да кетті. Ана есіктен де, мына есіктен де Тұрсын сыпаттас қара жігіттер шығып келіп қол алып жатыр. Тұрсын олармен таныстырып тұр:
– Бұл Әлайдар – үлкен балам, төрт баласы бар, өзі мал дәрігері әрі механизатор. Ал мына жігіт Мейрамбек, бүгін ғана келіншек әкелді, тойдың үстіне келдіңіз, құтты қонақ болдыңыз, бұл да машинаның құлағында ойнайды. Қасындағы Айдарбегімнің де екі баласы бар, Қалдыгүл деген қызым Шымкенттегі ауылшаруашылық техникумында оқиды. Ны­шанкүл болса күрішші, тракторист. Мына тұрған жігіт Сұлтанбек тоғызыншы класта оқиды.
– Аңқылдаған жазған-ай, аузыңда сөз, ішің­де ас тұрмайтын адамсың ғой, – деп Дәмеш күлімсіреді.
– Осы совхозға инженер-механик болға­ныңа отыз бес жыл болып қалды, екеуміз де коммуниспіз, балаларың да өсті, жас болса ұлғайып келе жатыр. Біз енді басымызды қосып, бір бригада болып күріш ексек қайтеді, – деп бір күлді Дәмеш отбасының басы қо­сылғанда игілікті әңгіменің басын қозғап еді.
– Дұрыс айтасың Дәмеш, екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Балалар сендер не ай­тасыңдар, – деп Тұрсын жан-жағына қарады.
– Айтқандарыңыз жөн. Бәріміз де механизатормыз. Бір жер, бір үйден шыққандай қайдан болсын, істесек істейік, – деді Әлайдар. Оны басқа балалары мен келіндері де қостады.
1968 жылдың көктемі еді. Осы арызын айтып Тұрсын аудандық партия комитетіне барды. Олар қарсы болған жоқ. Қайта құттықтап, қайырлы болсын айтты.
Балапановтар осы көктемнен бастап кү­рішке шықты. Трактор айдау, күрішке су беру, көң төгу, тыңайтқыш себу, кетпен шабу оңайға түскен жоқ. Бірақ жыл қорытындысы жаман болмады, гектарына 50 центнерден өнім алды. Ол кезде жерді қазіргідей тәртіптеу жоқ, ой-шұқыры көп, соның бәрі кетпенмен істелетін кез. Сонда да Балапановтар диқан қағидасын бұзған емес.
Осы өткен жазда Балапановтардың күріш­тігіне келіп аралап көрдім. «Әркімнің шыққан тауы биік болсын» деген гәп (бір жанұя болғанмен) бұлардың арасында да бар екен. «Мынау Дәмештің, мынау Тұрсынның, мынау Әлайдардың звеносы» деген бөлек-бөлек меже бар, осы меженің әрқайсысында өзіне бекітілген жиырмалаған гектар күріштік бар. Өйткені, күріш – сипағанды, сылағанды жақсы көретін дақыл. Осы жағынан алғанда Тұрсын басқаларына қарағанда тәжірибелі, ерінбей ең­бек істейтін диқан болып шықты.
Сабағына дән байлаған күріштер сабырлы ғана қозғалады. Бірақ жел қатайса, бірімен -бірі құшақтасып қалатыны да бар. Мәшинамен оруға келтірмейді. Осы қиыншылықты көре жүріп, 1971 жылы «Октябрь революция­сы» орденін алған Тұрсын өткен жылы өзіне бекі­тілген жерден 108 центнерден күріш алып, «Ленин» орденін тақты. Сонда мен бір ауыз оған өлең жазғаным есімде.
Мінезі әсем баланың жүрегіндей,
Сөзі жұмсақ сұлудың білегіндей.
Кіші пейіл, ақ көңіл жан сүйсінтер,
Жайма шуақ көктемнің реңіндей.
– Сұлудың жүрегі мен білегі, көктемнің реңі деп жатырсыз, Тұрсын ол айтқаныңыздай болып шықса жарады ғой. Былтыр күлсе күллі денесі қоса күлген Тұрсынды алғаш көргенде есім кетті деп жазған едіңіз. Соныңыз дұрыс жазылған еді, – деп әзілге шаптырды қасымдағылар.
– Тракторды сүйреген Тұрсын совхоздың жанды краны ғой, – деп директор Шамахан Құндызбаев сөз бастап еді.
– Тракторды сүйрегені қалай? – деп мен шұқ­шия қалып едім.
– Ол былай. 1945 жылы ауданнан шыққан бір трактор мұз ойылып, Сырдарияға түсіп кеткен. Оны шығарып алу үшін 6 метр тереңге сүңгіп, темір арқан байлау керек. Оған ешкім жүрегі дауалап түспеген. Күн суық, сең кетіп жатқан кез.
– Мен түсемін, тәуекел, – деп Тұрсын 40 метр келетін темір арқанды беліне байлап, су­ға сүңгіпті. Көптен кейін шыққан Тұрсын:
– Тартыңдар! – деп айқай салған.
– Тракторды судан шығарғанда темір ар­қан­­ды шешіп алу қиынға соқты, – деп парторг Хайрулла Әбенұлы таңырқай сөйледі.
– Суық тиген жоқ па? – деп едім.
– Қырлы стаканмен су қоспай таза спиртті тартып жіберіп едім, суық жайына кетті. Мен ауылға кеттім, – деп күлді Тұрсын.
– Ой, батырым-ай, ерлеген екенсің...
– Күрішке батырлықтың, батылдықтың, бақ-дәреженің түк те керегі жоқ, тек бап керек. Бабын тапсаң, ақ күріш ақтарыла береді. Бұл барының сұлуды сипай, аруды аяй біле ме екен, – деп Дәмеш күлді.
– Ойбай-ау, сылап-сипауды сенен үйрен­генім жоқ па, – деп Тұрсын ағынан жарылды. Әлі күріштің суы тартылған жоқ екен, жаптың жағасымен бәріміз орталыққа қайтып келеміз. Күн алаулай қызарып батқалы бара жатыр. Толқындаған плантация қызыл-күреңденіп, те­ңіздей теңселіп жатыр.
– Осы жигулиді биыл алып едім, бірақ менің бойыма шақ келетін емес. Отауға кіргендей еңкейіп кіремін ішіне, – деді Тұрсын.
Біздің соңымыздан арылдаған екі бірдей мотоцикл ентелей тартып, бүкіл даланың ты­ныштығын солар бұзып келе жатыр. Бұлар Балапановтың балапандары екенін үйге келіп тоқтағанда білдік.
Біздер 1974 жылға даярлықты көрейік деп жақында тағы да осында келдік. Үшінші бө­лімшенің орталығы Тұрсын плантацияның жел­келігі екен. Сапқа тұрған сарбаздай қатарын тізген машиналар тұр. Бөлімше бастығы Сейдалы Қожахметов өз шаруашылығымен таныстырып жатыр. Шамахан Құндызбаев машинаға орнатылған рация арқылы совхоз орталығымен сөйлесуде.
– Жақсылықпысың, адамдар жиналды ма?
– Замадин Ибадуллаев келді ме?
– Келді.
– Тоқшылық ше? Серікбай қайда екен? Бала­пановтардың баһадүрлері келді ме?
– Олар да осында.
– Онда біз қазір барамыз, социалистік жа­рыстың қорытындысын көктем жұмысының даяр­лығын талқылаймыз.

А.ТОҚМАҒАМБЕТОВ,
Қызылорда облыстық
«Ленин жолы» газетінен.
1975 жыл
30 қазан 2021 ж. 278 0