Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ер-тұрман жасау шебері

Ер-тұрман жасау шебері

Бұл бір өзі қызық жағдай болды. Ғаламторды ақтарып отырып бір мақалаға көзім түсіп, оқып шықтым, онда ер-тұрманшы жайында жазылған екен. Көптеген қазақша кинолардағы ат әбзелін жасап жүрген тұрманшы туралы екен. Содан осы ер-тұрманшы жайында жазу ойыма келді. Айлық жоспарыма енгізіп қойдым да ұстаны іздеуге кірістім. Барлық ауылдың, кенттің әкімдеріне хабарласып, ауылдарда ат әбзелдерін жасайтын ұсталар жайында сұрастырдым, бірақ «жоқ» деген жауаптан басқасын естімедім. Үмітім үзілгендей болған кезде Сәйділдә Сәдуақасов ағай жайлы естідім де қолға бірден қалам алдым.

Ұста Сәйділдә Сәдуақасұлы 1943 жылы дүниеге келген. 1959 жылдан бастап әкесінің жанында сағат жөндеумен айналысқан екен.
– Ол кезде сегінші сыныпты бітірген кезім, әкем мектептің кешкі оқу бөліміне ауыстырып алды. Содан бері осы іспен айналысып келемін. Алғашында сағат жөндеумен айналыстым, кейін аудандық халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинатында темір ұстасы болып жұмыс жасадым. Ол кезде кантромарка пештерін, самаурынның кернайларын, шімшеурін, түрткіш, қалақ тағы басқа темірден жасалатын дүниелердің барлығын жасадық. Жасалған заттарды  өткізіп ақшасын алатынбыз, – деп еске алды Сәйділдә ағай.
Сәдуақас ағаның әкесі атақты ұста болған кісі екен. Ата кәсіппен айналысу ол кісіге әкеден дарыса, қазіргі уақытта бұл іспен баласы Қуаныш айналысуда.
Бір қарағанда, бәрі оңай көрінгенімен, темірден түйін түю өте қиын. Ал, аттың ерін, жүгенін, әбзелдерін жасап оны мыспен, күміспен көмкеріп, әсемдеу уақытты да, ыждағаттылықты да талап етеді. Қуаныш Сәйділдәұлы қазіргі уақытта жеке кәсіпкер болып тіркеліп, жұмыс жасауда. Халық қажеттілігіне пайдаланатын тауарларды алысқа бармай-ақ оның шеберханасынан алуға болады. Ал, онда жоқ тауарларды тапсырыспен жасап береді.
«Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаса керек. Әкесінің жанында жүріп жастайынан осы өнердің қыр-сырына қанық болып өскен Қуаныш та бүгінде ұста. Әуелі темірмен жұмыс жасаса, осы он жылдың көлемінде ер-тұрман, аттың әбзелдерін, тартпаларын, өмілдірігін, құйысқанын жасаумен айналысып келеді.
«Шебердің қолы алтын» демекші, Қуаныштың жасаған дүниелері көздің жауын алады. Әсіресе, аттың жүгені әдемі металдармен көмкеріліп жасалған.
– Пайдаланатын шикізаттарды арнайы өзім барып аламын. Мысалыға былғарыны арнайы Тараз қаласына барып алдым, ал әсемдеуге арналған күмістерді Алматыдан алып келдік. Бірақ, күміспен көмкерілген жүгендер қымбат болады. Оларды арнайы тапсырыспен жасаймын. Ал, ерге келетін болсақ, ердің түрі көп құранды ер, қозықұйрық, құстұмсық және ашамай тағы басқалары. Қазіргі таңда тек тапсырыспен осы құранды ерді жасап жатырмын. Бір ерді жасау үшін шамамен бір жетідей уақыт қажет. Ердің қалыбын жасап алып, оны ағаш желіммен желімдейміз кейін астарына мата жапсырып бетін былғарымен қаптап, шегелейміз. Міне осының барлығына аз уақыт кетпейді, – дейді ұста Қуаныш Сәйділдәұлы.
Шебердің қолынан шыққан жәдігерлер қазіргі уақытта көрмелерге қойылып лайықты бағасын алуда. Соның ішінде «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсына белсене қатысқаны үшін бірнеше мәрте облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістігі үшін көрме конкурсына қатысып, аймақ басшысының «Алғыс хатын» иеленген. Дәстүрлі қол өнер шеберлерінің  байқауында «Метал өңдеу зергері» номинациясы бойынша I орынды еншіледі. Сонымен қатар Қуаныш Сәдуақасов кәсіпкерлік саласына қатысты бірнеше бағдарламаларды оқып сертификат алып, қазіргі уақытта кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грантты иеленіп, кәсібін дөңгелетуде.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

07 қазан 2020 ж. 774 0