Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігерлі жастар кәсіпке ден қойған

Жігерлі жастар кәсіпке ден қойған

Айдарлы ауылының атын айтқанда аймақ жұртшылығы ауыл жастарының ұйымшылдығын бірден айтады. Иә, елді мекен жастары кез келген істі ауыз­бірлікпен атқарып, бір іске жұмыла кететіндігімен танылған. Жоғарыда атап өткендей, ауылға кіреберіс арка орнатуда жігерлі жастардың еңбегі зор. Одан кейін ауылда қайырымдылық жасау, ауыл тұрғының үйін жөндеп беру, ауыл мешітінің жанына өре (навес) салу және басқа да жұмыстарда ауыл жастарының қолтаңбасы бар.

Ауыл әкімдігінде жастар саясатымен айналысатын маман Өмірзақ Есболатовтың айтуынша, қазір ауыл жастары кәсіпкерлікке ден қоюда. Мәселен, айдарлылық жас Азамат Мейрамбек «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіп­ бастау бағытында бір айлық курстан өткен. Кәсіби мамандардан кәсіп бастаудың қыр-сырына қанығып, бизнес жоба дайындаған. Сол арқылы 583400 теңге қайтарымсыз несие алып, мал шаруашылығымен айналысуда. Атап айтқанда, аталған қаржыға сауынды бие сатып алған. Кейіннен оны сатып, қазіргі таңда қорасында 5 жабағыны асырап отыр. Алдағы уақытта оларды бағып, мал басын көбейту бағытында жұмыстарды атқаратынын айтады жас кәсіпкер.

Айдарлылық жастардың «ауылда жұмыс жоқ» деп жатпағанының куәсі болдық. Олар кәсіпке ден қойғанымен қатар, бос жатпай, ұйымшылдықпен бау-бақша дақылдарын егіп, несібесін жерден табуда. Ауылдың айналасы егістік жерлер екені белгілі. Жері құнарлы болған соң, егілген бақша дақылдары күзде өнім­ді төгіп береді. Осыны білетін жас­тар ерте көктемде ақылшы ағалармен бірге жүріп 25-30 гектар жерді ашады. Ол жерге 20 шақты адам бірігіп, олардың көбісі жастар, бақша дақылдарын егеді. Сонда әр адамға 1 гектардан жер тисе, оның өзі бір отбасыны асырауға жетеді. Сондай жастардың қатарында Тельжан Сағымбай, Рамазан Сағымбай, Аман Құрмахановтар бар. Олар осы күні ала жаздайғы еңбегінің нәтижесін көруде. Қауын-қарбыз, картоп, сәбіз, қызанақ және басқа да бақша дақылдарын жинап, ауыл, қала халқына қолжетімді бағада сатуда. Кешегі бас қала Нұр-Сұлтанда өткен Қызылорда облысының жәрмеңкесіне осы Айдарлының қауын-қарбызы да жеткізілген. Мұның өзі ауыл жастарына үлкен пайда екені анық.

– «Еңбек етсең ерінбей, тоя­ды қарның тіленбей» деп бекер айтыл­маған. Жұмыс жоқ деп жата берсең, саған біреу тамақ әкеліп бермейді. Ал кәсіптің, жұ­мыстың көзін тапқан адам, оның нәтижесін көретіні белгілі. Сондықтан біз ерте көктемнен осы еңбекке кірісіп, бақша дақылдарын егеміз. Жылдағыдай биылғы нәтиже де жаман емес. Баптай білгенге жер жомарт, – дейді жігерлі жас Т.Сағымбай.

Айдарлылықтар бақша дақылда­рына қажетті суды «Ботабай» кана­лынан алады. Биыл бұл каналды су­­лан­дыру мақсатында қазу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде каналдың 4 шақырымы қазылып, ауыл­ға аяқ судың келуіне мол мүмкін­діктер жасалуда.

Тағы бір айта кететіні, елді мекенде қаз өсіру кәсібі жүйелі жолға қойылған. Мұны «Жан Арай» ЖШС жүзеге асыруда. Ауылға жақын маңдағы «Сорқұдық» жерінде 1000-ға жуық қаз өсірілуде. Олардың бап-күтімімен 4 адам айналысуда. Бұл іске жауапты Жирен Махсуддин «Линда» тұқымдас қаздың суыққа шыдамды екенін айтады. Олардың бап-күтімі жақсы болса 7-8 келі ет беретінін жеткізді. Биылғы жылы аталған жерге балапан шығаратын аппараттар алынған. Мұнда 500 қаздың жұмыртқасын салатын 4 және 250 жұмыртқа сыйымдылығы бар 2 аппарат бар.

Кәсіпкерлік дамыса, ауылдың әле­уеті артатыны анық. Сондықтан Айдарлы халқы қалаға жақын орналасқанын жақсы біледі. Соған орай кә­сіптің түр-түрімен айна­лысуда. Оның ауылдың өр­кендеуіне тигізер пайдасы зор.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
21 қыркүйек 2021 ж. 154 0