Дерттің емі – екпеде
Коронавирус дерті туралы айтқанда елең етпейтін жан жоқ. Күнделікті мәлімет де жағдайдың мәз еместігін білдіреді. Вирус өршіген үстіне өршуде. Әсіресе мамандар үшін вирустың мутацияланған жаңа түрі «Дельта» штамның қауіптілігі аса қиындық туғызып отыр. Себебі осы вирустың жұғу деңгейі жоғары.
Соңғы уақытта балалар арасында коронавирус инфекциясының өршуі алаңдатады. Облыстық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы С.Пазиловтың мәліметінше осы жылдың шілде айында балалар арасында 145 дерек тіркелсе, оның 49-ы стационарлық бақылауға алынған.
– Балаларға вирус вакцина салдырмаған ата-анасынан жұғуда. Олар вакцина салдырмаумен қатар санитарлық талаптарды сақтамаған, көпшілік орындарға барған. Бүгінде ахуалға байланысты күшейтілген режимде жұмыс жасаудамыз, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы.
– Аудан бойынша да ахуал алаңдатарлық. Өткен жылы 185 сырдариялық вирус жұқтырса, биылғы жылы осы күнге дейін – 328 тіркелді. Осы жағдайдың 140 ауырып қаралғандар болса, 129 адам науқас адаммен қарым-қатынаста болғандар. Бүгінде 272 адам емделіп шықты. Инфекциялық стационарда 35 науқас бар. Оның 28 аудандық бөлімшеде ем-дом алуда. 5 науқас облыстық инфекциялық ауруханада. 2 Жалағаш ауданындағы ауруханада. Үй карантиніне 15 адам алынды. Өкінішке қарай, осы індеттен 6 кісі қайтыс болды. Жыл басынан 8384 сынама тест алынды. Оның 328 оң, 8002 теріс нәтиже берді. 52 сынама жұмыс үстінде, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Ж.Нұрсұлтанова.
Айта кету керек, соңғы мәлімет бойынша бір күнде ауданда 5 коронавирусқа шалдыққан науқас анықталса, оның барлығы да екпе алмағандар қатарынан. Осындай нақты мәліметтер адамдар арасында вакцинаға күмәнмен қарауды сейілтеді деген үміттеміз. Себебі қандай да бір дерттің ушығуын тоқтату үшін ғалымдар оған қарсы тұратын вакцина шығарған. Сондықтан әлемді әбігерге салған коронавируспен күресте екпеге күмәнмен емес сеніммен қараған жөн.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ