Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер ұрпағымын

Майдангер ұрпағымын

Тереңөзек кентіндегі Қазақ көшесінде қоныстанған Қарамановтар әулеті жұртшылыққа жақсы таныс. Қараман бабамыздың немересі, менің атам Ордабек Сардарбеков – Ұлы Отан соғысының ардагері. Сұрапыл соғыстың зардабы мен қияметті күндерін бастан өткерген атамның өмір жолы туралы қалам тербемекпін.
Қараманның үлкен баласы Сардарбек пен келіні Палайкүлдің шаңырағында 1925 жылдың жазында тұңғышы Ордабек атам дүниеге келіпті. Аудан орталығындағы мектепте 7 жылдық білім алған атам есепші мамандығы бойынша оқуын жалғастырды. Атамның жастық шағы соғыс жылдарындағы ауыртпалыққа толы қилы кезеңмен тұспа-тұс келді. 18 жасында Украина еліне әскери борышын өтеуге аттанған ол №981 жаяу әскер полкіне қарасты №253 жаяу әскер дивизиясының сарбаздарының қатарына қосылды. Майдан даласында кескілескен ұрыстарға қа­тысқан атамыз отбасында 4 ағайынды болыпты. Есейген шағында қызыл қанға боялған соғыс зұлматын көзімен көрген ұлының аман-есен келуі үшін күн сайын Палайкүл әжеміз дұға-тілек қылатынын көз көргендерден ести­тінбіз. Артынан ерген 8 жастағы Әнуарбек пен 5 жастағы Мейрамбек ағасының жолын тосатын-ды.
Негізінен, №981 жаяу әскер полкіне қарасты №253 жаяу әскер дивизиясының сарбаздары 1943-1945 жылдары аралығында Ресей елінің Великий Новгород қаласынан бастап, Германияның Берлин қаласына дейін жаумен соғысады. Дивизияның құрамындағы кіші сержант Ордабек Сардабеков 1944 жылдың 13 наурызы мен 30 мамыры аралығында өз ерлігімен туған жерін азат етуге атсалысты. Ол осы жылдың 31 мамырында Украинаның Львов облысының Самбир ауданына қарасты Воютичи ауылын жау минасынан тазарту кезінде жарылыс орын алып, ауыр жарақат алады. Жарылыс салдарынан кіші сержантқа снаряд құлап, әп-сәтте сол аяғын зақымдайды. Осылайша, атам ауыр жарақатымен Словакияның Левоча қаласындағы №4659 эвакуациялық ауруханаға жатқызылады. Соғыстағы көзсіз батылдығын ескерген Өкімет Ордабек Сардарбекұлына «Ерлігі үшін» медалін табыстайды. Атам эвакуациялық ауруханадан 1945 жылдың ақпан айында шығарылып, елге оралады.
Қан майданнан оралған атамның шаңырағында қуанышты хабар орын алған болатын. Соғыстан қалжырап қайтқан Ордабек атамның кенже інісі 1945 жылы Камалбек жарық дүниеге келді. Соғыстан кейін майдангер атамыз су шаруашылығы саласында қызмет етті. Алғашқы жылдары аудандық су жүйесінде қоймашы болған Жеңіс сарбазы әжеміз Райхан Сардарбековамен отау құрған. Ардақты ана 17 құрсақ көтергенін айтпай өту мүмкін емес. Заманның қиындығы болар, осы 17 перзенттің тек төртеуі ғана өсіп, жетіліпті. Бүгінде отбасындағы үлкен ұл Рахымбек пен кенжесі Маханбетжан о дүниеге аттанған. Ал қарашаңырақта отырған менің әкем Аябек пен інісі Бақытжан ағайынның ортасында үлкен үйдің түтінін түтетіп отыр.
Ордабек атаммен бірге Автотранспорт кәсіпорнының басшысы Нағыман Абдулаев кескілескен соғыста жаудың бетін қайтарған. Аудандық су жүйесінде қызмет еткен жылдары жөнінде атамның әріптесі, еңбек ардагері Әуез Жаңабатыров айтып берді.
– Орекең өте қарулы кісі еді. 1973-1976 жылдары су шаруашылығы саласында қатар еңбек еттік. Ардақты аға жас маман болып келген біздерге ақыл-кеңесін аямайтын. Ұжымдағы соғысқа қатысқан үлкеніміз ретінде сый-құрмет көрсететін едік. Соғыс жылдары талай қиындықты бастан өткергендігін айтып отырады. Майданда тамақ болмаған кезде төрт түлікке беретін күнжара жейтін кездері болғандығын жиі еске алатын. Сонда күнжараны жеген кезінде бет-ауызы ісіп кететін болған. Әркез суды бақылаушы ретінде құдықтарды, арналарды тексеретін. Кезінде әріптестеріміздің арасында «Асар» әдісін жандандырған болатынбыз. Аяулы ағамыз қара жұмысқа келгенде дені сау азаматтармен бірге барлық күшті еңсеретін, – дейді Әуез Жаңабатыров.
Өз кезегінде еңбек ардагері Сәйділда Сәдуақасов майдангермен бірге өткізген күндерін ойға оралтып, естеліктерімен бөлісті.
– Мен Ордабек ағайды көптен білемін. Ертеректе Автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші қызметінде жүріп, ағайды «Әйтек» су арнасының қақпасына талай уақыт көлігіммен апарған едім. Су шаруашылығының білікті маманы судың ағысын, жоғары-төмен мөлшерін өлшеп, қағазға түсіріп отырады. Арнаны жағалай отырып, судың деңгейін бақылайды. Су шайып кеткен арнаның жағалауын анықтап, тиісті сала мамандарына хабарлайды. Бірде бұл сызбалар неге керек, дегенімде? «Жалағаш ауданының күріш егістігін суғаруға керек. Сұранысқа сай қақпаны ашып, жауып отырамыз» дейтін. Әлі есімде Орекең жол үстінде қызықты әңгімелер, мақал-мәтелдерді жатқа айтатын. Өлең оқығанды жақсы көретін. Өлеңдерін жолдағы серігі маған жаттатқызып, екі-үш күн сайын қайталап сұрайтын. Жайдарлы мінезінен таймайтын Орекең тымсырайып, үнсіз отыратын кісілерді жақтыра қойматын. Бірде:
«Күшігенде сыңқылдап,
Күлгенің жетер басыңа.
Тымсырайып отырсаң,
Кім келеді қасыңа» деп өлең шумақ­тарын айтқаны жадымыздан кетпейді, – дейді еңбек ардагері.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген тәмсіл бар. Сәйділда ақсақал әңгіме барысында атамның мергендік қасиетін тілге тиек етті.
– Орекең соғыстағы зұлматты күндерін ешқашан ұмытпайды. Жаяу әскерде болған біздің ағай бір күні маған «Әкең ұста болған жан ғой. Мылтығың бар шығар деп» сұраулы жүзбен қарады. Келесі күні жұмыс барысын аяқтап келе жатқанымда Орекеңе мылтығымды көрсеттім. Ол жол бойы қырғауыл атып, мергендігін байқатты. Бірде ағай маған қарап: «Мылтықтағы оғын әлсіз ғой. Патронды оқтағанда мылтықтың құндағы иықты теңселтетіндей болуы керек» деп ақыл-кеңесін айтты, – дейді Сәйділда Сәдуақасов.
Су шаруашылығы саласында өз ісінің нағыз шебері ретінде танылған майдангер атам Ордабек Сардарбеков 1976 жылы ауыр науқасқа шалдығып, бақилыққа аттанды. Соғыс ардагері атанған атама Өкімет қолмен басқарылатын «Запарожец» автокөлігін сыйға бергені де ұмытылмас тарих. Арқасүйер азаматынан айырылған Райхан Іскендірқызы сауда саласында еңбек етіп, 4 ұлды қатардан қалдырмай өсірді. Бүгінде 4 ұлдан 9 немере, 7 шөбере тараған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
07 мамыр 2021 ж. 586 0