Аудан әкімі кәсіби мерекемен құттықтады
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Техниканың озық үлгілерінің дамыған заманында интернет байланысы, баспасөз басылымдары халықты қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары – еліміздің руханиятын, мәдениетін көтеріп, тыныс-тіршілігін көрсетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншілейтін біздің ең жақын серігіміз.
Осы орайда, жергілікті «Тіршілік тынысы» газеті ауданымыздың рухани шамшырағы екені баршамызға белгілі. Аудан көлемінде болып жатқан көпшілік-мерекелік іс-шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз газет бетінде жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Сіздер арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық.
Қымбатты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері!
Айтулы мереке қарсаңында баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, кәсіптеріңізге өрлеу, Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолындағы игі істеріңізге табыс тілеймін!
Мереке құтты болсын!
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі