Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Мырзатай Жолдасбековтың туған күні

Бүгін – Мырзатай Жолдасбековтың туған күні

27 мамыр – мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, «Құрмет», «Парасат», «Достық», І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбековтың туған күні.

Ол 1937 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген.

1960 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Қызмет жолын 1960-1964 жылдары ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент ретінде бастаған. Ал 1964-1967 жылдары аспирант, 1970-1974 жылдары аға оқытушы, доцент, 1974-1977 жылдары филология факультетінің деканы, 1977-1987 жылдары қазіргі І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, 1987-1988 жылдары Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылы Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 1993-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры қызметін атқарды.

Сонымен қатар 2000-2004 жылдары Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ректоры, 2004-2006 жылдары «Евразия» гуманитарлық зерттеу ғылыми орталығының жетекшісі, 2012 жылдан бері Қазақ Ұлттық өнер университеті жанындағы Қорқыт мұраларын зерттеуге арналған ғылыми орталықтың басшысы.

2005 жылы «Евразия ғалымдары одағы» қоғамдық қорының президенті қызметіне сайланды.
Мырзатай Жолдасбекұлы жыр алыбы Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдауға сүбелі үлес қосып келеді. Сонымен бірге Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерттеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді.

Зерделі зерттеуші «Асыл арналар», «Күлтегін», «Тоқсан толғау» (Н. Төреқұловпен бірге), «Жүз жыл жырлаған жүрек», «Асыл сөздің атасы», «Ел тағдыры – ер тағдыры», «Асылдарым», «Дүние шіркін…», «Кісілік кітабы», «Күндерімнің куәсі», «Таңғаламын өмірдің ғажабына» және тағы да басқа кітаптардың авторы.
27 мамыр 2021 ж. 453 0