Сырдарияда «электроника» бұзылған жағдайда қайда баруға болады?
Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар кейде істен шығып жатса, әбігерге түсетініміз белгілі. Аяқ астынан қажетті заттың ақауы шықса, оны жөндейтін шебер іздеп әуреге түсетініміз анық. Қалаға апарудың сәті түссе жақсы, ал кент тұрғындары алысқа бармай кенттен шебер іздесе қайда барады? Бұл сұрақтың жауабы бар. Кент орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы көшенің бойынан «Электроника» жөндеу шеберханасы ашылғанына біршама уақыт болды. Оны ашқан шебердің жұмысымен танысу үшін арнайы шеберханаға бас сұққан болатынбыз.
Шағын бөлмеде көзіне арнайы көзілдірігін киген орта жастан асқан азамат теледидарды жөндеуге қызу кірісіп кеткен. Өзін Мұхит Наурызбаев деп таныстырған шебер туралы оқырмандарымызға кеңінен айту үшін алғашқы сұрағымызды да қоя бастадық.
– Аға, электрониканы жөндеумен қай кезден бастап шұғылданасыз?
– Менің қызығушылығым мектеп оқушысы кезімнен басталды. Әлі есімде 5 сыныпта оқимын. Сол кезде көне үй телефон аппараты істен шықты. «Смольный» деп атап кеткен аппаратты жөндеп, қайта іске қосқанмын, – деді шебер Мұхит аға.
Мектеп оқушылары бұрын еңбекке баулу пәнінде мұғалімнен тұрмысқа қажетті қарапайым заттарды жөндеуді үйренетін. Әсіресе, ер балалар шеберханада ағаштан, темірден жасалған бұйымдарды жонып, кесіп, қолөнер шеберлігін шыңдайтын. Мұхит аға да бала кезінде мектеп шебері В.Поповты жылы лебізбен еске алды. Вячеслав Владимирович оның қабілетін байқап, көп нәрсені үйреткен. Әсіресе, түзу сызу, кесу, жону сияқты жұмысты бар ынта-ықыласымен үйренгені болашақта осы мамандықты игеруіне септігін тигізді.
– Аудан орталығында үлкен шеберхана болды. Қаладағы «Грант» шеберханасының бөлімшесі еді. Онда Бахтияр аға мен Серікбай аға жұмыс істеді. Әскери борышымды өтеп келген соң осы ағалардың қасында жүріп, көп нәрсе үйрендім. Қызығушылығым мен әуестігім менің кәсіби маман болуыма ықпал етті. Аудандағы байланыс торабында жұмыс істеген жылдары арнайы курстардан өтіп, байланыс қызметінің қыр-сырын меңгердім. Бұл да электороникамен жұмыс істеуімді жетілдіре түсті. Қазір өзімді осы саланың нағыз маманымын деп айта аламын. Көзімді ашқалы сүйікті кәсібіммен айналысып келемін. Әттеген-айы осы кәсіпті үйренемін деушілердің жоқтығы. Жастардың арасында қызығушылық танытқандар әзірге болмай тұр, – дейді шебер М.Наурызбаев.
Иә, шын мәнінде тұрмысқа қажетті электр құрылғыларын жөндеуге сұраныс бар. Ал оны жөндейтін шебердің аздығы, келіп түскен тапсырысты уақытында орындауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан шебер қасына көмекші іздеп, шәкірт боламын дейтін талапкерлерді құрақ ұша қарсы алатынын айтады.
Шеберхана иесі қазіргі заманғы сұйық кристалды теледидар, Отау ТВ жер серіктік антеннасын орнату, жөндеуге тапсырыс қабылдайды. Сонымен қатар шаңсорғыш, кір жуатын машина істен шықса, жөндеп береді. Жалпы электр тоғына қатысты ақауы шыққан құралдарыңызды осында әкелсеңіз шебер жөндеп береді.
– Марқұм әкем Яхия Наурызбаев соғыс ардагері еді. Оның ағалары кезінде ұста болған екен. Ал өзімнің бауырым Мұхтар Алматы қаласында тұрады. Ол кісі домбыра, қобыз жасаудың шебері. Ұлым – Сәбит мәдениет саласында жұмыс істейді. Қызым – Нұргүл мамандығы фармацевт. Жұбайым байланыс саласында жұмыс істеді, қазір мүмкіндігі шектеулі жан. Бірнеше жылдан бері қолымнан келетін кәсіппен айналысып келемін, – дейді М.Наурызбаев.
2014 жылдан бері жеке кәсіпкерлікке ден қойған кәсіп иесі шеберханаға қажетті құрал жабдықтар алу үшін кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасына қатысқанымен несиеге қол жеткізбеген. Кәсіпкер ұсынған жобалар қолдау таппағандықтан, осы күнге дейін өз күшімен, шеберханадан түскен табысын қажетіне жұмсап келеді. Жақында шеберханаға алынған шарық болашақта пышақ қайрауға тапсырыс беретіндерге қызметін көрсетуге дайын тұр.
Жалпы Мұхит аға тұрмыстық заттарды жөндейтін қызмет көрсету орталығын ашуға бизнес жоспарын әзірлеп қойған. Биылғы жылы сәтін салса жұмыссыздарды қолдау бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Қайтарымсыз несиеге қол жеткізсе, қызмет аясын кеңейтіп, соңғы үлгідегі құрал жабдықтарды алмақшы.
Тұрмысқа қажетті заттарды жөндеуге, электр тоғын жүргізуге тапсырыс қабылдайтын шебердің қызметін пайдаланушылар алысқа бармай-ақ кенттегі шеберханаға келіп, қызметін пайдалануына болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ