Біздің отбасы – есірткіден алыс
Менің отбасым – іші бақытқа, шаттыққа толы шағын мемлекет. Отбасы деген сөздің өзі әрбір адамға ең жақын, ең ыстық, ең қасиетті ұғым. Бірақ сол сөздің қадірін түсінбей жүргендер қаншама?!
Отбасының ұйытқысы ана мен асыраушысы әкенің бір-бірімен сыйластығы, сүйіспеншілігі мықты болса, онда ол отбасында тәрбиелі, өнегелі, инабатты да, ибалы ұл-қыздар дүниеге келеді.
Отбасының басты қызметі – дүниеге әкелген баланы өсіріп, бағып-қағумен қатар, оған дұрыс тәрбие беру. Ата-ананың балаға берген оң тәрбиесінің орнын ешнәрсе толықтыра алмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» - деп, қазақ бекер айтпаса керек. Үйімде үлкен ата-әжем болғандықтан, ескіліктің тәрбиесімен өсіп-өніп келе жатырмыз. Ата-әжемнің әрбір айтқан ақыл-кеңестерін санама, жүрегімнің төріне ұялаттым.
Мен өте қарапайым, берекелі шаңырақтанмын. Өзімді бақытты жандардың қатарынан көремін. Себебі, менің ұйымшыл отбасым бар. Ата – әжем, әке-шешем, бауырларым – менің баға жетпес қымбат жандарым. Ата – анам бізді адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелейді. Балалары қай жерде жүрсе де өзінің қарапайым, тәрбиелі жан екендерін көрсетіп жүрсе екен дейді. Анамның: «Тәрбие - табалдырықтан» деген сөзі мәңгі есімде. Қыз баласы ибалы болу керек, үлкеннің жолын кеспей, оған қарсы сөйлемей, ер кісінің көзіне тіке қарамау керек деп үнемі санама сіңдіріп отырады. Ағаларым ер жетіп келеді. Екі ағам да студент. Ата-анам екеуінің тәрбиесіне алаңдаулы. Себебі олардың оқуы басқа қалада. Екеуі де спортқа қатысады. Көгалдағы хоккейден спорт шебері. Бірақ адамды қоршаған орта өзгертеді емес пе?! Мүмкін жанында жүрген балаларға еріп, жаман жолға түсіп кетеді ме деп те уайымдайды. Мен ағаларыма сенемін. Олар өте қарапайым, жүректері адамгершілікке толы, түсінігі мол, маған және ата-анама қамқор жандар. Ешқашан оларға қарсы келіп, сөздерінен аттап, тәрбиесін бұзған емес.
Мен ойлаймын, отбасында бірлік жоқ адамдар ғана жаман жолға түседі. Ғасыр дертіне айналған «Есірткі» деген улы затқа әуес болады. Есірткі... Естір құлаққа жағымсыз сөз. Қаншама айрандай ұйып отырған отбасын ойрандатқан, бақытты өмірлерін баянсыз еткен улы затқа тәуелді болып қалған жандар әлі қаншама?! Оның адам өміріне зияны мол екенін біле тұра қоя алмайтындарына қынжыласың. Әсіресе бұл жағдай жастар арасында өкптеп кездесуде. Тәуелді болған адам есірткінің құлы. Кейін бара-бара көптеген бұзақылық істерге итермелейді. Адам өлтіру, ұрлық жасау т.б жайсыз әрекеттердің шебері атанады. Бұл шырғалаңға түскен адамның одан құтылуы оңайға соқпас. Өмірің басқа арнаға бұрылады. Ең алдымен өзіңді жоғалтасың, өмірге деген құштарлығың , болашаққа деген нық сенімің өшіп, жүзден әсем күлкі мен отбасыңдағы саған деген сенім, абыройдан айрыласың.
Әкем ағаларыма үнемі айтып отырады. Оқудан,спорттан қолдарың босағанда уақыт тауып, міндетті түрде мешітке барыңдар. Намаз оқуды үйреніңдер. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтаңдар. Жаман ойдан, жаман іс-әрекеттен аулақ болып, жүректеріңді тек имандылыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа толтырыңдар дейді. Ата – анамның армандары орындалды. Мен мектебімде «үздік оқушы» санатына іліндім. Ағаларым құран жаттап, апта сайын келетін қасиетті жұма намазға қатысуда. Мен ата-анамның, бауырларымның жүздерінен күлкі кетпеуін тілеймін. Олардың көңілдеріне қаяу түсіргім келмейді. Барлық отбасында осындай қуанышты сәттердің көп болуына тілектеспін.
Менің бақытты отбасым – жаман әрекеттерден, оның ішінде есірткіден алыс!
Айымжан Керейтбаева,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей оқушысы
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей оқушысы