Ауру астан ба?
Қазір бесіктегі баладан бастап еңкейген қарттың өзі смартфонға телміріп отыратын заман болды. Жан-жағымен байланысын үзіп, мүлдем басқа әлемге кіріп кеткен кейіппен сағаттап отыратын жас пен кәрі телефонға тәуелділік деген ауруға ұшырады десек қателеспейміз. Бірақ бүгінгі біздің айтпағымыз «телефон ауруы» емес, сол телефондағы әлеуметтік желі арқылы жарияланып жүрген тағамдардың жасалуы туралы бейнежазбалар туралы болмақ.
Бірде жасы егде тартқан қарт кісі көрші-көлемнің ортасында отырып, қызу әңгімеге кірісіп кетіпті. Таныс адамдарым болған соң жанынан сәлемдеспей өтіп кетуді ыңғайсыз көріп, жандарына жақындай бергенімде әңгімелерін құлағым шалды. Айтып отырған әңгіменің ауаны әлеуметтік желі тақырыбы екенін білдім. Дәлірек айтсақ, сондағы жарияланған азық-түліктің табиғи түрі қалмай бара жатқандығы, көп ретте адамдар жасанды тағам тұтынуға бейімделгенін айтып отыр екен. Тіпті, оның өмірімізге дендеп бара жатқаны сонша, қазір жас баланың өзі жасанды тағамға әуес болып кеткені дабыл қағарлық жағдай екені рас.
Қазір әлеуметтік желіде, әсіресе тағам өнімдерінің жасалу процесі туралы жасалған бейнежазбалар көптеп кездеседі. Әрине, олардың барлығы шындыққа жанасады деп айтудың өзі дұрыс болмас, десек те кейде сапасыз затты тұтынатын да өзіміз. Сондай бейнежазбалардың бірінде кәдімгі қырыққабаттың қалай жасалып жатқанын көпшілік көрген болар. Қытайлар өнімді ешқандай бақшада өсірмей-ақ, аты беймәлім заттан сол қырыққабатты дайындап жатыр. Түрін жылтыратып, жасыл түске бояп, бір құрылғы арқылы кәдімгі қырыққабатты шығаруда. Сонда өзіміздің елімізден емес, Қытайдан келетін көкөніс пен жеміс-жидектер бау-бақшада емес, химиялық қоспа арқылы жасалып жатқаны – адамға жасалып жатқан қастандық деп айтуға негіз болады. Мұндай улы өнімдер қазір әлемді шарлап кеткенін сол бейнежазбадан-ақ аңғару қиын емес.
Ал сусынның барлық түрін табиғи шырын деп алдап сататын өндірушілер қандай әдіспен құтыларды толтырып жатқанын қазір көпшілік біліп қалды.
Сөзімізге дәлел ретінде әлеуметтік желіде бір жігіттің басынан кешкен оқиғасын айтайық. Жігіт ағасы сусын шығаратын орынға жұмысқа тұрғанына әдепкіде қуанғанын айтады. «Енді жемістің неше түрінен шырынды қалай жасайтынын өз көзімен көретін болдым» деген үміті өндіріс орынға бас сұққан кезден-ақ су сепкендей басылғанын желі қолданушыларға жеткізіп, дабыл қағуда. Яғни, өндіріс орнында жеміс атаулысы болмайтынын, тек химиялық бояғыштар арқылы сусынның неше атасын шығарып жатқанын көзімен көрген. Сонда халық тұтынып жүрген небір «табиғи шырындар» жай қара су мен түрлі қоспадан жасалғанын көріп, адамдарды дүкеннен ешқандай сусынды сатып алмауға шақырады.
Иә, шын мәнінде тәтті шырынды ұнатпайтын адам жоқ шығар. Дегенмен осындай жағдайдан соң біразға дейін түрлі-түсті сусыннан бас тартуыңыз әбден мүмкін. Ал күнделікті ас мәзірінің бір бөлігі саналатын күрішті де жасанды етіп жатқандар да бар көрінеді. Кәдімгі целлофан мен пластиктен ұнтақтап жасап шығарып жатқан күріш туралы бейнежазбаны талайыңыз көрген шығарсыздар. Осы жасанды күрішті тұтынған адамның асқазаны оны қалай қорытатынын кім білсін?! Мұны жасап жатқан тағы сол қытайлықтар дейміз, ал оны тұтынушылар қарапайым халық екенін ұмытпайық.
Байқасаңыз, қазір табиғи ештеңе қалмай бара жатқан сияқты. Ағарғанның өзін жасанды етіп шығаруға көп білімнің де қажеті жоқ. Базардағы үйіліп жатқан құрттың дәмі әдепкіде тым жақсы болып көрінгенімен, құрамында не бар деп сұрасаңыз, сатушы жауап беруден жалтаратыны сөзсіз. Біреулер онда бір тамшы сүт пен айран жоқ деседі. Дегенмен бөтен дәм қосып жасайды деп айтуға аузың бармаса да оның құрамында адам нанғысыз заттар бар екені оның дәмінен де белгілі.
Иә, жұрт не демейді деуіңіз мүмкін. Алайда сенімсіздік танытқаннан гөрі көзіңіз жеткен таза табиғи тағамды тұтынғаныңыз абзал. Өйткені, қазір сау адам жоқ. Екінің бірі асқазан ауруымен ауырса, денеге шығып кететін неше түрлі бөртпелер де құрамы дұрыс емес тағамды тұтынғаннан шығады.
– Менің қызымның денесінде кішкентайынан ақтаңдақтар пайда болды. Ол уақыт өткен сайын көбеймесе, азаймады. Дәрігерлердің есігін тоздырдық, әрқайсысы әртүрлі диагноз айтады. Қымбат қан сарапталамалырын да тапсырдық. Тері дәрігері қорытынды шығарғанда қатты қапаландым. Тері мен еттің арасында құрт бар дейді. Ақтаңдақ болып қышытып жатқан сол құрт екен. Ал ол дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болған. Балаларымыздың қалауымен тәтті сусындар мен «чипсы», «кириешки» бере беріппіз. Күнделікті табиғи тамақты тұтынбаған жас ағза неше түрлі нәрсемен уланып жатқанын да білмеппіз. Енді бірнеше жылдан бері тұрақты түрде ем алып, дертпен күресіп келеміз. Оңай емес, дертінен толық айығу үшін әлі көп уақыт керек. Сондықтан айтпағым, балаңызға мүлдем газдалған тәтті сусын мен «чипсы» бермеңіз. Денсаулығын осы кезден ойласаңыз, дұрыс тамақтандыру керек, – дейді кент тұрғыны А.Асқарова.
Сонымен, сөз жоқ «ауру – астан». Нақты айтсақ, жасанды заттан жасалған тағамды тұтынғаннан. Сондықтан өз өніміңізді пайдаланып, халыққа да табиғи өнім ұсынсаңыз, алар сауабыңыз да молынан болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ