Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани қазынадан ажырамайық

Рухани қазынадан ажырамайық

Кітапхана қызметкерлерінің жұмысы көзге көріне берме­генімен, бұл саланың өзіне тән қиындығы бар. Оқырман жанын баурап, қызық кітап­тарын ұсынып, тіркеп алып оты­ратын жылы жүзді апайлар бәріміздің есімізде болар. Бүкіл кітапханашы осындай мейірбан  болады деген бала жүрегімізде түсінік қалып­тас­қан.

Саналы ғұмырын кітапханашы болуға арнап, оқырман жүрегінен орын ала білген жанның бірі – Раушан Тұрсынбайқызы. 1947 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, 1964 жылы М.И.Калинин атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылдан бастап еңбек жолын Саяси ағарту кабинетінде «кітапханашы» болып бастаған. 1972-1975 жылдар аралығында Жалағаш ауданында Партиялық Комитеттің «партиялық сектор» бөлімінде жұмыс жасаған. 1975 жылы жұбайының жұмыс бабымен Тереңөзек кентіне қайта келіп, 1983 жылға дейін Сырдария аудандық балалар кітапханасында жұмыс жасаса, 2005 жылы зейнетке шыққанша Сырдария аудандық орталық кітапханасында «кітапханашы» болып қызмет атқарған. Бірнеше мәрте облыс және аудан әкімінің  «Алғыс хатын» иемденген. Зейнетке шыққан соң  қоғам өмірінен тыс қалмай бірнеше жылдар бойы өзі еңбек еткен саланың бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы қызметін атқарып келеді.

Ұзақ жылдар кітапханашы болып қызмет атқарған Раушан Матыбаева апамыздан кітапсүйер қауымға оқуға қандай қызықты кітаптар ұсынатынын және кітапханашының бойында болу керек қасиеттерді сұрағанымда:

«Кітапханашы оқырманмен тығыз жұмыс жасауға қабілетті бол­уы керек. Біздің уақытта жұмыс әлдеқайда қиын болатын. Оқырман саны да айтарлықтай көп болды. Кітапханашы бола жүріп мекеменің кітап толықтыру бөлімінде қызмет атқарып, 15 ауылдың кітапханасына кітап бөлдім. Кейде түн ортасына дейін жалғасатын жұмыстан ешқашан шаршаған емеспін. Бұл мамандыққа деген ыстық ықыластан болар.

Ал оқырман қауымға Әзілхан Нұршайықов, Сәбит Досанов, Мұхтар Әуезов сынды қазақ классиктері мен тарихи кітаптарды оқуға кеңес берер едім. Өзімнің немерелерімді де телефоннан бір уақыт демалып, кітап оқуға үгіттеп отырамын», – деді.

Қазіргі таңда зейнеткер жары Бейбіт Әбдіреев екеуі 3 бала, 10 немере тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Тұңғыштары Бауыржан мен жары Әлия медицина саласының қызметкері. Ортаншысы Майра өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарса, кенже ұлы Саттар «Талсуат оңалту орталығында» қызмет етеді.

Раушан апамыз қазіргі таңда зейнеткер болғанымен қоғам өмірінен шет қалмай, үнемі назарда ұстап отырады екен. «Тіршілік тынысы» газетіне міндетті түрде жазылып, аудандағы өзгерістерді бақылап отыратындығын да атап өтті.



Жұлдызай АНШАЕВА

13 ақпан 2021 ж. 762 0