«ASHYQ» қосымшасының көмегі көп
Қазіргі таңда қоғамдық орында келушілерді тіркеу үшін «Ashyq» қосымшасы жұмыс жасауда. Арнайы белгіленген орындарға барған кезіңізде арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетуге міндеттелесіз. Негізгі код арқылы жекелеген тұлғаның мәртебесі анықталады. Бұл ретте келушілерге мәртебе ПТР-зерттеулерінің бірыңғай порталы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Сovid-19-ды бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру бойынша тағайындалатынын ескерген жөн.
Аудан бойынша «Ashyq» қосымшасына 16 кәсіпкерлік нысан қосылған. Коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында тиісті орган тарапынан жоспарлы міндеттер жүзеге асырылуда. ҚР мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, кәсіпкерлік нысандардың қызмет көрсету уақыты тежеліп немесе ұзартылып отырады. Сонымен бірге тұтынушыға қызмет көрсететін мамандардың санитарлық талаптарды сақтауы міндеттеледі. «Ashyq» қосымшасы еліміздің үлкен қалаларында қаңтар айынан бастап жұмыс істей бастады. Кәсіпкерлерге карантин уақытында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қосымшаны көпшілік ұялы телефонға жүктеп алуы керек. Аталған «Ashyq» мобильді қосымшасы «Арр Strore» және «Play Market»-тен жүктеледі. Өз кезегінде кәсіпкерлік нысанға келушілер телефон нөмірі арқылы тіркелгеннен кейін ЖСН-ін енгізуі қажет. Ал кәсіпкерлік нысанға келген адамның телефоны болмаған жағдайда мекеме қызметкері ЖСН арқылы келушінің мәртебесін тексереді.
Мамыр айынан бастап республиканың барлық өңірінде «Ashyq» қосымшасы қолданылады. Алғашқыда пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгізілген қосымшаның көмегімен ел азаматтары кәсіпкерлік нысандарымен қатар, театр, мәдениет ошақтары, компьютерлік клубтар, асханалар концерт залдары, Спа орталықтары секілді бірнеше қоғамдық орындарға кіре алады. QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі.
– Әлемді әбігерге салған пандемия өмірімізге мықтап енді. Шектеу шараларын мұқият орындап, санитарлық талаптарды бұзбауға тырысамыз. Қай кезде де бизнес өкілдері үшін алға қарай жылу маңызды рөл атқарады. Күнкөріс көзін кәсіпкерлік арқылы табатынымыз рас. Кейде мүлдем жұмыс тоқтап қалады. Санитарлық нормаларды сақтап, кәсібімізді дөңгелетуге жағдай жасаймыз. Алғашқылардың бірі болып, «Ashyq» мобильді қосымшасын орнатып, әр тұтынушының мәртебесіне сай ғимаратқа кіргізудемін, – дейді жеке кәсіпкер Гүлжан Әбдіғаппарова.
Айта кету керек, адамдардың мәртебесін 4 түс арқылы ажырата алады. Мәселен, «Қызыл» түс жанса, ПТР-тестін тапсырған кісіден оң нәтижесі шыққандығын айқындайды. Осындай мәртебесі бар азаматтар оқшалану режимін қатаң ұстанады. Ал «Сары» түс науқас адамдармен байланыста болғандығын көрсетеді. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат беріледі. «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыруға міндетті орындардан басқа барлық жерге баруға рұқсат. «Жасыл» түс жүріп тұруға толығымен мүмкіндік береді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ