Батыр атындағы көшенің бүгінгі халі қандай?
Газетіміздің №58 санында ардагер-ұстаз, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ажар Әзқожаеваның «Естен кетпес екі кездесу» тақырыбындағы естелік-қолжазбасын жариялаған болатынбыз. Онда автор өмірдегі ең ұмытылмас кездерін қарапайым тілде баян етіп, халқымыздың біртуар азаматтары Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаевпен кездейсоқ кездесуін еске түсіреді. Осы естелікті оқып отырып, аудандағы бір ғасырда бір туатын Батыр атындағы көшенің жай-күйін «Кент көшелері» айдарымен жазуды жөн көрдік.
Осылайша, ойды тың идеялармен толықтырып, өзім тұратын көше туралы ақпарат жинай бастадым. «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген, кешкісін көше бойында жиналған көршілердің «үстінен түстім». Көршілердің басы қосылса, әрине, айтылар әңгіме – көшенің жай-күйі. Оны-мұны сөз етіп тұрған көрші апайлардың қызу әңгімесіне құлақ түрдім.
Аудандағы маңызды аймақтардың бірі, әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының атын иеленген көше орталықтан тыс жатқандықтан аса мән берілмей қалып жататыны жасырын емес. Десек те, темір жолдың арғы бетінен қоныс тапқан көшеге кейінгі жылдары біршама жақсы жағдай жасалып келеді. Мысалы, көше толықтай жарықтандырылған, сондай-ақ былтыр төселген су жаңа асфальт та тұрғындардың қуанышын еселеді. Соңғы бес жылдықта тұрғын үйлер саны да артып, жаңа үйлер көптеп салынуда. Тұрғын жайлардың санының артуы арғы беттегі халықтың жаңа сұраныстарын туғызуда. Көше тұрғындары мектеп пен балабақша, дәрігерлік бөлімше салынса деген тілектерін ұдайы айтып келеді. Бір жылдары 300 орындық мектеп салу ісі қозғалғанымен, кейін белгілі себептермен құрылыс қолға алынбаған. Темір жолдан өтудің балалар үшін өте қауіпті екенін айтқан көше тұрғындарына ауырып қалған жағдайда қашықтағы ауруханаға жету де оңай емес. Қыс келсе, пойыз жолға мініп-түсу дені сау адамның өзіне оңайға соқпайды. Ал арнайы жолмен (переезд) айналып жүру тағы да мәселе туындатады.
– Ел Тәуелсіздігін алып, аудан, оның ішінде көшемізге көрік еніп келеді. Десек те, есік алдына бақша ексек, бітік шығуы бір мұң. Әр үйде ауыз су бар. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Бірақ, аяқ судың жоқтығы бақшаның қурап, көктемде салған өнімнің шығуын кешеуілдетеді. Аяқ су көшеге түгел берілмеген. Орталықта тұратын таныстарымыздың жайқалған бақшасына қарап қызығамыз. Сонымен қоса, жас келген соң ауру-сырқау көбейді. Қашықтағы емханаға бару қиындық туғызады. Көшемізде шағын медициналық пункт болса деген арманымыз бар. Бұл – тұрғындардың тілегі, – дейді көше тұрғыны Алмаш Өтебаева.
Тамыз айында аудан әкімінің кенттегі Бауыржан Момышұлы көшесін аралап, аяқ су және жол мәселелерін талқылағаны туралы жаңалықты жарыса жаздық. Жақсы істің бастамасына баланған жұмыстың жүргізіліп жатқанына, мәселені көтерген аудан әкіміне тұрғындар ризашылығын білдіруде.
Кездесу барысында тұрғындардың көкейіндегі мәселелер кеңінен талқыланып, аудан әкімі:
– Даңқты батырдың есімін иеленген көшедегі ең соңғы үйге дейін жол төселуі қажет. Бұл жұмыс менің жіті бақылауымда болады. Орынбасарым мен кеңесшіме, кент әкіміне көшеге тас төсеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Тұрғындардың өтініші орынды, біз тез арада олқылықтың орнын толтырып, көшені жөндеуге тиістіміз, – деген болатын. Тереңөзек кентінің бұл аумағына бұған дейін газ бен ауыз су, электр желілері тартылған. Енді көшенің аяқ су мен жол мәселелері бойынша жұмыстар басшылық бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
– Бауыржан Момышұлы сонау 1932 жылы әскерге алынып, мергендік өнерді игерген, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанған. Батальон, полк командирі болған, соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарған. Ол шығармашылық қызметпен де айналысқан. Б.Момышұлы шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалаған. Осындай даңқты тұлғаның атын иеленген көшеде тұру – біз үшін үлкен бақыт. Балалық шағым да, жастық шағым да, бар өмірім осы көшеде өтуде. Сондықтан бұл өлкенің әрбір тасы, саф таза ауасы, айнала жайлаған жантақ пен қарабарағына дейін ыстық. Тұрғындарының пейілі ешнәрсемен салыстыруға келмейді, – дейді көше тұрғыны М.Мұқанұлы.
Батыр атын иеленген бұл көшеде шамамен 126 тұрғын үй, 400-дей адам тұрады. Темір жолдың арғы бетінен орын тепкен көшеге батыр аты кент әкімінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №7 бұйрығымен берілген. Бұрын «Калинин» деп аталған көшенің батыр Бауыржан Момышұлы атын иеленгеніне биыл 25 жыл, батыр тұлғаның туғанына 111 жыл толып отыр.
Бауыржан Момышұлының ұлт жанашыры болғаны ол туралы естеліктер мен өзінің еңбектерінен анық аңғарылады. Тіпті, фамилиясын орысшалап жазбақ болғандарға қарсы шығуы – нағыз өз елінің патриот азаматының ісі. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деуі сөзімізге дәлел.
«Адам бойындағы басты сезім – парыз сезімін ұштап, тәрбиелеу» дейді Б.Момышұлы. Олай болса, туған жер мен егемен ел алдындағы парызға адал әрі үлкен жауапкершілікпен қарасақ, еліміз көркейе түсері анық.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ