Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық аулап, гүл өсірудің шебері

Балық аулап, гүл өсірудің шебері

Адам күнделікті сүйікті ісіне көңіл бөліп, жан қалауына ерік береді. Шығармашылық еркіндікті қалайтын жекелеген тұлғалардың бойында ғаламат дүниелер жасырынып жатады. Олар кәсібі мен хоббиін байланыстыра отырып, орасан табыс табуды көздейді. Тұла бойында талант тұнған немесе әрбір қағиданы дағдыға айналдырған жандар арамызда баршылық. Бар ғұмырын әдемілікке, құштарлыққа, жасампаздыққа арнайтын ерекше жандар туралы «Сенбілік бет» айдары бойынша қалам тербемекпіз.

Кез келген уақытта адамның физио­логиялық және психологиялық жағда­йы­на жағымды әсер ететін гүл өсіру әсемдіктің символы саналады. Біздің кейіпкеріміз жан қалауымен бақша гүлдерін баптауға барын салады. Қырық жылдан астам уақытын гүл өсіруге арнаған Тереңөзек кентінің тұрғыны Әбілқасым Сүлейменовтің есімі көпшілікке жақсы таныс.

Дала гүлдерін егуде Әбілқасым аға жердің құнарлығына аса мән береді. Бақшалық жерде гүлді өсіру үшін тыңайтқыштардың маңызы зор. Көктем мезгілінде бірнеше гүлдің тұқымын сеуіп, уақытылы суғарылады. Негізінен, ерекше күтімді қажет ететін гүлдерді егуді қыс мезгілінен бастаған абзал. Гүлдің қашан, қалай егілетініне мән беру қажет. Олар 1 немесе 2 жылдық, көп жылдық болып бөлінеді. Мәселен, Әбілқасым Сүлейменов 28 жыл бойы раушан гүлін тұрақты түрде отырғызып келеді. Жұпар иісі аңқыған гүлдің ерекшелігі – адамға жылулық сыйлайды. Раушан гүлінің тамырын күз мезгілінде кесіп алып, тәжірибелі маман жерге көміп қояды.

– Гүл өсіруде көпшілік қарапайым ере­желерді ескере бермейді. Бағбандар бақша гүлдерін баптауда қателікке жол бермеуі тиіс. Басты қателік – сапасыз, бүлінген тұқымдарды қолдану болып табылады. Жылдар бойы қызығушылығым артып, гүл егіп келемін. Біздің ауа-райына төзімді гүлдер сирек кездеседі. Аптап ыстықтан қорғау үшін түрлі амалдар жасаймыз. Раушан гүлдерімен қатар, түрлі өсімдіктерді егуде арнайы дәрі-дәрмек пен тыңайтқыштарды қолданамыз. Биыл бақшаға «Цин» деп алатын гүлді отырғыздым. 1 айдың ішінде жайқалып шыға келді. Уақытылы суын беріп, арам шөптерден арылту керек. Жан демалысын ерекше сезіну үшін өсімдікпен сырласқан абзал. Олардың бабына мән беріп, жеткілікті деңгейде қоректендіру керек. Қызығушылығым әлі күнге басылған емес, – дейді Әбілқасым Сүлейменов.

Қызықты әрі күрделі бағбандық қасиетті бойына сінірген Әбілқасым аға балық аулау­ды да жақсы меңгерген. Өсімдіктердің бітік шығуына жағдай жасай жүріп, балықтың азығын дайындайды. Яғни, құрттарды бақшалық жерде өсіреді. Бір жағынан жерге пайдалы, бір жағынан қармақ құруда балыққа таптырмас жемтік. Аптап ыстық пен қытымыр қыста балық аулайтын ардақты жан өз кәсібіне берілген. Талай жыл ұстаздық қызмет еткен бала бағбаны хоббиін еш уақытта тастамайды. Қыс мезгілінде биіктігі 1 метр болатын мұзды ойып, балық аулаған Әбілқасым Сүлейменовтің ауласында жүзім мен шабдалы жемісі өнім берген.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
07 тамыз 2021 ж. 269 0