Жаңаша оқыту – заман талабы
«Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» деп Міржақып Дулатов айтқандай, қазіргі заманның басты күші – білімде. Жаһандану заманында білімді ұрпақ тәрбиелеуге білек сыбана кіріскен дұрыс-ақ. Әлем елдерімен тереземізді тең ұстауға бағыттап, жаңартылған оқу бағдарламасы арқылы ескіліктің жұрнағынан ажырап, бала санасын жаңашылдыққа бейімдеу – тиімді әдіс.
Еліміздің жаңа бастамасын қолдап Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектебінде «Жаңаша оқыту – заман талабы» тақырыбында мектепшілік семинар өтті. Семинар ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.
Ең алдымен семинар ұстаздар мен шәкірттер жетістігін таныстырудан және көркем еңбек пәні мұғалімдері Л.Бакирова пен Ж.Қосжанованың қолдан жасалған бұйымдарын, «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Ә.Бекбергеновтің шәкірттері жасаған роботтарынан жасалған көрмесін тамашалаудан басталды. Мұнан соң мектеп директоры Сламбек Шахапұлы семинарға қатысушы ұстаздарға сәттілік тілеп, семинарды ашып берді.
Семинарда физика пәні мұғалімі Г.Бекенова «Математикалық және серіппелі маятниктің тербеліс кезеңін анықтау» тақырыбындағы практикалық сабағын көрсетті. Сонымен бірге биология пәнінің мұғалімі Ф.Досмағанбетова ашық сабақ өткізді. Бастауыш сынып мұғалімі А.Адикенова, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі С.Дүйсенбаева, ән-әуез пәнінің мұғалімі Ж.Қосжанов М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына бірлесе отырып, біріктірілген сабақ өткізді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі П.Сұлтанова «Етістіктен өткенді қайталау», бастауыш сынып мұғалімдері И.Алдекешова, Л.Қайралапова «Құмырсқа мен бидай дәні», «Мен де атқа міне аламын» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырды. Мектеп тренері Б.Көшекбаева мұғалімдер арасында «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» тақырыбында коучинг өткізсе, мектеп психологтары Н.Талпақова мен А.Тасанова «Балам – менің баға жетпес байлығым» атты ата-аналармен тренинг ұйымдастырды. Мектеп тәлімгері С.Қоңырбаеваның ұйымдастыруымен 9-сыныптар арасында «Қызық екен» интеллектуалды білімділер бәйгесі болды. Семинар соңында ағылшын тілі пәні мұғалімі Г.Абдалиева дайындаған ағылшын үйірмесінің оқушылары «The Gingerbread Man» (Баурсақ ертегісі) ертегі желісі бойынша қойылым көрсетілді.
Өз кезегінде мектеп директоры С.Қаюпов семинарға қатысқан ұстаздар қауымына арнайы «Алғыс хат» табыстады. Содан кейін оқу жылы көлемінде жетістікке жеткен шәкірттерді «Алғыс хат» пен арнайы дипломмен марапаттады. Ал ата-аналар комитетінің мүшесі білім ордасының ұжымына алғыс білдіріп, қызметтеріне толағай табыс тіледі.
Жұлдызай АНШАЕВА