Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқымыз балаға неге айдар қойған?

Халқымыз балаға неге айдар қойған?

Қазақта кекіл, айдар қою, бұрым өру сияқты шаш қою дәстүрі қалыптасқан. Ұл баланың төбесіне қарын шашынан шөкім қалдыратын болған. Шөкім шаш өсіп, айдарға айналады.
  
Қазақ халқы бұл дәстүрді қорқыныш ұялататын тылсым күштерден қорғайды деп сенген. Бірақ айдар барлық балаға бірдей қойылмайды. Мысалы, перзентке зар болып, оған әрең жеткен ата-ана көбіне ұл баланың төбесіне айдар, қыз балаға тұлым қояды. Ертеде айдарды ханның мұрагерлеріне, бай-манаптардың үміт күткен ұлдарына қойған. Бұл әлеуметтік мәртебе деп есептелген. “Айдарлы бала – айбарлы бала” деген сөздің мағынасы да осыдан шыққан болуы керек.

Баланың шашы ұстарамен толық алынса да, айдар сол күйі қалған. Айдар қойған ата-ана үлкен той жасап, ауылдың сыйлы, құрметті кісілерін шақырған. Ұл бала есейген сайын айдары ұзарып өседі, оны моншақ, маржан араластырып өрген.

Ер бала 12 жасқа толғанда айдары кесіледі. Бұл кезде де үлкен той жасалады. Жиылған жұртқа мүшел жасқа толған баланың алғашқы құрбандығы етіп қиылған айдар көрсетіледі. Ғалымдардың айтуынша, ұл балаға айдар қиылған соң басқа шаш үлгісі – байдалы қойылады.

Тарихи деректерде Кенесарының інісі Наурызбай батырдың да айдары болғаны жайлы айтылады. Ал “Қобыланды батыр”жырында “Тұлымдыны тұл қылды, Айдарлысын құл қылды”, – деген жолдар кездеседі.

Әлем халықтарында да балаға шаш қоюдың өзіндік дәстүрі бар. Соның ішінде қазақтың айдарына ұқсас үлгіні Таиланд халқы да көп қолданған. Олар айдарды аурушаң, әлсіз балаға қойып, айдар оған күш береді деп сенген. Сонымен бірге Қытай, Мысыр халықтары болмысынан өте сүйкімді, алып болып туған балаларға “көз тимесін” деген ниетпен айдар қояды. Ал моңғол, маньчжур, қалмақ, украин, түрік халықтары ежелде айдарды жыныстық айырмашылықтың белгісі ретінде қойған.

baribar.kz
17 сәуір 2019 ж. 1 584 0