Тәуелсіздік құрдастары тал екті

Аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров пен білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар игі шараның басы-қасында болып, жас ұстаздарға бағыт-бағдар беріп, өз кезегінде тілектестігін білдірді.
– «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашағыңызды айтып берейін» деген екен шығыстың ғұламасы. Сол айтқандай, егемен елдің ертеңі – сіздер. Тәуелсіз мемлекетіміз үшін талмай еңбек етіп, қызметтеріңіздің жемісін көріңіздер. Бүгінгі бала – ол да біздің келешегіміз. Ендеше, ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі ерен еңбектеріңіз еселене берсін, – деді білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров.
Сөз алған кәсіподақ комитетінің төрағасы да ұстаздықтың ұлы қызмет екендігіне, өткізілген шараның маңыздылығына тоқтала келіп, жастарға шығармашылық табыс тілеп, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбау керектігін айтты.
Елдің ел болып бет түзеуі білімді, саналы ұрпақ болса, сол ұрпақты тәрбиелеу, көзін ашып, ілім-біліммен сусындату – асқақ та абыройлы педагог мамандардың еншісінде. Ауданымыздағы жас ұстаздардың жұмыла көтерген бастамасы – кейінгіге үлгі. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын үкілі үміт артқан жастарымыз жалындап тұрса, келешегіміздің де кемел болары хақ.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ