Қоғамдық көліктер қауіпсіздігі қадағалауда
Республика көлемінде 2020 жылдың 20-22 қаңтар аралығында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Осыған орай аталған іс-шара ауданда ұйымдастырылып, қоғамдық көліктер жүргізушілеріне қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Негізінен, жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты – автомобиль жолдарындағы жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру, сондай-ақ желіде қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын азаматтарға қатысты бақылауды жетілдіру. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық көлік құралдарының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Жыл бойына жол қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық іс-шаралар өткізіліп отырады. Осы ретте, «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы бабарысында аудан орталығынан Қызылордаға және елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көлік иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтауды ескерттік. Және де аталған шара шеңберінде масаң күйде көлік басқарған бір жүргізуші анықталды. Қазіргі таңда ауа райының күрт төмендеп, қар жауғанның салдарынан жол тайғақ. Сондықтан жол қозғалысында аса сақ болу қажет, – дейді потрульдік полиция қызметінің аға қызмет инспекторы Әзімхан Әбдірәсіл.
Айта кету керек, мұндай іс-шаралар жол-көлік апаттарының санын төмендетуге, қоғамдық көлік жүргізушілерімен орын алатын жол ережесін бұзушылық жайттарын болдырмауға септігін тигізеді.
Е.БЕРКІНБАЕВ