Журналист жүрегіне жол тапқан
Тілшілік тіршілікте қаламгер құдіретті сөзге жан бітіріп, көзбен көргенін, түйсікпен сезгенін, оймен қорытқанын қағаз бетіне түсіреді. Шығармашыл жанның бойында сан түрлі болмыс айшықталатыны рас. Қалам иесінің табиғи болмысына тән қасиеттерін Құдай қосқан қосағы жақсы біледі. Осыған дейін баспа жұмысына берілген қаламгерге қолдау көрсеткен ардақты аналар арамызда жеткілікті. Мерекеге орай шығармашыл жандардың үйде бабын тапқан сүйген жарлары жайында қалам тербемекпіз.
Бүгінде ауданның бас ақыны саналатын Мұхтар Сақтапов биыл 85 жасқа толды. Қаламгерлік қызметті өмір бойы серік еткен тұлғаның өзіндік орны айшықты. Күндіз-түні баспа жұмысына ден қойған ол аудандық газеттің жарыққа шығуына зор үлес қосты. Қай кезде де абырой биігінен көрінген ақынға жары Несібелі қолдау көрсетіп келеді. Әлі күнге дейін арқалы ақын өлең жазар алдында жарымен ақылдасады. Бұрындары газетке шығатын әрбір мақаланың негізгі түп-төркінін қаламгер ойластырып, қабырғасымен кеңесетін болған. Осы жерде аз-кем өткенге шегініс жасаған дұрыс болар.
Өткен ғасырдың бел ортасында ерекше сатиралық жанрларды жазудың шебері атанған Мұхтар Сақтапов әскерден оралып, редакцияға жұмысқа келеді. Тәжірибесі толысқан кәнігі журналистермен тізе қосып, табанды еңбек етеді. Өзі қызмет ететін редакцияда қыз-келіншіктер жеткілікті. Топ қыздың ішінде әріп теруші Несібелі жұмысына жауапты, тындырымды қасиетімен көзге түсетін. Жорналшы қауымның негізгі мақсаты мақалада әріптік қате жібермеу екендігі бесенеден белгілі. Осындай қарбаласқа толы кезекті газет шығару барысында мақаладан әріптік қате кетеді. Сонда шұғыл жиналыс өтіп, кемшілікті аудан басшыларының қатысуымен талқылайды. Сонда әріп теруші қызды қорғаған журналист көпшілік алдына шығып, «Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ» деп қысқа қайырған екен. Осылайша, қыз бен жігіт ретінде сөздері жарасқан ерлі-зайыпты 61 жыл бойы ғұмыр кешіп келеді.
Шығармашыл адамның жары атану әрі қызық, әрі қиын екенін барлығы жақсы біледі.
– Бұрындары ақындар шоғыры ауылымызға келіп, арнайы шығармашылық кештерге қатысатын. Сонда барлық ақын-жазушылар үйімізге келіп, өлең-жырларымен сусындатып, арқа-жарқа отыратын. Күнделікті қазан асулы, дастархан жаюлы тұратын. Бұрқыратып өлеңдерін жазған кезде өмірлік серігім менімен ақылдасады. Арқалы ақындар «Біз Мұхаңды емес, Несебелінің шәйін аңсап келдік» деп ерекше құрмет көрсететін. Асқар Кіребаев үйімізге келіп, әскерде жүргенде неміс қызына ғашық болғандығын айтып, соған арнаған өлеңің оқып беретін, – дейді Несібелі Жалтырқызы.
Көрген шақта жүрегімді жандырдың.
Көңілімді құлай сүйген өзіңді,
Қалай саған білдіремін жан құрбым, – деген өлең жолдарын жергілікті ақын, журналист Келдібай Уәйісов жары Әсияға арнағанын көпшілік біле бермейтін болар. Қарымды қаламгер Келдібай Уәйісов 1997 жылы аудандық басылымды «Тіршілік тынысы» деп атауға ұсынады. Бірнеше жыл аудандық басылымның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан журналист Келдібай аға Комсомол комитетінде жүріп, үйдегі отанасымен танысады. Тілшілік қызметте жүрген жолдасының барлық жағдайын жасауды Әсия өзі қадағалайды. Бірнеше жыл отасқан ер азаматының барлық сырына қаныққан ол газет шығаруға қолғабыс етеді. Күні-түні ой үстінде жүретін Келдібай аға барлық жазбасын өмірлік серігіне жаздыратын.
– Келдекең – журналистика үшін бар өмірін арнаған адам. Мен Ақжарма ауылының қызымын. Менен үлкен ағамды Келдібай танитын еді. Арадағы таныстық отбасылық өмірге ұласты. Шаңырақ көтерген жылдары баспаханаға кезекшілікке тұратын. Кейде ұйықтамайтын кездері болады. Сол кезде газеттегі мақаланы бірге тексеріп, кейбір мәселелерді ақылдасатынбыз. Ақжарқын, жомарт қасиетінің арқасында барлық журналистермен жақын дос болды. Келдекең «Заң» газетінің Қызылорда облысының меншікті тілшісі, «Шалқар» радиосында журналист қызметтерін атқарды. Үйге келгенде мені «Маралым» деп айтатын. Бірнеше өлең жолдарын арнап, пластинкаға Бексұлтан Нұржакеевтің «Маралым» әнін қосып қоятын. Талапшыл, шыншыл мінезімен Келдекең бірде-бір қағазына тиіскізбейтін. Ол балаларымызды оқытып, әрбірін қызметке орналастырды, – дейді Әсия Уәйісова.
Ақынның өмірлік жары Әсия бірнеше жыл медицина саласында еңбек еткен. Әркез қаламгер жолдасымен бірге өткізген қиындық пен қызықты күндерді ардақты жан естен шығарған емес.
Қарымды қаламгер Бекнияз Шертаевтың есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Республика көлеміне қарымды қабілетімен дараланған адуынды журналист сол кездегі «Еңбек туы» газетінде тілшілік қызмет атқарды. Ұшқыр ойымен сан түрлі мақалаларды жазған қуатты қалам иесінің зайыбы Гүлжан Омарбекова – бүгінде 83 жастағы кейуана.
Гүлжан апайдың шаңырағына барғанымызда бірнеше естеліктерімен бөлісті. Медицина саласындағы атқарған негізгі қызметін әңгімеледі. Талай жыл өкпе аурулар ауруханасында медбике болып жұмыс жасаған асыл жүректі жан ерінің журналист болып қалыптасуына куә болған. Қай салада болмасын Бекнияз Шертаевтың айқын қолтаңбасы қалған. «Еңбек туы» газетінде тілшілер бөлімінде меңгеруші қызметінде болған Бекнияз аға қоғамдағы келеңсіз жәйіттермен барынша күрескен.
Осыдан 66 жыл бұрын қармақшылық бойжеткен Гүлжан Тереңөзекке келін болып түседі. Өз кезегінде білікті маман Шиелі, Жаңақорған аудандарында қызмет етіп жүргенде Бекнияз ақсақалға жары қолдау көрсеткен. Ауыртпалықты артқа тастап, көп балалы ата-ана атанды. Су шаруашылығы саласында да білікті маманның өзіндік қолтаңбасы қалған. Тынымсыз қызмет барысында сан соқпақ жолмен жүрген Бекнияз Шертаев зейнетке шыққаннан кейін «Боздақтар» кітабын жарыққа шығарады. Сөзі өткір, қаламы жүйрік журналистің жары Гүлжан апай бүгінде ұлы Сәбитпен бірге тұрады.
Аудан баспасөзінің тарихында Ізхан Досмағанбетовтің қолтаңбасы қалған. Осыдан 50 жыл бұрын Ізхан аға журналистика саласына табан тірейді. Білім, қаржы саласын жетек меңгерген жас маман аудандық «Еңбек туы» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқара жүріп, орасан жетістіктерге қол жеткізген. Ізхан ағайдың зайыбы Сара Қарсақбаева ер азаматының ертеректе дүниеден өткеніне өкініш білдіреді. Әркез дастархан басында отырғанда немерелеріне аталарының ақыл-парасатын, білімін, тума талантын бергенімен, қысқа ғұмырын бермесін деп тілеп отырады.
– Ізхан – өте биязы жан. Көркем мінезімен айналасына сыйлы болды. Бір-бірімізге ешқашан қабақ шытпайтынбыз. Қай кезде де жан-жақтылығымен танылған жолдасым талай қолдау көрсетті. Осыдан 30 жыл бұрын 52 жасында бақилыққа атанды. Өмірінің соңына дейін басылымның алға басуына елеулі қызмет етті. Бас редакторлық қызметте жүріп, газеттің сапалы шығуына атсалысты. Әрбір әріптен қате кетпеуіне жауапты болды. Халықтың дүниетанымын кеңейтіп, рухани азық сыйлауға барын салды. Осы кезге дейін оның қолжазбаларын көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Бір жылдары мен үшін арнап «Гүлсара» деген өлең жазған болатын. Өзі ұялшақ адам еді. «Жеңгелерім әзілдейді» деп өз атымды атамай, Сара есіміме «гүл» сөзін қосыпты, – дейді Сара апай.
Сарғайған газет беттерінен Сара апай өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танылған ақын ағаның құнды естеліктерін әркез оқып есіне алады. Жарына деген қамқорлықты аямаған Ізхан аға «Жүрігімді жүрегіңмен бір сана» деп мәңгілік жыр жолдарын арнап кеткен.
Ендігі кезекте журналистика саласының майталманы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітовтің жары Фатма Жолдасова жайлы сөз қозғамақпыз. Алғашқы еңбек жолын білім саласында бастаған Шаһарбек Балтабайұлы өмірлік жарымен 38 жыл бұрын отасып, берекелі шаңыраққа айналды. Фатма апай шығармашылық адамның жары ретінде әрқашан қарымды қаламгердің қасынан табылады.
– Шәкең – шығармашылық адамы. Ақтөбе қаласында жүріп, баспасөз саласында еңбек етті. Мемлекеттік қызметте де жан-жақты шыңдалды. Сөз құдіретін тереңнен ұғынды. Парасатты қаламгерге тән болмысымен биік белестерді бағындырды. Қаламгердің жары болу оңай емес. Олар ой үстінде жүріп, көңілінің тыныштығын қалайды. Тың тақырыпты түбірінен қаузайды. Сүйікті кәсібі үшін бар өмірін арнайды. Өз басым ұзақ жылдар бойы кітапнахана ісін жетік меңгеріп, сүйікті мамандығыма жарты ғұмырымды арнадым. Шығармашылық адамымен үндесетін кітапханашы мамандығының иегері ретінде жарымның ісіне құрметпен қараймын, – дейді қаламгердің жары Фатма апай.
Қарымды қаламгер өткен жылы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып, мерейлі зейнет демалысына шықты. Ал Фатма Жолдасова – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің құрметті ардагері.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ