Жемқорлыққа жол бермеу керек
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Бірлескен отырысты аудандық партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов жүргізіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Алдымен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Мешітбаева хабарлама жасап, қоғам дерті болған сыбайластықты болдырмау бағытында бөлім тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды жеткізді.
– Әрбір өркениетті мемлекеттің алдына қойған басты мақсаты – өз халқының денсаулығын жақсартуды қамтамсыз ету. Саламатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу бүгінгі күні ауданда бұқаралық сипатқа ие болып келе жатыр. Осы ретте, бөлім тарапынан сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Бекітілген жоспар бойынша аудан спортшыларына арнайы мамандардың қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі және жадынамалар таратылады, – деген А.Мешітбаева спортшылардың есепті кезеңдегі жетістіктеріне тоқталып өтті.
Жалпы, аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 31 пайызды құрайды. Ал биылғы жылдың 8 айында сырдариялық спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетуде. Атап айтқанда, ҚР чемпионатынан 63 медаль, Азия чемпионатынан 8 медаль және Әлем чемпионатынан 5 медаль еншілеген.
Бөлім басшысының міндетін атқарушы ауданның спорт саласында мәселелер жоқ еместігін, оларға тиісті шаралар қолданылып жатқанын айтты. Тиісінше, кеңес мүшелері спорт саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі спорттық нысандардың, алаңдардың жағдайын бағамдап, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасалу керектігін тілге тиек етті. Және де сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында бөлім жұмыстарында ашықтықты қамтамасыз етуді атады.
Мұнан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бойынша жол карта индикаторларының орындалуы қаралды. Аталған мәселе бойынша бөлімнің бас маманы Е.Утебаев ақпарат беріп, индикаторлардың орындалуы қалыпты екендігін жеткізді. Ол аудандық партия филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында құрылған жол картаның орындалуы жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл тұрғыда, кеңес мүшелері аудандағы тарихи жерлерді қалпына келтірудегі археологиялық жұмыстарға бөлім тарапынан қолдау керектігі айтылды. Сондай-ақ қазіргідей технология дамыған кезеңде оның мүмкіндігін пайдалану керектігі ұсынылды. Яғни, өткен жылы жинақталған «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиодиск онтологияны құрастыруда ауданнан шыққан ақын-жазушылардың өз дауыстарымен орындалған шығармаларын Қазақ радиосының «Алтын қорынан» іздеуге тура келді. Сондықтан қазір ауданның мерейін асқақтып жүрген ақын-жазушылардың өз дауыстарын арнайы жаздырып алып, бөлімге сақтап қойса, ол кейінгі толқынға мұра болмақ. Сондықтан осыған ерекше мән берілу керектігі назарға салынды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жан-жақты талқылау болып, кеңес мүшелері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа бағытталған іс-шараларды филиал жанындағы қоғамдық кеңеспен бірлесе өткізу қажеттілігі ұсынылды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ