Шебер қолды Жәнібек
Бүгінгі өмірді жеңіл көліксіз елестету мүмкін емес. Оған үйреніп кеткеніміз сондай, таяқ тастам жерге де көлікпен барамыз. Несін айтасыз, жеңіл көліктің дәурені жүріп тұр. Әр үйде бір немесе бірнеше көліктен бар екені жасырын емес. Бұдан біздің қазіргі тұрмысымыздың жақсы дәрежеде екендігін бағамдауға болады.
«Көліктің дөңгелегі айналса ақша» дейді такси қызметімен айналысатындар. Жеке жеңіл көлікпен адам тасымалдап, мұны кәсіпке айналдырғандар да жетерлік. Сондай-ақ «Жүрсе көлік, жүрмесе өлік» деген сөз бар жүргізушілердің сөздік қорында. Осы орайда Жәнібек тәрізді жөндеушілер жеңіл көліктен ақау шықса, жөндеп қалпына келтіреді.
Тереңөзектің теміржол вокзалы жанында жеңіл көлік жөндейтін шеберхана орналасқан. Онда қолы алтын шебер Жәнібек Тәжібаев еңбек етеді. Қалжан ахун ауылының тумасы – жеңіл көліктің мотор, қозғалыс бөлігін жөндеудің шебері. Осы салада еңбек еткеніне 20 жыл, жалпы жөндеушілік өтілі – 25 жыл. Еңбек жолын «Құмкөл мұнай кенішінде» моторист болып бастаған. Онда 5 жыл жұмыс жасағаннан кейін Қызылорда қаласындағы жеңіл көлік жөндейтін жеке шеберханаға жөндеуші болып орналасқан. Аудан орталығынан Марат Қайранбаев көлік сервисін ашқан соң, жұмыс орны ауылға жақын болғандықтан осында келген.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Жәнібектің әкесі Нұрым ауданға белгілі техника маманы болған. Ол «Қалжан ахун» ЖШС-де көп жыл механик, бас инженер болып жемісті еңбек етті. Әке жолын қуған ұлдың жұмысы да жұрт көңілінен шығып келеді.
– «Әке балаға сыншы» дейді халық даналығы. Қасынан бір елі тастамай, жас күнімнен техника тілін үйретті. Мен де асқар тауымның сенімін ақтауға тырыстым. Ол үшін кәсібімді шебер меңгеруді мақсат тұттым, – дейді Ж.Нұрымұлы. Жеке кәсіпкер Жәнібекке Тереңөзектен және басқа жерлерден келіп көлігін жөндететін адам көп. Сондықтан шеберханадан кісі арылмайды.
– Қолы алтын жігіт. Көлігіңнің ақауын мотордың даусынан байқайды. Қай уақытта барсаң да жылы қабылдап, көлігіңнің ақауын сапалы жөндеп береді. Жөндеуші Жәнібектің өзінің тұрақты клиенттері бар. Оған тек кент тұрғындары ғана емес, ауыл-ауылдан, ауданнан тыс жерлерден, қаладан ақаулы көліктерін алып келіп жөндетеді. Шебер сапалы жұмыс жасайтын болғандықтан, оның еңбегіне көпшілік риза, – дейді кент тұрғыны Н.Бақытбекұлы.
Көліктерге қосалқы бөлшек сататын дүкен де шеберхана жанында. Бұл жөндеу кешенінің орталық бөлігінде Жәнібектің жөндеу боксы орналасқан. Осы орында жөндеуші жігіт дәу джипті «жәукемдеп» жөндеуге кіріскен. Оның шебер қолынан шыққан көліктің ертеңгі күні асфальт жолда желдей жүйткитіні анық.
Бұрын шетелдік көліктерді сырттан шеберлер шақырып немесе қалаға апарып жөндететінбіз. Қазір оны өзіміздің қаракөздеріміз де қапысыз қатарға қосады. Бұл енді шеберлік. Жастарымыз осындай озық өнерден үйрене түссе дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ