75 шақырым: Дария қандай сыр бөгіп жатыр?
Дарияны жағалай қоныстанған Сыр жұртшылығы тасқын судан келер қауіпті жадынан шығарған емес. Дүлей мінезді дарияның қытымыр қыс басталса, көпшілікті әбігерге салатыны да белгілі. Сондықтан тасқынға тосқын қою жұмыстары жергілікті атқарушы билік пен төтенше жағдайлар қызметінің басты назарында. Бүгін де аудан әкімі Руслан Рүстемов бастаған тиісті сала басшылары аудан аумағындағы қорғаныс бөгеттерін аралап, көзбен көрмек ниетте жолға шықты...
Бөгет басында аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров соңғы жылдары тасқын судың алдын алу мен болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Сырдария өзенінің аудан аумағынан өтетін ұзындығы 75 шақырымды құрайды. Дарияның бойымен оң және сол жағалауға қорғаныс бөгеттері орналасқан. Ағымдағы жылы қауіпті тұстар анықталып, облыстық бюджет есебінен қалпына келтіру және нығайту жұмыстары жүргізілді. Тереңөзек кентінің тұсындағы «Қалғандария-Аласиыр» каналының 345–366 бекет аралығындағы және «Узтоп» учаскесіндегі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру, нығайту жұмыстарын «Углесбыт» серіктестігі атқарды, – деген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Зинадинұлы облыстық мәслихаттың депутаты Расул Есенов басқаратын серіктестік мамандары қорғаныс бөгеттерін сапалы әрі кең етіп салғанын атап өтті.
– 2019 жылғы 21 мамырдағы облыс әкімінің төрағалығымен өткен комиссия отырысының хаттамалық шешімімен Сырдария ауданының әкімдігіне «Аласиыр» каналының 366-407 бекет аралығының қорғаныс бөгетін қалпына келтіру, нығайту жұмыстарын аудандық бюджет есебінен жүргізу тапсырылды. Осыған байланысты аталған қорғаныс бөгетіне «Сырдариясушар» өндірістік учаскесі тарапынан іздестіру-жобалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 4,1 шақырымға 13 530 шаршы метр топырақ үйіліп, қорғаныс бөгетін нығайту қажеттігі нақтыланды. Бүгінгі күнге жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 407,0 мың теңге қаржы бөлінді, – деді аудан әкімінің орынбасары. Сондай-ақ қорғаныс бөгеттерінің осал тұстарын анықтау бағытында құрылған арнайы жұмысшы топтың атқарған жұмыстарымен таныстырды.
Бұл ретте аудан әкімі Руслан Рүстемов судың тілсіз жау екенін айтып, дүлей мінезді дариядағы судың деңгейі жыл бойы бақылауда болу керектігін ескертті. Сонымен бірге қорғаныс бөгеттерін аралап, осал тұстарын нығайту жұмыстарын ай сайын жүргізуге назар аударып, бірқатар тапсырма берді. Өз кезегінде «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Бектұрған Искаков дария туралы өз ойын ортаға салды.
– Аудан аумағынан өтіп жатқан дарияның сыры да, жыры да көп. Сырдария атауы да сыры терең болған соң қойылған секілді. Қырғызстан мен Өзбекстан жеріндегі Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылуынан құралатын Сырдария өзені Арал теңізіне барып құяды. Біз үшін басты мәселе – мұздың тез қатуы мен шамадан тыс көлемде судың көп берілуі. Аталған екі мәселе де қатаң бақылауымызда. Арнайы техникалардың көмегімен қорғаныс бөгетінің ой жерлерін биіктету жұмыстарына учаске қызметкерлері атсалысуда. Абырой – ортақ, жұмысымыз да зор жауапкершілікті талап етеді. Тасқын судан келетін апат шығыны қай кезде де орасан. Алдын алу мен болдырмау бағытында барлық күш-жігерімізді жұмсап, жұмыс жасап жатырмыз, – деді өндірістік учаскесі басшысы.
Атап өту керек, ауданда су тасқыны орын алған жағдайда қолданылатын материалдық-техникалық қор жасақталған. Қорда 6500 дана қап, 90 дана күрек, 1500 дана қамыс бумасы, 800 дана қада бар екен. Сонымен қатар 4 тонна бензин және 6 тонна дизель отынын қажет уақытта алуға келісім шарт жасалған. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Асхат Оразбеков су басу қауіпі бар учаскелерден тұрғындарды, жануарларды көшіру мақсатында 8 эвакуациялық жинақтау, 10 эвакуациялық бекет бар екенін жеткізді. Төтенше жағдай туындағанда аудан тұрғындарын құлақтандыру үшін 3 сирена жұмыс жасайтынын айтты.
Қорғаныс бөгеттерін аралау барысында бірнеше шақырым жол жүрдік. Күздің суығы мен жердің ылғалдылығы жауратқаны да рас. Бірақ қорғаныс бөгеттері аумағында атқарылуы тиіс жұмыстар нақтыланды. Аудан басшысы тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Бізде толқынның қанша түрі бар екенін біліп, шығармашылық зейінімізді кеңейтіп қайттық. Дүлей мінезді дария дүйім жұртты әбігерге салмаса игі.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ