Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2014 жылы: "Ғасыр көпірі" ел игілігіне берілді

2014 жылы: "Ғасыр көпірі" ел игілігіне берілді

Жаңа 2014 жыл аудан үшін қарқынды дамудың үлгісі болды. ауданда Кәсіпкерлікті қолдаудың жүйесі қалыптасты. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» мем­лекеттік бағдарламалары іске асты.
2014 жылдың 1-жартыжылдығында ауданда 1416 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның басым бөлігі заңды тұлғалар болса, бірқатары шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер еді. Азаматтарды кәсіби даярлау, кәсіпкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында 105 адам оқытылды.
2014 жылы ауданда құрылыс ерекше қарқынмен жүргізілді. Сырдария агротехникалық колледжінің 5 қабатты жатақханасы қайта жаңғыртудан өтті. Жатақхана ғимараты 30 пәтерлі үйге және 68 орындық жатақханаға лайықтандырылып, пайда­лануға берілді.
Аталған жыл аудан халқы үшін тарихи жыл болды. Себебі, 2014 жылдың 20 қыркүйегінде «Ғасыр көпірі» атанған Тереңөзек кентінің тұсынан Сырдария өзеніне салынған көпір пайдалануға берілді. Бұл көпір сырдариялықтардың көптен күткен, көктен тілеген арманы болатын. Жиырма жыл бойы шешімін таппаған мәселе қаржының жоқтығынан тоқтап қалған еді. 1994 жылы құрылысы басталған көпір мәселесін 2011 жылдан бастап сол кездегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жақып Асанов Үкімет басшысына бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, көпір құрылысы жобасын 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетке ендіруге күш салды. Депутаттың табанды істерінің нәтижесінде құрылыс республикалық бюджет жоспарына енді. Елбасының тікелей қолдауының арқасында төккен тер, еткен еңбек зая кетпеді. Сауапты іс нақты нәтижеге айналып, бүгінде ел оның рахатын көруде.
2014 жылы ауданда атқарылған игілікті істер қазан айында «Алтын күз – 2014» облыстық спартакиадасына ұласты. Спартакиада ауданда өтті. Осымен 28-рет ұйымдастырылған спартакиадаға 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Олар спорттың 15 түрінен сынға түсті.
Айтулы жылдың толағай табыстары аудан еңбеккерлерінің күріш жинау науқанында қол жеткізген жетістіктеріне ұласты. Осы жылы облыс диқандары күріштің әр гектарынан 51 центнерден өнім алып, қамбаға 359 мың тонна Сыр маржанын құйды. Бұл Тәуелсіздік кезеңіндегі рекордты көрсеткіш болатын. Аудан диқандары егілген 20007 гектар күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім жинады.
Еселі еңбектің нәтижесінде Сырдария ауданы 2014 жылы өткен жылғы табысын қайталап, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қол жеткізген жетістіктері үшін екінші жыл қатарынан «Үздік аудан» атанды.
Мал шаруашылығы саласында облыс бо­йынша үздіктер қатарына енген «Аудандық ветеринарлық станция» кәсіпорны «2014 жыл­ғы сала көшбасшысы» сертификатымен марапатталды. Кәсіпорын директоры Мақсұт Сүлей­менов кеудесіне «Даңқ жұлдызы» орденін тақса, Шаған ауылдық ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Өтепберген Төлегенов «Ерен еңбегі мен жетістіктері үшін» медалімен, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов ауылдық ветеринарлық пункт меңге­ру­шілері Сәрсенбай Қоспақов пен Өтетілеу Маханов «2014 жылғы жыл маманы» аталымы бойынша ұлттық сертификаттың иегері атанды.
Осы ретте аудан халқын толағай табысқа жетелеп, елдік пен бірлікке жұмылдырған басты ұйыстырушы күш – ол азаматтардың жергілікті билікке деген зор сенімі. Ал сенім басқару ісіне тың жаңалықтар енгізуге әкелді. Бұл сөзімізге дәлел сол жылдары ауданды басқарған Ғ.Қазантаевтың бастамасымен өмірге келген Қоғамдық кеңестер қызметі. Аудан әкімі бас­тап қолданған тың тәжірибені рес­публикамыздың өзге өңірлерінен ке­ліп үйре­немін деушілерде есеп болмады. Қоғамдық кеңестің ти­ім­ділігі жөнінде елдің бас га­зеті «Егемен Қазақстан» га­зетінде аудан әкімінің «Қо­­ғамға қа­жет құрылым» та­қы­­­рыбында сұхбаты жарияланды. Бұл елдің ертеңге де­ген се­ні­мін арт­тырған, өзін-өзі басқару дәстүрін жандандырған жә­не түр­лі бағыттағы сыбайлас жемқор­лықтың жо­лын кескен нағыз жа­ңа­лық болды.
Ауданның бі­лім саласы бойынша мектеп бітірген 411 оқушының 297-і ҰБТ-ға қатысып, 4 «Алтын белгі» иегері өз білімін дәлелдеп шықты. Осы жылы 1,2-сынып оқушылары түгелдей ыстық тамақпен қамтылды. 16 балабақша мен 25 шағын орталықта 2494 бала тәрбиеленіп, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 90 пайызға орындалды.
2014 жылы ауданның абыройын асырған жаңалықтардың қатарында сырдариялық Тоқая­қовтар отбасының «Мерейлі отбасы» республикалық ұлттық байқауының облыстық кезеңінен өтіп, республикаға жолдама алғанын атап өту қажет. 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, ұрпақтарының бойына ұлттық өнерді сіңіре білген Әбдірайым және Ғалия Тоқаяқовтар аудан мерейін асырды. Бар ғұмырын мәдениет саласын дамытуға арнаған ерлі-зайыпты «Мерейлі отбасы» атанды.
2014 жылдың 15 қыркүйек күні аудан орта­лығындағы Мәдениет үйінде Қазақ КСР-нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанованың туғанына 100 жыл толуына орай «Сахна саңлағы – Сәбира» атты Сәбира Майқанова сомдаған рөлдерді орындаушылардың аймақтық байқауы өтті. Тума талант, ұлтымыздың сахна өнерін биіктетуге өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған С.Майқановадай театр саңлағының рухын құрметтеу шарасы барша жұртқа Сыр топырағының киелілігін танытатын тағы бір та­нымдық құбылыс ретінде ұсынылды және сондай деңгейде қабылданды.
Ауданның денсаулық саласы да керемет жаңа­лыққа қол жеткізді. Халық денсаулығын жақсарту мен қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 2014 жылы Тереңөзек кентінде заман талабына сай жабдықталған бір ауысымда 250 адам қабылдау мүмкіндігі бар жаңа емхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар Айдарлы, Бесарық, Іңкәрдария елді мекендерінде де жаңа ауылдық емханалар халық игілігіне ұсынылды.
Көшбасшылардың қатарында болған аудан­ның толағай табыстары дәл осы кезеңге сәйкес келді. Айтулы оқиғалар мен қол жеткен жетістіктермен болашаққа қарай қуатты серпіліс жасалды. Еңбексүйгіштік пен ізденімпаздық, озық технологияларды өндіріске батыл енгізудің нәтижесінде бірнеше жыл қатарынан «үздік аудан» атанған Сырдария осылайша тағы бір тарихи жылды табысты қорытындылады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
01 қыркүйек 2021 ж. 218 0