Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Аға шебер

Тереңөзек кентінің орталығында кәріз жүйесі бар. Бұл кент тұрғындарына қолайлы жағдай жасалғанын білдіреді. Кәріз жүйесінің болғаны экологиялық жағынан да тиімді. аудан үшін аса маңызды аталған жоба 2013 жылы пайдалануға берілген. жобаның жалпы Құны 549,5 млн теңгені құрайды.
Кәріз жүйесі нысандары 2017 жылдың мамыр айынан бастап Сырдария оқшау сумен жабдықтау өндірістік бөлімшесінің теңгеріміне берілген. Тереңөзек кентінде 41 көпқабатты тұрғын үйлердің 33-і, сондай-ақ 30 бюджеттік мекемелер мен 7 кәсіпкерлік субъектілер барлығы 70 нысан кәріз жүйесіне қосылған.
Кенттің кәріз жүйесіне аға шебер Нұржан Байбосынов бастаған 15 жұмысшы маман қызмет көрсетеді. Аға шебердің бұл саладан тәжірибесі мол, қолы алтын жігіт. Ол мұнда жұмысқа орналасқанға дейін жеке үйлердің кәріз жүйесін жүргізіп, тәжірибе жинақтаған. Бұл сирек кездесетін мамандықты өздігінен үйреніп, жақсы маман болып қалыптасқан.
– Менің бұл мамандықты игеруіме қазіргі адамдардың өздеріне қолайлы тұрмыстық жағдай жасауларына деген ұмтылысы себеп болды. Қазір жағдай жақсы. Шамасы жеткендер жаңа үй тұрғызып жатыр. Олар ванна, дәретхананың қаладағыдай үй ішінде болғанын қалайды. Оған шағын кәріздік жүйе орнатылады. Мен сирек мамандықты меңгеруімді осы жұмыстан бастағанмын, – дейді Н.Байбосынов.
2003 жылы жеке кәсіпкер болып жұмысын бастаған шебер жігіт жеке жер үйлерге пластик терезе, санитарлық тораптар орнатумен айналысқан. Қолынан іс келетінін білгеннен кейін 2014 жылы «Өркен – Сырдария» ЖШС басшылығы жұмысқа қабылдаған. Бұл мекемеде Нұржан алғашқы уақытта қатардағы жөндеуші болып еңбек етті. Кәріз жүйесі 2017 жылдан бері мекеме теңгеріміне алынғаннан бастап ол аға шебер болып жұмыс жасайды. Қарамағында 15 адамы бар. Олардың 10 оператор, 3 қарауыл, 1 жүргізуші, 1 жөндеуші. Бұл топқа арнайы қызмет көлігі де берілген. Кенттің кәріз жүйесінде 5 сорап (насос) стансалары орналасқан. Оның ішінде №1 және №2 сорап стансаларына айналасындағы ғимараттардан 4936 метр өздігінен ағатын кәріз құбырлары тартылған. Ал сорап стансаларынан бір-біріне және биологиялық тазарту стансасына дейін барлығы 9965,3 метр күштеп айдаудың құбыр жүйесі бар.
– Тереңөзек кенті кәріз жүйесі бойынша 5 сорап стансалары күніне 300 текше метр кәріз суын екі мезгіл сүзгі алаңдарына айдап, қызмет көрсетуде. Күніне 1 мың 400 текше метр кәріз суынан асқан жағдайда биологиялық тазалау стансасы іске қосылады, – дейді аға шебер.
Өз жұмысына берілген азамат жыл бойы кәріз жүйесінде ешқандай кінәраттың болмағанын, егер де ақау болып жатса, тез арада жөнделіп, іске қосылатынын айтады.
Кент орталығының экологиясының таза болуына жұмыла жұмыс жасап жатқан аға шебер бастаған бригада өздеріне тапсырылған міндетті әрдайым үлкен жауапкершілікпен орындап келеді.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ

13 қазан 2020 ж. 363 0