Қос орденді ұстаз есімі берілген
Аудан орталығы – Тереңөзек кентінде көше атауларының дені қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімімен аталады. Бүгін оқырмандар назарына кенттің орталық көшелерінің бірі саналатын Рақым Алшынбаев көшесі туралы мақала ұсынамыз.
Бұрынғы атауы Ф.Энгельс атанған көшеге 1993 жылы 27 қазанда кент әкімінің №25 шешіміне сәйкес Рахым Алшынбаев есімі берілген. Қайта аталған көше кенттің А.Иманов, Д.Қонаев, Ә.Тәжібаев, С.Жәкеев атындағы көшелермен қиылысады. Орталық көшенің бойында білім ордасы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі, кәсіпкерлік нысандары мен қырыққа жуық тұрғын үй орналасқан.
Рақым Алшынбаев кім болған деген сауалға келетін болсақ, ағартушы-ұстаз 1893 жылы ауданға қарасты Қарақасқа елді мекенінде дүниеге келген. Ол 1919 жылдан бастап ұзақ жыл бойы ұстаздық етеді.
Сол заманның балалары секілді Рақым Алшынбаев молданың алдынан өтеді. Бірақ көп ұзамай молданың оқытқанын құп көрмей, сол уақыттағы ірі сауда орталығы саналған Аламесектегі екі жылдық орысша-қазақша мектепте оқып, бітіреді. Осы мектепте Рақым Алшынбаев мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновпен бір сыныпта оқыған екен.
Қазан төңкерісінен кейін Р.Алшынбаев Уфа қаласындағы мұғалімдер семинариясына алғашқылардың бірі болып оқуға түседі. 1919 жылы семинарияны ойдағыдай бітіріп, Аламесектегі мектепте ұстаздық қызметін бастайды. Ол сүйікті мамандығы бойынша 1958 жылға дейін қызмет етеді. 1924 жылы Орынборда ашылған мұғалімдердің алғашқы мәжілісінде С.Сейфуллинмен кездесіп, дәрісін тыңдайды.
Р.Алшынбаев Қызылорда облысында бірқатар мектептерде ұстаздық етті. 1929 жылы ұйымдасқан «Азат» деген мектептің тұңғыш ұйымдастырушысы да болды. Ұстаз деген атты құрметтеген, атына кір келтірмеген ұлт ағартушысы болды. Мамандығынан еш уақытта жалықпаған ұстаз бала тәрбиелеудің ыстығы мен суығына төзіп, ізгілікті жолда көп жыл тер төкті. Мыңдаған жастардың сауатын ашып, үлкен өмірге қадам бастырды. Сауатсыздықты жою жөніндегі нәтижелі жұмыстары үшін мақтау қағаздарына ие болды.
Рақым Алшынбаев 1936-1937 жылдары бастауыш сыныптарға арнап «Қазақ тілінің грамматикасы» атты кітабын жазды.
1942-1949 жылдары Қызылорда қаласындағы педагогикалық училище мен институтта сабақ берді. 1950 жылы «Жәдігер» орта мектебінің директоры болды. Мұғалімдердің облыстық, республикалық съездеріне қатысып, тәжірибесімен бөлісті. 1946 жылы Рақым Алшынбаев «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. 1950 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1952 жылы ең жоғарғы награда «Ленин» орденімен, 1953 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қадірменді қарт осындай зор абыройға өзінің адал еңбегімен жетті.
Атақты ұстаз 40 жыл білім беру саласында еңбек етті. Осы жылдар ішінде ұстаздың алдынан шыққан шәкірттерінің 900-ге жуығы жоғарғы оқы орындарын бітіріп, түрлі мамандық иесі атанды.
Филология ғылымының докторы Аққал Хасенова, белгілі ақын-жазушылар Әбдікәрім Оңалбаев, Рахманқұл Бердібаев, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбдіраш Жәмішев, журналистер Қалқабай Әбенов, Сақтапберген Әлжіков, әдебиетшілер Мардан Байділдаев, Шәмшат Әлібеков құрметті ұстаздың шәкірттері болған.
Ардақты ұстаз 1958 жылы зейнетке шықты. Бірақ көп жыл бойы ұстаздық еткен, бұл мамандық бойына сіңген көптің құрметтісі үйде отырып қалған жоқ. Облыстық, аудандық оқу бөлімінде штаттан тыс инспектор болды. Мектептерге барып, жас ұстаздарға ақыл-кеңес беріп отырды.
1980 жылы 87 жасында дүниеден өткен ұлағатты ұстаздың өмір жолы мен атқарған қыруар істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Рақым Алшынбаевтың есімін мәңгі сақтау мақсатында кенттегі бір көше ұлағатты ұстаздың есімімен жиырма сегіз жылдан бері аталып келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ