Тәспісі қолдан түспейді

Бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Динара Сәкенқызы тәспі жасау технологиясын ғаламтордан қарап үйренген. Жасалу жолы оңай әрі тез. Алланың 99 атымен байланыстыратын үлкен тәспілер мұсылмандар арасында кең тараған. Тәспіні моншақ тастар мен жемістің сүйегінен жасайды екен. Бірнеше жыл бұрын қызығушылығы артқан Динара Жакешованың қолдан жасалған еңбегіне сұраныс жоғары. Облыс орталығынан тапсырыс беретін шеберге көпшілік ыстық ықыласын білдіреді.
– Тәспі тарту – адамның иманын арттырып, рухын нұрландырады. Намаз оқып болғаннан кейін «СубханаллаҺ» АллаҺ Тағала бәрінен де жоғары, «Әлхамду лиллиҺ» (Бар мадақ АллаҺ Тағалаға), «АллаҺу акбар» (АллаҺ ұлы) сөздерін 33 реттен айтып шығады. Осылайша, Алланы еске алып, мадақ айту арқылы әрбір мұсылман баласы жүректерін тазартып, иманын нығайта түседі. Тәспі жасауға қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Ғаламат бұйымды істеу барысында шынайы ықыласым мен ниетімді арнаймын. Жан дүнием осындай бұйым жасау кезінде тынышталатын секілді көрінеді. Қай кезде де сауапті іске себеп болып, адамдар алғысын алу парызым, – дейді шебер.
Аудан көлемінде ерекше дауысымен танылған жас әнші Динара Сәкенқызы кәсіби мамандығынан босаған мезетте сүйікті хоббиіне көңіл бөледі. Әлеуметтік желі арқылы туындыларын жарнамалап, нарықтағы бағада сатылымға шығарады. Жүрек қалауын ерекше табыс көзіне айналдырған қолөнер шеберіне шығармашылық табыс тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ