Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің абыройы
Мемлекетті өркендету, дамыту бағытындағы ең жауапты іс мемлекеттік қызметшілерге жүктелетіні мәлім. Бүгінде мемлекеттік қызметті мінсіз ету жолында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Негізі, мемлекеттік қызмет – азаматтардың мемлекеттік органдар мен оның аппараттарындағы кәсіптік қызметі.
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексімен» белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Негізінен, мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бос уақыттарында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы тиіс. Демек, қызметкер барынша сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, кез келген сәтте сабырлы, ұқыпты болғаны жөн. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жеке өмірінде де аңдап басып, өз ісімен өзгеге үлгі болуды естен шығармағаны абзал.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» деген болатын.
«Қазақстанның – 2030 жылға» дейінгі даму Стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі болып кәсіби мемлекет құру белгіленген еді. Мемлекетіміздің алдында тұрған, жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет және басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру ісінде көбінесе мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне бағытталған. Осы сұрақтың маңызды қадамы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерінің оң имиджін қалыптастыру болып табылады.
Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуі, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауы маңызды.
Жұмыстан тыс уақытта да мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан сырт жүру қажет. Мемлекеттік қызметкердің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі тұтынушының көңілінен шығып, ар-намысына нұқсан келтірмейтіндей болуы керек.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету-білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейханов.
Сондықтан еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, елге адал абыроймен қызмет ету – басты парызымыз.
Меңдігүл Асан,
Сырдария аудандық
сотының жетекші маман-баспасөз хатшысы
Сырдария аудандық
сотының жетекші маман-баспасөз хатшысы