Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат әбзелдерін жасау шебері

Ат әбзелдерін жасау шебері

Бойында ер азаматқа тән жылқы малына құмарлық, нақтырақ айтқанда ата-бабамыздан келе жатқан этнографиялық кұндылы­ғымызға айналған қол өнер туындысы – ат әбзелдерін жасауға қызығушылық Ақпал Ибадуллаева үшін бала кезінен басталды.

Шағын шаруа қожалығы бар малшы отбасында дүниеге келген Ақпал жастайынан әкесінің атқа мінгенін көріп өседі. Кейін оқу оқып, бітіріп, сәулет-құрылыс маман иесі болады.

Тұрмысқа шыққан Ақпал қол қусырып отырмай, бұрын өзі қызыққан ат әбзелін жасауды ойға алады. Алдымен біртіндеп атқа тұмар, жабу, көпшіктер, жеңіл заттарын тігуден бастайды. Бұл өзінің тігіншілікке деген икемін шыңдай түсуге көмегін тигізеді. Уақыт өте жолдасы екеуі бала кездегі арманы ат әбзелін жасауға бірыңғай ден қоя бастайды. Көзін жұмып тұрып бес саусағындай жатқа білетін әбзелдің әрқайсысын не үшін атқа жабатынын біліп өскен Ақпалды жаңылдыру мүмкін емес:

– Ер оның астына тоқым, оның астына терлік және мұның барлығын аттың арқасына орнатып бекіту үшін тартпа немесе айыл болады. Аяқты қойып отыруға үзеңгі бауымен және ердің артқа қарай жылжып кетпес үшін ер мен аттың төсіне өмілдірік тағамыз. Ал, ер алға кетіп иығын ат басып қалмауға құйысқандық тағамыз. Атты бұруға жүген, жетектеп жүруге ноқтаны шылбырымен тағып, қолымызға қамшы ұстап мініп кете береміз, – дейді кәнігі атбегі секілді бізбен әңгімесінде бүгінде Нағи Ілиясов ауылына келін болып түскен Ақпал Ибадуллаева.

Жас келін келген жеріне тастай батып, судай сіңу үшін барын салады. Отбасындағы ата-ененің жағдайын жасап, жұмыссыздығын сылтауратып отырмай, бұрыннан таныс, жақсы көретін ісі ат әбзелдерін жасауға білек сыбана кірісті. Ол үшін көп ойланбастан ауыл адамдарының сұранысына сай дайын өнімді сатумен айналысты. Әлеуметтік желі арқылы ат әбзелдерін сатушылардан сатып алып, алушыларға жеткізіп, саудамен айналыс­ты. Бірте-бірте ауылдағы ағайынның ат әбзелдеріне деген сұранысы артқанына көзі жетіп, өзінің қолынан келетін бұйымдарды тігуге кіріседі. Ол үшін мемлекет тарапынан берілетін кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысты. Бірнеше жылдан бері жұмыссыз ретінде тіркелген жас келіншек арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізуге көп ізденді. Бизнес-жоспар әзірлеуге барын салды.

Ең алғаш қол жеткізген қаражаты – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік грант беру тетігі бойынша 555 мың 600 теңге кәсібін бастап кетуге көмегін тигізді. Ал жақында кәсіп иесі өзінің тынымсыз ізденісінің арқасында «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының кәсіпкерлердің жаңа бизнес идеяларына мемлекеттік гранттар беру жөніндегі байқауға қатысып, 2 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа қол жеткізді. А.Ибадуллаеваның ауданда осы бағдарламаға қатысуға тілек білдірген 18 бен 29 жас аралығындағы 35 талапкердің ішінде грант ұтып алған 2 адамның бірі екенін айта кеткен жөн.

Мемлекет тарапынан берілген қар­жыға қажетті тігін машиналарын сатып алғанына да көп уақыт бола қойған жоқ.

– Өз кәсібін бастаушы ретінде қолымнан келетін іспен айналысқаныма аз уақыт болды. Қажет жарағымды мемлекет тарапынан берілген қаржыға сатып алдым. Ат әбзелдері қалың киіз, былғарыдан және қалың лентадан жасалатындықтан, жүген, ноқта, тартпа тігу үшін инесі жуан арнайы машина керек. Ол машина киім тігетіннен бөлек болады, әрі бағасы да қымбат. Қытай мемлекетінен шыққан «Хинпегпай», «Джак шагайка», «Жаноми» деп аталатын машиналар тоқ көзімен жұмыс жасайтындықтан, тігуге ыңғайлы, әрі уақыт үнемдеу жағынан да тиімді, – дейді өз ісінің шебері.

Қазір Ақпалдың сүйікті кәсібімен айналысуына қолдау білдіріп отыратын ата-енесі, өмірлік серігі мен екі ұлы бар. Ауылдағы «Мағжан және К» серіктесігінде күріш егетін жолдасы Мадияр қолы қалт етсе, отбасылық кәсіпке айналған шаруаға көмектеседі. Себебі олардың алдағы уақытта кәсіпті ұлғайту арқылы табысқа кенелу мақсаты бар. Кейіпкеріміздің болашақта үлкен цех ашып, онда атқа қажетті барлық затты және арнайы көкпарға киетін, күнделікті атқа мінгенде киетін былғарыдан етік тігу ойы бар.

Ұлттық құндылықтарды дамытуға кәсібі арқылы үлес қосып, табысқа кенеліп отырған кәсіпкер жаңа жұмыс орнын ашуды мақсат етеді. Әрине, ол үшін ауылдағы жастарға осы кәсіпті үйретуге, ат әбзелін тігуді үйретуге әзір екенін де айтады. Сондай-ақ ауылда ат спортын дамытуға үлес қосатын азаматтарды да іздейді.

Бүгінде нағилық кәсіпкер Ақпал Кинязбекқызы дайындаған ат әбзелдері қала орталығындағы арнайы дүкенде сатылып жатқанын және оның өнімін ат баптайтын атбегілер арнайы іздеп келіп сатып алып кететін айта кеткен жөн.

Бибісара ЖАНӘЛІ
13 наурыз 2021 ж. 1 144 0