Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақпалбаевтар әулеті – «Өнегелі отбасы»

Мақпалбаевтар әулеті – «Өнегелі отбасы»

Берекелі отбасы – мықты мем­лекеттің іргетасы. Елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауыз­бір­шілігімен көпшілікке үлгі бол­­ған жанұяларды дәріптеу мақ­сатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» сайысы өтеді.

Сайыс Елбасының тапсырмасымен 2014 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алдымен ауылдардан ұсынылған мерейі артқан жанұялар аудан бойынша іріктеу кезеңінен өтіп, облысқа жолдама алады. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған байқауға қатысуға өтініш берген отбасылар саны ауданда жыл өткен сайын артып келеді. Аталған мерзімде барлығы 1500 отбасынан мерейлі отбасылар іріктеліп алынса, биылғы байқауда Қызылорда облысынан 182 жанұя бақ сынаған. Облыстық кезеңге сүрінбей өтіп, үздік атанған 8 отбасыны облыс әкімі арнайы қабылдап, марапаттады.

– Халқымыз үшін отбасы ұғымы қашан да қасиетті де қастерлі екені белгілі. «Отан – отбасынан басталады» деген қағидат ешқашан өз мәнін жойған емес. Расында, кез келген мемлекеттің негізгі әлеуеті оның халқы және адами капиталы. Биыл еліміз үшін ұлы құндылық – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған ерекше қамқорлық пен жүйелі қолдаулар әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін күн өт­кен сайын нығайта түсуде. Бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін, – деді мерейлі отбасыларға құрмет көрсеткен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Биыл аудан әкімдігінің, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бай-қаудың ау­дандық кезеңінде кент және ауылдық округтерден 18 отбасы қатысқан болатын. Аудандық байқаудан жүлделі орын алған Қожақовтар мен Мақпалбаевтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алған еді.

Ал облыста бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп, жүз­ден жүйрік атанған сегіз жанұяның ішінде ауданымызға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылынан Мақпалбаевтар отбасы бар. Берекесі мен татулығы жарасқан жанұя ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде «Өнегелі отбасы» номинациясын жеңіп алды.

Сәкен Сейфуллин елді мекенінен қатысқан Мақпал­баевтар отбасының отағасы Сайлау Бақышұлы 1950 жылы Тереңөзек кентінің «Бостандық» колхозында дүниеге келген. 1972 жылдан бастап еңбекке араласқан ол қырық жыл Сәкен Сейфуллин ауылында ауыл шаруашылығының барлық саласында жұмыс істеген. 1978 жылдан көмекші есепші болып қызмет еткен ол ұзақ жыл бойына «С.Сейфуллин-Жер» ЖШС-де бас экономист қызметін атқарып, ауыл шарушылығы саласының өркендеуіне өз үлесін қосқан. Өз кезегінде еңбегі ескеріліп, ауданның 90 жылдығы төсбелгісімен, аудан, ауыл әкімдерінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталған. Қазір ауыл­дық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы ретінде ауыл­дың қоғамдық өміріне етене араласып келеді.

Отанасы Айткүл Әнешқызы – 41 жыл бала бағбаны болған ардагер-ұстаз. Оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім бере алған ұстаз Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» медалімен, рес­публикалық, облыстық, аудандық білім беру салаларында Алғыс хаттарымен марапатталған. Айткүл апа қазір ауыл мектебі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы.

Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы жандар 1973 жылы отау құрған. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен мемлекеттік маңызды салаға арнаған Сайлау аға мен Айткүл апа 5 ұл-қыз тәрбиелеп, одан 20 немере сүйіп, ырысы мен ынтымағы жарасқан үлкен жанұяға айналған.

– «Мерейлі отбасы» байқауы туралы ауыл әкімі мен клуб меңгерушісі ақпараттандырды. Отбасымызбен ақылдаса келе, байқауға қатысамыз деп шештік. Балам Ербол барлық қажетті ақпараттарды дайындап, онлайн түрде ұйымдастырылған конкурсқа қатыстық. Нәтижесінде, облыстық деңгейде топ жарып, арнайы Ал­ғыс пен номинация иелендік. Қуанышымызда шек болмады. Отбасының бірлігі мен ынтымағын нығайта түсетін байқау ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Осындай байқаулар жиі өткізілсе, отбасылар бірлесе жұмыс жасай отырып, ауызбішілік пен бірлікті, жанұяның қадірі мен қасиетін ұғына түсер еді деп ойлаймын, – дейді ардақты ана.

Қара шаңырақтың иесі Ербол Сайлауұлы – ана жолын жалғастырған білікті ұстаз. Мектеп бітіргеннен кейін Тараз қаласында жоғарғы білім алған ол оқу бітіргеннен кейін ат басын туған жерге бұрған. 2011 жылдан бастап өзі білім алған №137 мектепте физика пәні мұғалімі болып жұмыс жасап келеді. Оқушылары аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, ұстаз мерейін арттырып жүр. Осы ретте, Ерболдың еңбегі де елеусіз қалған емес. Ол аудан, облыс көлемінен бөлек, республикалық деңгейдегі марпаттарға ұсынылып, «Алғыс хат», «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Бүгінде отбасын құрып, зайы­бы Маржан Мығымбаева екеуі екі бүлдіршінді өсіріп отыр.

– Отбасы – шағын мемлекет. Онда жанұяның берекелі бірлігі мен тірлігі, әр баланың болашақтағы қадамы қалыптасады. Сондықтан да отбасы қоғамның іргетасы, тәрбиенің ошағы саналады. Үлгі тұтып, бет түзер ата-анамыздың тәрбиесі, көрсеткен өнегесінің арқасында бүгін үлкен белестерді бағындырып отырмыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақылды халық даналығы қалай дөп басып айтқан?! Біздер қандай да жетістікке жетсек, мақтау естісек, барлығының артында асқар тау әкеміз бен аяулы анамыз тұрады, – дейді Ербол Сайлауұлы.

Бүгінде облыс халқының жалпы саны 821 932 болса, оның ішінде 141 мыңнан аса отбасы бар. Ерекше мақтанышпен айтуға тұрарлық көрсеткіш – 47 мыңнан астам көпбалалы ананың 2109-ы – батыр аналар. Аймақта 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері бар.
Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының мығым әрі кемелдігінің кепілі. Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, зор маңыз беріп, мәнін қорғаған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің маңызын айқындаған. «Отан отбасынан басталады» дейді. Ендеше Отанның бір бөлшегі отбасы – баға жетпес құндылық.

Сырдария аудандық
ішкі саясат бөлімі
17 тамыз 2021 ж. 722 0