Тәжірибелі кітапханашы, білікті маман
Мәдениет саласы бойынша жыл үздігі атанған Сайра Сейтенді аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары жақсы біледі. Нағыз рухани құндылықпен сусындаған оның бойында қазақ әйеліне тән ерекше қасиет бар. тәжірибелі маман әдеби образдарды нақышына келтіріп орындай біледі. Тарих жылнамасын тереңнен саралайтын кітапханашы нағыз талантымен көпшілікке танылған.
Ширек ғасырға жуық уақытын кітапхана саласына арнаған Сайра Бәкірқызы атақты Әбіраш Жәмішев пен Қалтай Мұхамеджанов туған жері Шіркейлі ауылында өмір есігін ашқан. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқуға қызығушылығы артып, руханиятқа сусындап өседі. Соның нәтижесінде, ол Жезқазған мәдениет училищесін кітапхана тану және библиография мамандығы бойынша бітеріп шығады.
– Кітап – жансыз болғанымен рухани бағыт-бағдар берер ерекше құндылық. Ал кітапханашы – өмір сүру дағдыма айналған мамандығым. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп абыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, өз қызметіміз арқылы оқырманды жақсылық пен рухани құндылыққа жетелейміз. Әлем және қазақ әдебиетімен қатар, сан алуан жанрдағы шығармаларды зерделеп, көпшілікке насихаттаймыз. Оның ішінде балалар әдебиетінің маңызы зор, – дейді тәжірибелі кітапханашы.
Осыған дейін кітапхана саласының бірнеше бағыты бойынша қызмет атқарған Сайра Бәкірқызы РАБИС бағдарламасына электронды кітап пен мақала орналастыруды жетік меңгерген. Осыдан 4 жыл бұрын Қызылорда қаласындағы облыс әкімдігінің кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты ұйымдастырған облыс кітапханашыларының арнайы оқуында білімін жетілдірген.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша жыл үздігі – «Жалын» номинациясымен марапатталдым. Білікті басшымыз Гүлстан Нұржакиеваның нұсқауымен кітапханашының атқарар қызметі мен негізгі міндетін меңгердік. Қырық мыңға жуық аудан халқына қызмет ететін біздерге зор жауапкершілік артылады. Оқырман сұранысын қанағаттандыру арқылы заман талабына сай ізденіп келеміз, – дейді білікті маман.
Сала үздігі Сайра Сейтен кітапхана қызметінің өркендеуіне өз үлесін қосқаны үшін еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болуда. Бүгінде ардақты ана ретінде қаракөлдік Әкбар Жетпісбаевпен бірге отбасында екі перзент тәрбиелеп отыр.
Балтабай ОРДАБЕКОВ