Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұңғышын "Ашамайға" мінгізді

Тұңғышын "Ашамайға" мінгізді

Тәрбиелік маңызы зор ғұрыпты сәкендік Пірмановтар отбасы өткен жылы ұлдары Шахислам Алтынбаев 7 жасқа толған кезде жасаған екен. Үлкен ша­ңырақтың отанасы Тұрсынай апа немересіне «Қырқынан шығару» рәсімінен кейін «Айдар» қоюға шешім қабылдайды. Шахисламның айдары 7 жасқа дейін 30-35 см болып өседі. Аталған ғұрыптың маңыздылығын жоғары бағалайтын үлкен шаңырақта Шахисламмен бірге 2 қыз, 1 ұл өсіп келеді.

Негізінен қазақы ғұрып бойынша «Айдар» шашты баланың нағашылары кесетіні мәлім. Осындай құрметке Шахисламның нағашысы, тереңөзектік Әзімхан Әбдірәсіл ие болады. Қазақы дәстүрден жаңылмаған ол арнайы әкелген кілемін төсеп, балаға арналып тігілген көрпешеге отырғызып, айдарын кеспес бұрын жиеннен рұқсатын сұраған. Бала рұқсатын бергеннен кейін «Айдар» кесу» рәсімін орындаған.

– Шахислам есімін үйдегі отағасы қойды. Ерекше есімнің иесі атанған немеремізге «Айдар» қоюды жөн санадық. Үнемі баламызға бұл қасиетті ғұрыптың маңыздылығын түсіндіруге тырыстық. Үлкен жауапкершілікті қажет ететін ғұрыпты жасауда барлық қазақы дәстүрді берік ұстана білдік. Оның ішінде немереміздің нағашысы жиенге арнап, «Ашамайға мінгізу» салтын жасады, – дейді Тұрсынай Мырзағалиева.

Көпшіліктің ақ батасын алған жиені Шахислам Алтынбаевқа нағашысы Әзімхан Әбдірәсіл «Айдар кесу» рәсімінен кейін «Ашамайға мінгізу» ғұрпын жасайды. Аудандық полиция бөлімінің жол патрульдік полициясының аға инспекторы Әзімхан жиенін жуас тайға мінгізіп, «Ашамай» аталатын ерге отырғызады. Шахислам қазіргі таңда ауылдағы орта мектепте 2-сыныпта оқиды.

– Қазақ халқының ұмыт бала бастаған «Айдар ке­су» және «Ашамайға мінгізу» ғұрпын әпкемнің ұлы Шах­исламның құрметіне жасағаныма қуаныштымын. Ескі ғұрыпты жасау үшін ерекше дайындық жүргі­зі­ле­ді екен. Алдағы уақытта ер азамат ретінде же­тілу жолында «Ашамайға мінгізу» ғұрпы бала үшін ерекшелігі зор. Ер-тоқымды асқарлық азаматтар арнайы жылқысымен дайындап берген болатын. Ба­лаға ыңғайлы етіп жасалған ер-тоқыммен бірге, ат ә­бзелдері қоса жасалады екен, – дейді Әзімхан Әбдірәсіл.

Төрт перзенттің ата-анасы Тұрарбек пен Жазира ата дәстүрді жаңғыртып, үлкендердің ақ батасын алды. Бүгінде ұмыт болып бара жатқан ғұрыпты жаңғырту, оны жасауды өзге де жас отбасылар дағ­дыға айналдырса дейміз. Шахисламның әжесі Тұрсынай немересінің «Айдар» шашын сандығына сақтап қойды. Ал арнайы жабумен безендірілген «Ашамай» ері тұңғыш ұлдың негізгі қазынасы болып саналады. Асылында, қазақта «Ат – ер қанаты» деп бекер айтылмаса керек-ті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ 
26 қаңтар 2021 ж. 1 049 0