Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Ту мен ру

Рәміздер туралы сөз қозғалса, көз алдымызға аспан түстес көк байрағымыз елестейді. Себебі, мемлекеттік Ту – бізді біріктіретін күш, рух беретін құндылық. Бірақ кейде «біз Тудың қадірін асырамыз деп, қашырып жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақ мазалайды. Оған себеп кейбір азаматтар үшін Ту ұғымынан ру ұғымының биіктеу болуы...

Жақында облыс орталығындағы қалаішілік қоғамдық көлікке міндім. Жүргізуші терезе жақ-тауына əлдебір туды іліп қойыпты. Алғашында мəн бермегенім рас. Кейін қызығушылықпен мəнісін сұрасам, жасы елуден асқан жүргізуші: «Бұл біздің рудың туы» деп қысқа қайырды. «Руыңыздың туын ілгенше, елдің туын ілгеніңіз дұрыс болар еді» деп айтқым келіп оқталғаныммен қоғамдық орын болған соң үндемедім.

Өткен аптада барлық білім ордасында орта мектеп бітірушілердің соңғы қоңырау салтанаты ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл болған түлектер де құрметті қонақ ретінде қатысты. Осы іс-шараларға жеке көлігімен келген түлектердің бірі автокөлігінің артқы терезесіне руының атын жаздырып, туының суретін салдырып қойыпты. «Бұл шыққан тегіме деген құрметім» дейді өзі. Мен тағы да «Руыңыздың туын бейнелегенше, еліміздің туын бейнелегеніңіз дұрыс болар еді» дегім келді. Бірақ əлгі азаматтың танымтүсінігі рушылдық деңгейден əрі аспайтынын біліп, үндемедім.

Студент күнімізде бір топта бірнеше ұлт өкілі оқыдық. Сонда өзбек ұлтының жігіттері үнемі дəптерлерінің соңғы бетіне өздерінің туының суретін салып қоятын. Олардың ұлттық құндылыққа деген құрметі рəміздерді жоғары бағалаумен шектелмейтін. Мəселен, орыс тілінде сұрақ қойсаңыз, қазақша немесе өзбекше жауап аласыз, кейде мүлдем жауап алмайсыз. Олар үшін елдік мүдде бəрінен биік. Ал бізде ше?
Біз Мемлекеттік Рəміздерді құрметтеуді өзгеге емес мемлекеттік қызметшілерге түсіндіріп əуреміз. Облыс жəне аудан əкімдіктері жанындағы Мемлекеттік Рəміздер жөніндегі комиссия отырыстарында əлі күнге Мемлекеттік рəміздердің стандарттарға сəйкес қолданылуы мен орналастырылуы талқыланып келеді. Тиісті сын-ескертпелер айтылып, нақты тапсырмалар берілуде. Мəселен, жақында ғана аймақ басшысы Гүлшара Əбдіқалықова облыс əкімдігі жанындағы Мемлекеттік Рəміздер жөніндегі комиссия отырысында Мемлекеттік Рəміздерге құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс екенін тағы да бір атап өтті. Комиссия отырысында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы М.Қазбекова зерделеу жұмыстарының қорытындысын жария етті.

– 2020 жылғы 20 тамызда өткен облыс əкімдігі жанындағы Мемлекеттік рəміздер жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы жəне облыстық полиция департаментімен бірлескен ведомствоаралық облыстық инспекциялық топ құрылды. Инспекциялық топ 2021 жылдың 5-30 сəуір аралығында Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекемелерде Мемлекеттік рəміздердің стандарттарға сəйкес қолданылуы мен орналастырылуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, барлығы 374 мемлекеттік мекемені қамтыды. Зерделеу барысында 35 мекемеде кемшіліктер анықталып, 13-і дер кезінде қалпына келтірілсе, 2 мекемеге əкімшілік хаттама толтырылды, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.
Жалпы, бір мемлекеттің Гимні келесі бір мемлекетте екі жағдайда, яғни Ел Президенті өзге елге сапармен барғанда жəне байрақты бəсекелерде спортшы топ жарғанда ғана шырқалады. Сол секілді Ту да биікке екі жағдайда көтеріледі. Тудан руды биік көріп, елдің туын емес руының туын көлігіне жабыстырып жүргендер өзге елдерде өтетін спорттық бəсекеде топ жарса, мінберге елдің туымен қоса руының туын алып шықпасына кім кепіл? Сөйтіп, рушылдық, жершілдік белең алып, бекем бірлігімізге сызат түспей ме? Мұны тыю үшін əр азаматқа отбасында патриоттық тəлімтəрбие берілу қажет. Мысалы, сіз ұл-қызыңыздың, немереңіздің Мемлекеттік Рəміздер туралы білімін тексеріп көрдіңіз бе? Олар Ту, Гимн,
Елбаңба авторларын біле ме? Əнұранның қашан қабылданғанын, Ту мен Елтаңбадағы эле-менттердің идеологиялық мəнін, символикалық ерекшелегін білмесе, онда ол ата-анасының кінəсі екені сөзсіз. Осы мақаланы оқып отырған ата-аналар ұрпағының рəміздер туралы білімін тексеріп, оларға қажетті ақпарат береді деп үміттенеміз. Осылайша, отбасындағы бағыт-бағдар елдік іске негіз болса, рəміздердің де маңызы арта түспек.

Біз рəміздерге деген құрметті тек 4 маусым күні көрсетіп, дəлелдемеуіміз қажет. Мемлекеттік Рəміздерге құрмет көрсету күнделікті əдетіміз, тұрмысымыздың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Сондай-ақ əр басшы мекемеге кірерде төбеде ілінген Тудың дұрыс орналасқанына, бүлінбегеніне назар салғаны жөн. Себебі, Туымыз тұғырында тұрмаса, Тəуелсіздігіміз де баянды болмайды. Бір сөзбен айтқанда, бізді ру емес, Ту біріктіруі қажет.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
01 маусым 2021 ж. 530 0