Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАҚ»-тың бағы мен бәсі биік

«БАҚ»-тың бағы мен бәсі биік

Ризық-несібесін жер Анадан теріп, ала жаздай еңбек еткен диқандар қауымы бұл күнде егінді толық жинап, арқаны кеңге салуда. Негізгі жұмысты абыройлы аяқтап, алған өнімді үлестіру мен жерді келер жыл­ға дайындау жұмыстарына білек сыбана кіріскен шаруалармен шағын әңгіме құрып, биылғы жұмыстың жа­йын сұрастырдық.

«Бақ» шаруа қожалығы 2013 жылы құрылған. Көршілес Қалжан ахун ауылында орналасып, ауыл мен аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруда үлкен үлес қосып келе жатырған ша­руашылық қызметкерлері мен жұмысшылары ұжымдық еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Халықтың қазынасын арттырған шаруа қожа­лығына 2014 жылдан төраға орынбасары болып еңбек сіңірген Серік Абжалиев 2019 жылдан бері төрағалық етеді.

Биыл бұл шаруашылық негізгі өнім Сыр салысын 500 гектар жерге ексе, 50 гектар жерге жаңа жоңышқа, 200 гектар жерге ескі жоңышқа орналастырған. Қыс бойы дайындалып, әбден құнарландырылған жерге егілген өнім де мол өнім беріп, шаруалардың шаттығын еселеген. Атап айтар болсақ, әр гектардан 59,2 центнер өнім жинаған диқандар барлығы мол өнімді қамбаға құйды. Бұл – жұмысшылардың маңдай тері мен адал еңбегінің нәтижесі. Дегенмен, бұл көрсеткіш былтырғыдан сәл төмендеу. Биылғы су тапшылығы сынды қиындықтарға бой бермеген диқандар үшін бұл көрсеткішке жету де оңай болмаған.

Қазіргі заман – техника мен тех­нологияның дәуірі. Шаруашылық жыл сайын жаңа техникалармен то­лығып келеді. Қайбір істе болмасын адамның қара күшінен бө­лек автоматтандырылған маши­на­лардың алар орны орасан. Осы ретте, «Бақ» ша­руашылығы биыл екі «МТЗ-80», бір қуатты шетелдік техникамен, жер жыртатын соқамен, «Кат» әмбебап тракторымен толықтырылған. Жаңаның аты жаңа, техника шаруалардың қол еңбегін азайтып, жұмысты жылдам жүргізуге ықпал еткен. Нәтижесінде, 3 қыркүйек күні басталған егін жинау науқаны 9 қазанда толығымен аяқталған.

– Қарап тұрсаңыз, бір ай уақыт. Ауа ра­йына байланысты арада бірнеше күнді жоғалт­қанымызбен, егінді малға жегізбей, жауынға қалдырмай жинап алғанымыз абырой болды, – дейді шаруашылық төрағасы.

Бригадада бүгінде 10 күрішші бар. Батырбек Сарыбаев биыл үшінші жыл аталған бригадаға басшылық етіп келеді. Бригадирдің батылдығы мен іскерлігінің арқасында ақ күріштен тау тұрғызған шаруашылық жыл сайын абырой биігінен көрініп, өнім мен табыс көлемін арттыруда. Тәжірибелі маман өз әкесінің жолын қуып, осы салаға бет бұрған.

– Бұл – ортақ абырой, ортақ еңбек. Барлық қызметкер шаруашылықты алға жылжытуға өз үлестерін қосып келеді. Шаруашылықта он күрішші бар. Олардың ішінде, Бекзада Жұ­маділов, Алтынбай Нұрғалиев, Артур Нұрға­лиевтердің есімін ерекше атап айтсақ болады. Бекзада – әкесінің ізін басқан күрішші. Үш жылдан бері күріш еккен ол биыл өнімді еңбек етіп, озат атанды. Осы жылы 50 гектар күріш егіп, әр гектардан 72 центнер өнім алды. Алтынбай болса, ұзақ жылдан бері осы салада еңбек етіп, ма­йын ішкен маман. Тәжірибесі мол. Соңынан ерген жастарға да үлгі-өнеге болып жүр. Ол биыл 50 гектардың әр гектарынан 66,8 центнер өнім алып, алдыңғы қатардан көрінді. Баласы Артур да 6-7 жылдан бері әкесінің қасында жүріп, қиындығы мен күрмеуі мол саланың нағыз маманына айналып үлгірді. Артур биыл гектарына 66,4 центнер өнім алды, – дейді шаруашылық төрағасы Серік Абжалиев.

Күрішті егіп, одан кейін бітік шыққан егінді ору науқаны басталады. Шетелдік «MacDon» техникасымен биыл 500 гектар жердің бәрін Әлібек Мықбаев орып шыққан. Ол жазда күріш ексе, күзде техниканы басқарып, өнімді шашау шығармай орып алуды да өз қолына алған. Сондай-ақ, жанына шәкірт ертіп, Ерлан Нұрымбетовке күріш егудің қыр-сырын үйретуде.

– Күрішті егу де, бір дәнін шашпай-төкпей жинап алу да оңай шаруа емес. Өте көп ең­бекті талап етеді. Күрішті баптау жас сәбиді тәрбиелеп, өсірумен теңдей. Ол жерде де мә­пелеп, бар ынтаңды қойып, ұқыптылықпен іске кіріспесең, нәтиже болуы екіталай, – деп әңгімесін жалғастырды шаруашылық төрағасы.

Одан кейін күрішті бастырып дәнге айналдыру керек. Бұл жерде комбайндар өз жұмысына кіріседі. Олар алған дәнді тасымалға құяды. Екі комбайнның бірін Мұрат Мақатов, екіншісін Сәбит Ахметов басқарады. Комбайншы Сәбит – былтыр 15 мың центнерге дейін өнім жинап жүрген өз ісінің нақ шебері. Маман биыл да техниканың бұзылып келтірген кедергісіне қарамастан 12 мың центнер күріш жинаған.

Келесі кезек – тасымалдаушылардікі. Бұл кезеңде Оралбай Балабаев пен Айбархан Сейтханұлы 10 мың центнерге жуықтан өнім тасып беріп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен. Науқанда еңбектің үлкен үлесін орындаған шаруашылық инженері Қуатбек Баетов, су маманы Бақыт Күшікбаев, дәнекерлеуші Қайрат Нұрғалиев, май таратушы Тұрар Қызыл­баев, шаруашылық механигі Арғынбай Майбаса­ровтардың да орны ерекше.

Міне, бір түйір дәннің өзі оңайлықпен кел­мейді. Әрбір түйірде қаншама адамның маңдай тері мен үлкен еңбегі жатыр. Диқандар егінді орып, жинап, қамбаға құйып болғаннан кейін де арқаны кеңге салмайды. «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей, келесі жылдың қамы үшін жерді айдау жұмыстарына кіріседі.

Биыл күзгі жер айдау жұмыстары он күн дегенде аяқталған. Мол өнімін беріп, диқандар мен халықтың қазынасын арттырған Жер-Ана қыс бойы дамылдайды. Шаруалар жер құнарын арттырып, келесі егін науқанына дайындық жұ­мыстарын қазірден бастайды. Қыстан бусанып шыққан егістік жер көктемде екінші мәрте айдалады. Бұл кезеңдердегі жұмыстардың да ықт­иятпен атқарылуы үлкен маңызға ие.

– Күзгі жер айдау жұмыстарын да сәтті аяқ­тадық. Барлық техниканы жуғызып, тазалап, орындарына орналастырдық. Бірақ, қысқы тасымал үшін бір-екі тракторды алып қалдық. Олар қыс бойы халыққа қызмет етіп, отын-су тасуға пайдаланылатын болады. Егін науқаны аяқталғанмен, жұмыс тоқтап қалмайды, – деді Серік Тынтайұлы.

Сондай-ақ, шаруашылық төрағасы биылғы жылы судың тапшылығы мен улау мәселелері туындағанын айтты. «Дән шашқанға емес, су басқанға қарайды» деген. Алғашқы кезеңде су жетіспегенімен, екінші кезеңде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Дегенмен улау науқанында кездескен мәселелерден егістікті шиін мен күрмек басып, өнім көлемін біршама азайтқан.

Шаруашылықтағы тағы бір мәселе – күріш суының электрлі насоспен шығарылуы. Бұл ай сайын 1 миллионнан астам қаржыны қажет етеді. Ол да болса «Бақ» шаруа қожалығы үшін қосымша шығын болып отыр. Дегенмен, бұның да шешу жолы қарастырылуда.

Қалжан ахун атын иеленген ауылға құт болып, бағын асырған «Бақ» шаруашылығы жиналған жоңышқамен ауыл мен аудан тұрғын­дарын қамтамасыз еткен. 1600 прес сабан қысқа сақталып тұр. Қандай да бір жағдай орын алса, мал аш қалмас үшін алып қалынған күріш сабанынан артылып жатса, жаздың күні құрылыс материалы ретінде пайдаланылатын болады.

Шаруашылық аудан, ауыл экономикасын арттырып, ахуалын жақсарту мақсатында игі істердің басы-қасынан табылып келеді. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан орталығына айналған А.Иманов көшесіндегі қос қабатты үйді жөндеп бермек. Сондай-ақ, «Нұрбек» шаруа қожалығымен бірлесіп, ауыл мешітін қоршауға 3 миллион теңге қаржы құю көзделуде. «Батаменен ер көгерер» дейтін «Бақ» шаруашылығы қарттарға ұдайы қолдау көрсетіп отырады. Қарттар күні қарсаңында ауылдың 80 қариясын арнайы қонақ етіп, қап-қап күріш, шапандарын үлестіріп, батасын алған.

Егін науқанының мән-жайын түгел шолып, озаттарды атап өткен шаруашылық төрағасы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

– «Бақ» шаруашылығында барлығы елу бес адам жұмыспен қамтылған. Жиналған ақша осы кезге дейін техниканы жаңартуға жұмсалды. Қа­зір құрылғылар біршама толықтырылды. Ендігі жерде шаруашылық қаржысын жұмысшылардың айлығын көтеруге жұмсау көзделуде. Сондай-ақ, ауылымыздың әлеуетін көтеру мақсатында «Нұрбек» шаруашылығымен бірлесе отырып, жыл сайын 5 миллион теңге бөлу жоспарлануда. Бұл – қаржыны жағдайға қарай арттыратын боламыз, – дейді Серік Тынтайұлы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

30 қазан 2021 ж. 221 0