Кітапханадағы жаңа жоба
Аудандық орталық кітапханада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» орталығы ашылды. Оған аудандық аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов, «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық орталық кітапхананың директоры Г.Нұржакиева және еңбек ардагерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Жаңа орталықтың ашылуында қатысушыларға сала мамандары арнайы көрме жұмысын таныстырды. Негізінен сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу мақсатында «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» орталығының атқарар қызметі зор. Бүгінде жемқорлық фактілерін азайту үшін жүйелі жұмыс жасалып келеді. Кітапхана оқырмандары мен жерігілікті тұрғындарға сыбайластықпен орын алатын құқық бұзушылықты түсіндіру – негізгі мақсат. Сонымен бірге көпшілік арасында парасаттылық пен мәдениеттілікті, ізгілік пен ынтымақтастықты насихаттау маңызды.
Жиында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі міндеттерін атап өтті.
– Қоғам өмірінде тоқтаусыз тіршілік жүріп жатыр. Шән мәнінде, парасаттылық көрінісін қалыптастыру үшін адамдар арасында мәдени орта жасауымыз міндет. Әр саланың өзіне тән атқаратын қызметіне қарай негізгі салалық жүйелерге бағынамыз. Мәселен, түрлі салада сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін қоғам азаматтарына дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Адамды мәдени-ағартушылық тұрғыдан тәрбиелеуде кітапхананың рөлі зор. Адалдық пен парасаттылықтан тұратын жемқорлықпен күрес жүйесі руханият ордасында жүзеге асуы құптарлық жағдай. Парасаттылық элементтері арқылы адами құндылықтар өмірімізге енетіні мәлім, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов, «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, еңбек ардагері М.Елеусінов орталық жұмысына сәттілік тілеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ