1995 жыл: Жекешелендіру жұмысы қарқын алды
Басылымның тұрақты оқырмандарына «Тәуелсіздік шежіресі» айдары жақсы таныс. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында тарихи оқиғаларға мән беріп келеміз. Бұл жолы көзі қарақты оқырманға 1995 жылы аудан өміріндегі елеулі, маңызы зор ақпараттарды ұсынбақпыз.
Елімізде 1995 жылғы наурызда Конституциялық Сот Жоғарғы кеңесті заңсыз сайланған кеңес деп таныған екен. Осылайша, егемендігін 4 жыл бұрын жариялаған жас мемлекетте қос палаталы Парламент қалыптасқан. Саяси науқан кезінде Сыр өңірі Парламенттегі алғашқы өкілдерін сайлағаны белгілі. Олардың қатарында, Жақып Асанов, Сейітсұлтан Әйімбетов, Әбдіжәлел Бәкір, Қылышбай Бисенов бар. Сол жылдары Мәжілісте 70-ке жуық депутат болыпты.
1995 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінді. Диқандар қауымы 12 000 гектар жерге күріш егіп, 33 600 тонна Сыр маржанын қамбаға құйды. Ал 5700 гектар егіс алқабына бидай тұқымы себіліп, одан 10 центнерден өнім жиналған. Мал шаруашылығын дамытуда аудан облыс көлемінде алдыңғы орынға шықты. Мәселен, әр жүз аналықтан 100 қозы, 51 бұзау, 63 құлын, 10 бота алынған. 35000 тонна қысқы жем-шөп дайындалған.
Бұл кезең – аудандағы іргелі шаруашылық басшылары іскерлігімен танылып, ауылдардың жағдайын түзеуге білек сыбана кірісіп кеткен кез болатын. «Шаған» серіктестігі межелі жылды 7,7 млн теңге пайдамен аяқтаса, «Ақжарма», «А.Тоқмағамбетов» атындағы серіктестіктер 1,5-2 млн теңге шамасында табыс түсірген. Осылайша, ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқаты түзеліп, нарық қыспағына төтеп берген. Шаруасы шарықтаған «Шаған» серіктестігінде 30 тонна ұн тартатын диірмен, күріш тазалайтын цех, шағын сүт зауыты, тұрмыстық қызмет үйі, шаруашылық аралық аурухана жұмыс жасаса, музыка мектебі, шағын наубайхана, макорон цехы жергілікті тұрғындар үшін қызмет еткен. Бүгінде тіректі елді мекен саналатын Ақжарма ауылында серіктестік тарапынан сол жылдары макорон цехы, «Ақмаржан» кафесі, күріш ақтау цехы, наубайхана, астық сақтайтын қойма, шаруашылық дүкені, сауын комплексін дамыту қолға алынған. Ал «Шіркейлі», «Н.Ілиясов», «А.Тоқмағамбетов», «О.Мәлібаев» атындағы серіктестіктерде күріш ақтайтын, май шығаратын цехтар, астық қоймалары тоқтаусыз жұмыс жасаған.
1995 жылы ауданда жекешелендіру жұмысы қарқынды түрде жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы бағытындағы кеңшарлар таратылып, олардың орнына серіктестіктер құрылды. Жекелешелендіру барысында 90-ға жуық шаруашылық пен фермер қызметі жанданды.
Тәуелсіздік алған жылдары аудан медицинасы қиын кезеңді бастан өткерді. 1993-1995 жылдары аудандық аурухана, Шаған елді мекеніңдегі аурухана және туберкулезге қарсы диспансері халықты сауықтыру үшін үздіксіз жұмыс жасады. Елді мекендерде 7 ауылдық емхана, 13 фельдшерлік-акушерлік бекет, тазалық және індетке қарсы күрес станциясы, 3 дәріхана, 6 дәріханалық орын, залалсыздандыру мекемесі халықтың пайдасына жарады. Сол кезде 63 жоғары білімді дәрігер, 187 орта буын медицина қызметкері болған. Өкініштісі, Нағи Ілиясов, Іңкәрдария, Қараөзек елді мекендерінде ауруханалар қысқартылған. Соның салдарынан қаржы тапшылығы орын алып, сала мамандары жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келген. Сол жылдары науқастарды емдеуде дәрі-дәрмекпен қатар, қымыз бен шұбатпен емдеу тәжірибеге енгізілді. Аудандық ауруханада гинекология, лор, травматология бөлімшелері ашылған.
1994 жылы Тереңөзекте басталған көпір құрылысы тоқтап қалған болатын. Араға 1 жыл салып, ғасыр құрылысын аяқтау үшін ел ағалары бастаған аудан белсенділері халыққа Үндеу жариялап, ашық хат жолдаған еді.
1995 жылы Сыр халқы ауыр қазаны күрсініспен қабылдады. Қазақтың талантты қызы, сан алуан сахналық образымен халық көңілінен шыққан КСРО актрисасы және Қазақстанның халық артисі Сәбира Майқанова дүниеден озды. Осы жылы Сырдың қайраткер қызы, «Социалистік Еңбек Ері» Күләнда Әбдіраманова да бақилық сапарға аттанды.
Тарих қойнауына кеткен 1995 жылы бірқатар тұлғалар лауызымды қызметке тағайындалған. Мәселен, жерлесіміз Жақай Бодықбаев «Ақжарма» өндірістік кооперативінің төрағасы, Хакімжан Бихожаев Шіркейлі ауылының әкімі, Тынышбек Дайрабай «Түркістан» газетінің бөлім меңгерушісі, Ұлмекен Жанәлиева аудандық білім бөлімінің басшысы, Болатбек Тоқберішов тергеу комитетінің Тереңөзек аудандық бөлім бастығының бірінші орынбасары қызметіне кіріскен. Сонымен бірге Тереңөзек аудандық телекоммуникация торабының директоры Нұрлан Оразбеков 1995 жылғы жоғарғы көрсеткіштері үшін «ҚР Құрметті байланысшы» атағымен марапатталған.
Айтулы жылдың маңызды оқиғасы Шіркейлі ауылында жүзеге асты. Бұдан 3 жыл бұрын шаруашылықтың демеушілігімен іргетасы қаланған жаңа мешіт пайдалануға берілді. Жаңа мешітке ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген дін қайраткері Тапал ахунның есімі берілген. Осы жылы Нағи Ілиясов ауылындағы «Айтбай» мешіті де ауыл тұрғындарының бастамасының арқасында асар әдісімен бой көтерді.
Осылайша, 1995 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында табысы еселене түсті. Тарих қойнауына енген айтулы жылдың жарқын естелігі жергілікті халықтың мәңгі жадында болары хақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ