Уланудан қалай сақтанып жүрміз?
Ауданда ағымдағы жылы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығымен әр аптаның сенбі күні аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі және №12 өрт сөндіру бөлімі тұрғын үйлерді аралау басталды. Бұған 35 қызметкер жұмылдырылып, тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жылыту пешін дұрыс пайдалану, электр құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері тақырыптарында дайындалған нұсқаулықтар мен ақпараттық үнпарақтар таратылуда. «Тіршілік тынысы» редакциясы арқылы баспасөз беттеріне 11 рет мақалалар жарияланды.
Қыс мезгілінде түтінге уланудың салдары тұрғын үйлердегі от жағу пештерінің мұржа құбырының дұрыс тазаланбауынан немесе пеш есігінің дұрыс жабылмай ашық қалуынан болады. Бұл өз кезегінде мұржа арқылы түтіннің сыртқа шықпай, үй ішіне тарауына әкеледі.
Сондықтан пештердің мұржа құбырының дұрыс тазалануына және пеш есіктерінің дұрыс жабылуына, пеште жарықшалардың болмауына ерекше назар аудару қажет.
Сонымен қатар, кенттегі 2 қабатты тұрғын үйлер орталық бу қазандығы арқылы жылытылуға арналған. Алайда қазіргі таңда орталық бу қазандығының жоқтығынан тұрғындар өз күшімен ішкі от жағу пештерін салып пайдалануда. Ал пештердің мұржасы ретінде тұрғын үйлердің көпшілігі желдеткіш құбырларын пайдаланған. Бұл өз кезегінде желдеткіш құбырлары арқылы жіберілген түтін (көмір қышқыл газ) көрші пәтер тұрғындарына зиянын тигізуге әкеледі. Мұның арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.
Осы жағдайларды ескере отырып, Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі Сіздерден 2019-2020 жылдардың жылу беру маусымында жоғарыда атап өткендей оқыс оқиғалардың орын алмауы үшін мына тыйым салынған талаптарды орындауға кеңес береді:
– Тұрғын үйлерде әртүрлі қолдан жасалған электр жылытқыш құралдарын пайдалануға;
– Желдеткіш жүйелерінің құбырларын мұржа есебінде пайдалануға;
– Ұйқыға жатар алдында пешке көп мөлшерде көмір отынын салып жағуға;
– Жағылып тұрған пешті қадағалаусыз қалдыруға тиым салынады.
Естеріңізде болсын, өрттің алдын алу оңай, ал оны өшіру мен зардабы ауыр. «Өрт – тілсіз жау» екендігін, ал одан келетін зардаптардың орнын толтыру қиын екендігін әрбір азаматтың ұмытпағаны дұрыс!
Орын алған төтенше жағдайлар мен оқиғалар кезінде «101», «112», 21-2-00, 21-4-94 телефондарына хабарласуыңызды сұрайды.
Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі