Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл санақ бұрынғыдан өзгерек

Бұл санақ бұрынғыдан өзгерек

Еліміз бойынша ұлттық халық санағы басталғалы белгілі. Алдымен онлайн санақтан өтуге кіріскен тұрғындар биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап арнайы сайтқа кіріп, санақтан өтуге кірісті. Бұл санақтың бұрынғыдан өзгерек болуы осы онлайн өтуімен байланысты.

Əлем елдері тəжірибеден өткізген мұндай санақ түрін еліміз басынан бірінші рет өткізуде. Экономикалық тұрғыдан тиімді, қаражатты көп қажет етпейтін санақты өткізу кезінде алдағы уақытта халықтың саны мен өмір сүру сапасы нақтыланатын болады

Қазіргі уақытта аудан халқы, əсересе, бюджеттік мекемеде қызмет ететіндер онлайн санаққа қызу кірісті. Ұялы телефонның немесе компьютердің көмегімен арнайы sanaq.gov.kz сайтына кіріп, тиісті сұрақтар бойынша жауап беріп, өзіңізді жəне отбасыңызды санақтан өткізе аласыз. Тиісінше, қандай да бір көмек немесе білместіктен сұрақтар туындаса аудандық статистика бөлімінде 3 нұсқаушы түсіндіру, үйрету жұмыстарын жүргізуде. Бөлімде іске қосылған 2 компьютер мен 8 (724-36) 21-1-90 немесе 8 (724-36) 21-3-58 жұмыс телефондары арқылы нұсқаушылар кез келген уақытта санақтан өтуге байланысты сұрақтарға жауап береді.
Айта кету керек, ұлттық санақтың өтуіне байланысты І кезеңде түгендеу жұмыстары жүргізіліп, ауданда 38769 адам тіркелгені анықталған. ІІ кезең басталғалы онлайн санақтан 11500 адам өткен. Онлайн санақ 15 қазанға дейін жалғасады. Содан кейін 1 қазан мен 30 қазан аралығында 7 нұсқаушыбақылаушы мен 47 санақшы қызметке кірісіп, үйжайларды аралап, түгендеу жұмыстарын жүргізетін болады. Санақшылар тұрғындардың санақтан өткендерін анықтап, өтпегендерді арнайы планшет арқылы өздері түгендеп өткізеді. Əрбір отбасы мүшесінен санақ парақшасындағы сұрақтар бойынша жауап алынады.

Аудандық статистика бөлімінің басшысы С.Төлегеновтың берген мəліметі бойынша биылғы санаққа пандемияға, вакцинаға қатысты сұрақтар қосылғанын айтты.

– Бөлімге басшылық еткен жылдар ішінде биыл екінші мəрте халық санағын өткізуге атсалысудамын. 2009 жылы өткен санақ қорытындысында ауданда халық саны 38085 болып нақтыланды. Биылғы санақ халық саны қаншалықты өскенін немесе азайғанын көрсететін болады. Жалпы, халық санағы кезінде көші-қон, тіршілік қабілеті, пандемияның табысқа əсері, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық, халықты вакциналау туралы жаңа сұрақтар бойынша жауап беріледі. Ал жұмыспен қамту, тіл меңгеру, мекен-жайы, бала тууу туралы сұрақтар аясы кеңейтілген, – дейді бөлім басшысы Сейілхан Қалмағанбетұлы.

Осы күні статистика бөлімінде санақшыларды жұмысқа қабылдау жəне оларды оқыту жұмыстары жүргізілуде. Олардың санақты сапалы өткізуіне байланысты компьютерлік сауаттылықтары тексеріліп, арнайы комиссияның шешімімен санақшылар уақытша қызметке қабылдануда.

Дəстүрлі үздіксіз санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізілетін болады.

– Аудан халқының барлығы санақтан 100 пайыз өтеді деген сенімдеміз. Ол үшін санақшылар қызмет көрсететін болады. Əрбір санақ парағындағы сұрақтарға нақты жауап берілген жағдайда халықтың əлеуметтік жағдайы анықталып, келешекте мемлекеттік бағдарламалар сəйкесінше əзірленетін болады. Елімізде 10 жылда бір рет өтетін Ұлттық халық санағынан ешкімнің қалыс қалмауы тиіс. Науқанға бір кісідей атсалысып, халқымыздың болашағын бірге қалағанымыз жөн, – дейді бөлім басшысы сөзінің қорытындысында.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
14 қыркүйек 2021 ж. 214 0