Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көп айтысып кеткен жоқпыз ба?

Көп айтысып кеткен жоқпыз ба?

Данышпан Абай 41-қара сөзінде: «... Қа­заққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек: бірінші – билік, екінші – байлық», – деген екен. Мен ұлы бабам айтқан оның екеуінен де мақұрыммын. Дегенмен ұлғайған жасымды, өткен-кеткен өмірімді саралап, шамалы болса да қазақтың «түзелуіне» пайдасы тиер деген оймен қолыма қалам алдым. Біреу келісер, иә келіспес, қолдар, не қолдамас, онда шаруам жоқ. Егер осы айтқандарым ел құлағына шалынып жатса ойларымның бекерге кетпегені деп қабылдаймын.

Сонымен қазіргі айтыс өнері жайлы ой өрбітейін. Соңғы шыққан Қазақ сөздігінде (Алматы, 2013 ж.) айтыс ұғымына: «Суы­рыпсалма ақындардың шаршы топ алдындағы өлең түріндегі сөз сайысы, жыр жарысы, ертеден осы кезге дейін келе жатқан поэзиялық жанр» деген анықтама беріліпті (44-бет). Ал айтыс ақыны, айтыскер – суырып салма адамдар екен. Қош дейік. Қазақ өнері тарихында айтыс өнерінің тереңде жатқаны рас. Ол жағына бара бермей мәселені осы жанрларды зерттеп жүрген әдебиетші ғалымдарға қалдырып, қазіргі айтыс жағдайына келейін.

1915 жылы дүниеден озарында әулие бабамыз Бекасыл Бекболатұлы айтқан «Еркек үйшіл, әйел базаршыл болатын» нарық заманы келді. Демек айтыс өнері де заманына қарай бейімделуі заңды құбылыс. Нарықта бәрі сатылады, айырбас­талады, сатып алынады. Әркімге туа бітті берілетін ерекше қасиеттер ше­шендік, ақындық, суретшілік, әртістік, т.б. сатып алынбайды, өйткені ол – Алланың сыйы.

Ерекше қасиет иелері де пенделер, олардың да материалдық, рухани, қоғами, отбасылық қажеттіліктері бар. Сондықтан айтысқа қатысқан жеңімпаздарға жасалынатын сый-сияпатқа да қарсы емеспін (ақшалай, заттар, т.б.). Бірақ оларға айтарым – ынсапты бірінші кезекке қойса деген тілек. «Ынсап» ұғымы арабтың «қанағат», «тойымдылық» деген мағынасын білдіреді. Әрине, ынсапсыздық, қанағатсыздық, то­йым­сыздық белең алып тұрған қоғамда «не айтып тұрсыз?» дегендерге жауабым:

– Сіздердің ерекше қасиеттеріңізді жоғарыда айтқандай жаратушымыз Алла берген. Ал билігін, қызметін, лауазымын пайдаланып ынсапсыздыққа бой ұрғандар уақытша, бояма белсенділер. Алланың асықпайтынын еске алсақ, олардың ар алдында жауап беретіні де шындық. Ал ерекше өнер иелері олардан рухани биік тұратындықтан ынсаптық өлшемін ел Сіздерден күтеді.

Екіншіден, әрбір өткізілген айтыстың артында ел-халық айта жүретіндей ізгілік ойлар, әрекеттер, пікірлер, ескертпелер қалуы керек. Ал, біздерде ақпарат құралдары кімнің қандай орын алғанын, оған берілген сый-сияпаттарды елге жеткізумен шектеледі. Өйткені, айтыс қорытындысы солай болғандықтан журналисттер басқа не айтсын?! Айтыс­ты ұйымдастыруға кеткен, сыйлыққа берілетін мол қаржыларды көпбалалы аналарға, жетімдер үйіне, зағип жандарға, ауыр науқасқа ұшырағандарға неге бермеске?.. Ал ең жоғарғы сияпатқа ілінген айтыскер інілеріміз осы игі шараға неге қосылмасқа? Осы ретте мына бір дәлелді келтіре кетсем, мүмкін айтыс ұйымдастырушыларға да ой салар... Аружан Саин ұйымдастырған қоғамдық қайы­рымдылық қоры «Дом» (ОФ «Дом») 2006 жылы тіркеліп, 15 жыл ішінде ауыр науқас, жетім балаларға 8 миллиард теңгеден асатын көмек беріпті. Өткен жылдан бастап аталмыш қор короновирусқа шал­дыққандарға көмек қолын созуда. Ал айтыстың тарихы тереңде жатқанын есептесек (қазақ қазақ болғалы айтысып келеді. Ұлы Абай 26-қара сөзінде: «... қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деп бекер айтпаған). Жоғарыда айтылған бағытта ауыз толтырып айтатын не бар? Бұл ретте бірнеше ондаған машина ұтқан айтыскер қарындасымыз Айнұр Тұрсынбаеваның игі істері еріксіз ойға оралады. Неге оған еліктемеске? Неге қазақтың жоғын жоқтайтын, келешек жастарымызға үлгі болатын, өнердің шабытын қамшылайтын әртүрлі іс-шаралар, ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қор құрмасқа?!

Айтыстың «серкелері» бұл өнерге енді ат басын бұрған інілеріне неге үлгі болмасқа? Газеттерден оқығанымдай М.Көке­нов ағамыздың жүлдесі үшін болған Тәуелсіздіктің 30 жылдығына өткізілген айтыстар көптеген жаңа айтыскерлерді әкелді ғой. Соларға аға айтыскерлер қам­­қорлықтарын көрсетсе, олардың ын­сапсыздығына ой салар еді.

Үшіншіден, айтыстың тақырыбын қо­ғамдық ғылым өкілдерімен, экономистермен, экологтармен, т.б. ғылым салаларының мамандарымен ақылдасып белгілеу керек. Сонда айтыс барысында майдаланып кетуге жол берілмейді. Бұл ретте журналист Жұматәлі Әбдірахман інімнің «Сын жеке адамның емес, қоғам­дық ойдың өзегі болуы тиіс» деген пі­кірімен толық қосыламын.

Төртіншіден, айтыс өнерін толығы­мен бизнеске, баюдың көзіне айналдыру, үздік айтыскерлердің қажетін қана­ғаттандырғанмен қазіргі қоғамдағы ше­­­­­­­ші­­­­мін таппай жатқан өзекті мәселелерге қандай ықпалын тигізуде? Ал, ондай мә­селелер жеткілікті ғой.

Сөзімнің соңында айтыс өнер ретінде керек-ақ. Бірақ, жиі айтыса беру оның сапасын төмендетіп бара жатқандай. Ал айтысқа жастардың қызыға бермейтіні де шындық. Бұнда «неге?» деген сұрақ алдымызға кес-кестей береді. Ойланайық, ағайын!...

Қазбай Құдайбергенұлы,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда Университетінің
профессоры.
03 тамыз 2021 ж. 252 0