Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңсық дүниелерден арылсақ игі

Таңсық дүниелерден арылсақ игі

Жылдан-жылға адам өміріне өзгеріс еніп, тұрмыста жаңашылдық орын алып келеді. Соңғы кезде әлемдік ғұрыптардың қазақы менталитетке сіңісуі өзгеше құ­былыс әкелді. Осылайша, жастардың арасында ұлттық дүниетанымға жат батыстан келген дәстүрлерді өткізу белең алды. Мәселен, туған күн иесінің бетіне торт лақтыру, «хен пати» – тұрмыс құратын қалындықтың той алдында құрбыларымен бас қосатын кеші, «гендер пати» – аяғы ауыр келіншек құрсақтағы сәбидің жынысын жолдасына сүйіншілеп айтуы секілді жаңа «рәсімдер» ел ішінде көбейіп кетті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қалындықтың тұрмыс құрмаған қыздарға арнап, гүл лақтыруы қоғамда көп­теген пікір-талас тудырды. Ал қазіргі уақытта туған күн кешінде тәтті тортты адамның бетіне жағу сәнге айналуда. Обал мен ысырапты ерте кезден білген үлкен буынның өкілдері жастарға базынасын айтып келеді. Тоқшылықтың қадірін ескере білмейтін жандар мұндай дөрекіліктен арылса игі. Себебі, қоғамда қаншама отбасы бір үзім нан үшін, отбасын асырау үшін күні-түні ең­бек етіп жүр.

– Біздің әке-шешеміз өткен ғасырдағы ашаршылықты көзімен көрген. «Жоқшылық жомарт ердің қолын бай­лаған» заманда біздер өсіп-өндік. Азғантай дүниенің қадірін біліп, ата-анамыздың үмітін ақтауға тырыстық. Жақсылықты тойлау дұрыс шығар. Дегенмен, қоғамның ашуын тудыратын дүниелерден бойымызды аулақ ұс­таған абзал. Әйтпесе, ешкім жетісіп жүрген жоқ. Бәрінің айтар базынасы бар. Осындай кезде тұрмысымызға енген жат дүниеден арылғанымыз жөн дейді, – ардақты ана Ләззат Палымбетова.

Әсілінде, қазақы тойдың жөн-жоралғысы жеткілікті. Екі жақтың алыс-беріс рәсімінен бұрын орын алатын жаңа дәстүр жастар арасында сұранысқа ие. Яғни, «хен пати» қалындықтың құрбылары арасында кеңінен тойланады. Ұзату тойына бірнеше күн қалғанда қалындықтың құрбылары оңаша бас қосып, ерекше дастархан жаяды. Әдемі тілектерін жазып, арнайы бір бөлмеге безендірілу жүргізеді. Сонымен бірге, олар бірдей көйлек киюге тырысады. Осындай қисынсыз іс-әрекеттерге қарсы болатын берекелі әулеттің келіні Құндызай Бажиева өз пікірін білдірді.

– Мен осыдан 10 жыл бұрын жолдасым Шаттықтың аяулы жары атандым. Тойымызды қазақы дәстүрмен ерекше атап өткен болатынбыз. Соңғы кездері менің сіңілілерім арасында жаңаша дәстүр қалыптасыпты. «Хен пати» ұйымдастырып, сауық-сайран құрудың өз­геше амалын тапқан секілді. Қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен қыздарымыз батыстың мәдениетінен арылса дейміз. Отбасы құрудың алғышарттары бақытты ана болудан, жарасымды отбасы, ер азаматқа адал жар атанудан тұрады, – дейді жас келіншек.

Уақыт өте келе жас отбасылардың шаңырағында түрлі қуаныш орын алады. Соның бірі – шаңырақтағы сәбидің дүниеге келуі. Аяғы ауыр келіншек жолдасына құрсауындағы сәбидің жынысын айтуға аса мән береді. Бұл ретте, жас аналар «гендер пати» ұйымдастырып, ер азаматына сүйінші сұрауды әдетке айналдырған. Бір дастархан басына жиналған ерлі-зайыптының жақын туыстары мен достары арнайы үрленген шарды жарып, сәбидің жынысын ұл-қыз екенін анықтайды. Сүйіншіге отағасы бағалы сыйлық беріп, келіншігін қуантады. Мұндай қызмет түрлерін ұйымдастыратын нарықта арнайы орталықтар жұмыс жасайды екен.

– Қазақта «Бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деген сөз бар. Көпбалалы ана ретінде жоғарыда аталған рәсімге қарсымын. Әр баланың несібесі бар. Ұл мен қызды екі бөліп қарауға болмайды. Жас ата-ананың бұл әрекетіне қынжылатынымыз рас. Шетелден келген сан түрлі рәсімді өткізу әбестік санаймын. Ер азаматымызға аяғымыз ауыр екенін астарлы сөзбен жеткізіп, қадір-қасиетімізді арттырып келеміз. Ең бастысы, балаларымыз жақсы азамат болып өскені қуаныш. Тәңірдің сыйы – олардың бақыты, – дейді көпбалалы ана Гүлманат Сансызбаева.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 қазан 2021 ж. 414 0