Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі шаңырақтың ұйытқысы

Берекелі шаңырақтың ұйытқысы

Айдарлыда дүние дидарын ашқан Айсұлу Палымқызы – бүгінде 83 жасқа келген кейуана. Ол саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жан. Қарттар күні мерекесіне орай халық алғысына бөленген дәрігер туралы жазуды жөн көрдік.
Айсұлу Палымқызы алыстағы ауылда туып-өсті. Отбасында әкесі Палым, анасы Алтынкүлдің екіншісі. Төрт бауырларының ішінде білімге құштар болып өскен талдырмаш қыз арман қуып, мақсатына жету үшін сонау Ақтөбе қаласында ашылған медициналық инс­ти­тутқа оқуға аттанды. Сыр елінен бірге барған бір топ жастардың көбісі армандарына қол жеткізіп, барлығы бір курстың студенті атанды. Осы күні ел-халықтың алғысына бөленген сыр­дариялық байырғы дәрігерлер Д.Ай­сина, Т.Мырзабеков, Р.Садықов, Ә.Тө­рекеев, А.Қожақов, С.Дәужанов, А.Дос­­­­­жанова, Ш.Зетов ардақты жанның өмір­лік серігі болған К.Бәйімбетов Ай­сұ­лу Палымқызымен қызметтес бол­ған, кейбірі студенттік өмірді бір топта өткізген асыл азаматтар.
– Жастық шақты еске алу жанымды қуанышқа бөлейді. Жалындаған жас­тардың арасында сырдариялық аза­маттардың барлығының есімі мен үшін дара. Рүстем Садықұлы тобымыздың старостасы болды. Жерлестерін үнемі қорғаштап, қолдап жүретін елгезек азамат болатын. Кейін қызметтік жолымызды да бірге бастадық. Бір жылдың түлектері туған жерге оралып, ауданымыздың денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет атқардық. Бір топта бірге оқыған Ақжарманың тумасы Кенжекеңмен соңғы курста бас қосып, ауылға бірге оралдық. Ауданға келісімен біздерді құрақ ұша қарсы алған бас дәрігер А. Нұртасов отағасын дәрігер-фтизиатор, мені жұқпалы аурулар бөлімшесіне меңгерушісі етіп тағайындады. 1964 жылы тамыз айында жұмысқа қабылданып, үздіксіз, зейнет демалысына шыққанға дейін 30 жыл қызмет еттім, – дейді сағынышпен өткен жылдарды еске алған дәрігер.
26 жасында медициналық институтты бітіріп келісімен денсаулық сақшысы атанған Айсұлу Палымқызы кездескен қиыншылықтарға қарамастан науқастардың толыққанды емделуіне жағдайын жасады. Аурудың түріне қарай ем-домды тағайындауда қателікке бой алдырмай, науқастың толық дертінен айығуына күш жігерін аямады. Ескі ғимараттағы ауруханада өмірінің жартысы өтті. Аудан орталығында жаңа аурухана салынған жылдары құрылыстың аяқталуына аз қалып, әне-міне қызметті сонда жалғастырамыз деп отырғанда тағдыр тосыннан соққы берді. Үйінің жанында аяғы тайып кетіп, жарақат алып, оң аяғы морт сынды. Дегенмен қайсар мінезінің арқасында бұл қиыншылықпен осы күнге дейін күресіп келеді. Өмірге деген құштарлығы салын суға кетірмеді. Тұрақты алатын ем-домның арқасында аяғын тең басуға талпынды. Қызметін жалғастыруға мүмкіндігі келмесе де үйде отбасының жағдайын жасап, шаңырақ­тың берекесін келтірді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауданда сары аурудың өршігенін аудан тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ. Жаппай сары ауруға шалдыққандар саны күн сайын өсіп, аурухананың бөлімшесі науқасқа толды. Сонда қосымша ғимарат ашуға ұсыныс беріп, науқастарға жағдай жасаған білікті дәрігердің ұйымдастырушылық қабілеті басшылық тарапынан жоғары бағаланды. Мінсіз қызметі үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Адал еңбектің лайықты марапатын алуға қолдау білдірген білікті дәрігерлер Д.Айсина, әріп­­­тестері Р.Садықов, Ш.Зетов, А.Дос­жанқызына, барша ақ ха­­латты абзал жандарға Айсұлу Палым­қызы зор ризашылығын білдірді.
Дәрігермен ұзақ жыл бірге қызмет атқарған, аға медбике болған Маржан Ақбаева:
– Ауданда сары аурудың күрт өршуі ауыз судың сапасыздығынан деп анықталды. Күн сайын жұқпалы ауруға шалдыққандар саны өскен үстіне өсті. Денсаулық сақшылары уақытпен санаспай, науқастың жанынан табылды. Жұмыла көтерілген жүктің ең ауыры дәрігерге түсті. Науқастардың күнделікті сараптамасына талдау жасап, бақылауда ұстады. Тұрғындардың арасында насихат іс-шаралары да қатар жүрді. Дәрігерлер бастап тұрғындарды екпе егуге шақырды. Ол кезде бір науқас қайтыс болса, Мәскеуден комиссия келетін. Жүйелі жұмыстың дұрыс үйлестірілгеніне көздері жетіп, дертке тосқауыл қоюға атсалысқан медицина қызметкерлерінің жұмысына жақсы баға берді. Індетті тоқтатудың жолында аянып қалмаған, міндетіне аса жауапкершілікпен қараған, күн-түн демей алдыңғы шепте жүрген Айсұлу Палымқызының еңбегін көзімізбен көр­дік, дәрігердің сенімді серігі бола жүріп, халықтың алғысына бөлендік, – деді.
Жұқпалы аурумен күресу жолында аудандағы ең білікті дәрігер атанған Айсұлу Палымқызы қызметті абыроймен алып жүріп, ер азаматына адал жар, балаларына сүйікті ана болды. Аудан медицинасында дәрігер-фтизиатр қызметін бірінші болып бастаған жұбайы Кенжебек Бәйімбетов ағаның ең бірінші тілеуқоры еді. Ер азаматының алаңсыз қызметін атқаруына жағдайын жасап, үй шаруасына да үлгірді. Қонағы үзілмеген берекелі шаңырақтың ұйытқысы болған Айсұлу апай мал-жанның жағдайын жасап, дастарханынан ағарғаны үзілмеді. Ауданға келген жас дәрігерлер үнемі осы шаңыраққа келіп, май, айран, қатықты тоя жеп кететіні осы күні әріптестері арасында аңызға айналды. Ерлі-зайыпты дәрігердің қамқорлығы туралы медицина саласының ардагері, дәрігер Шынтас Зетов үнемі айтып жүреді.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұ­ры тасысын» дегендей бұрынғы уақыт­та аурухана әкімшілігі жыл сайын қыз­меткерлеріне бақша дақылдарын егу үшін арнайы жер учаскесін беретін. Огородқа барып картоп егетінбіз. Бір жылдары күзгі жиын кезінде картоп қазуға барғанда Қенжекең өз жерінен екі қап картоп алды. Ал мен мүлдем өнім алмай қайттым. Сонда ағаның кеңдігі болса керек, өзі алған екі қап өнімнің бір қабын маған берді. Қандай қамқорлық десеңізші. Өмір бойы ұмытылмайтын жақсылық қой, – деді ағалық қамқорлығына ризалық кейіппен Шынтас аға.
«Әйел қырық жанды болады, Алла оны солай жаратқан. Мейлі ол қандай қызмет атқарса да бастық болсын, қарапайым жұмысшы болсын отбасын қатар алып жүру әйелдің міндеті. Бала-шағаның бағулы, дастарханының жаюлы болуы әйелге байланысты. Мезгілсіз келген қонақты құрақ ұша қарсы алу әйелдің ер кісіге көрсеткен құрметі. Отбасымызда қабақ шыту, жел сөзге еру, бос әңгіме айту деген болған жоқ. Балаларды тәрбиеледік, өсірдік, бір-бір мамандық иесі атандырдық. Қазір шүкір, өсіп-өнуде. Қалай еңбек етсең, бәрінің де қайтарымы болады» дейді өткенді шүкіршілікпен еске алған дәрігер Айсұлу Палымқызы.
Жақсы адам, жақсы дос, жақсы әріптес болған Айсұлу апай жұмыстың бәрі тек сәттіліктен тұрмайтынын айтады. Тәжірибесі толысқан шақта қиналған да, сүрінген де кездері болған. Бірақ жетістіктері мен адамдарға жасаған жақсылығы да аз болмаса керек. Бір кездері «өзім үйренсем» деп қызмет етсе, кейін жас мамандарға ақылшы ұстаз болды. Қарамағындағы жастарға білгенін үйретуден жалықпады. Замандасы, қызмет жылдарындағы әріптестері Маржан Ақбаева, Зина Сүлейменова, Гүлнәр Бекжанова, Орынбасар Әбдіра­зақова, Орынкүл Ділдабаева бөлімшедегі білікті дәрігердің қызметін жалғастырған Сәндігүл Ердәулетова ардақты жан туралы тек қана жылы лебіз білдіреді.
– Халық денсаулығын жақсартуда ең қиын сала – жұқпалы аурулармен күрес жүргізген алтын қолды дәрігер өмірдегі ұстазыма, сырласыма айналды. Қиын да жауапты жолда абыроймен жүрді. Адал еңбекті алдыңғы кезекке қойды. Білмегенімізді үйретіп, жылы сөзімен науқастардың дертіне шипа болды. Қаншама мықты маман дайындады. Айсұлу Палымқызына зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, – дейді бірге қызмет еткен әріптесі Зина Сүлейменова.
Есімі аңызға айналған дәрігердің еңбек кітапшасында бір ғана жазуы бар екен. Онда 1964 жылы тамыз айында қызметке кіріскендігі туралы ғана айтылған. Міне, нағыз үлгі боларлықтай, көз сүйсінетіндей жағдай. Қазір мұндайды сирек кездестіресіз. Абыроймен бір орында қызмет атқару, еңбегінің зейнетін көру нағыз бақыт. Бақытты ананың жасы сексеннен асты. Балаларының, немерелерінің ортасында қазыналы қартқа айналды. Бар жылы жұмсағын аузына тосып отырған қызы Ләззат анасына ұзақ өмір тілейді.
Көз қуанышына айналған немере­лерінің арасында ата-әжесінің жолын таңдаған Әйгерім Германияда кардиолог-дәрігер қызметінде. Ол алтын асықтай Аянәли, Ильяс есімді шөберелер сүйгізіп отыр. Мұнан басқа сүйікті әженің Ибраһим, Имани атты шөберелері өсіп келеді.
Аяулы қарт бізбен әңгімесінде ардақты азаматының есімін, қайын-жұрты туралы жақсы сөз айтты. Бір-біріне қолдау көрсетіп, тату-тәтті өмір кешкен ерлі-зайыптылардың өмірі көп­­ке үлгі-өнеге. Кенжебек ағаның көзі тірісінде жинаған кітаптары қазір көз­дің қарашығындай сақтаулы. Жас кездерінде ерінің айтқан мына бір ауыз сөзі апайдың құлағында сайрап тұр екен. «Отбасылы болғанда жұбайым «шылым шекпесем шекпейін, айлығыма кітап аламын» деген сөзі рухани дүниемізді байытты. Біз оқымаған кітап қалмады. Мына тұрған кітаптарға қарап, өткен өмірімді еске аламын» деп көзіне жас алуы сағынышқа айналған жастық шаққа қимастық сезімін білдірсе керек.
Дәрігерлер отбасында сыйластық, ауызбірлік болды. Қызметте жүріп ағайын-туғанмен араласу, жақсылық жасау, қамқор болу ерлі-зайыптылардың есінен бір сәтке де шықпаған. Мәселен, тұңғыш қыздан кейін дүниеге келген ұлы Бағланды қайынғасының бір ауыз сөзін жерге тастамай, сол кісінің атына жазғызу ерлік дер едік. Бағлан Смағұлов әкесінің ағасының атына жазылып, оның есімін жаңғыртты. Бұл аманат секілді, ал аманатқа қиянат келтірмеу әулет үшін жазылмаған заңдылық. Кенже ұл Тасболат та қарашаңырақ иесі ретінде қарт анасының мейіріміне бөленіп отыр.
Жасы егде тартса да өмірді шын сүйіп, мәнді де мағыналы көрген қарттың алданышы ұрпақтары. Ардақ­ты азаматы осыдан 5 жыл бұрын өмір­ден өтсе де, соңғы демі шыққанша қызметіне адал болды. Қатарда жүріп қоғамдық жұмыстың ортасында жүрді. Қарашаңырақтың түтіні түзу ұшып, берекелі әулеттің көсегесін көгерткен аяулы жар өмірде алған марапатынан да артық көретіні – ыстық ұя мекені – отбасы мен сүйген жары. Лайым да аман болыңыз, шырайлы жан!

Бибісара ЖАНӘЛІ
02 қазан 2021 ж. 368 0