Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпшілік пікірі ескеріледі

Көпшілік пікірі ескеріледі

Соңғы кездері «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікірлер айтылып жатқаны белгілі. Осы ретте, әлеуметтік желідегі жеке парақшаларыма да бірқатар ұсыныстар келіп түсіпті және онда тұрғындар (сайлаушылар) заң жобасы жөнінде пікір білдіруімді сұрапты. Бұған дейін де айтқанымдай, біздің қазақ халқының отбасылық қарым-қатынастарының негізі сан ғасырлардан бері қалыптасқан және онда үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу анық та айқын көрініс тапқан.

Халқымызда «Бала – бауыр етім», «Барым да, нарым да – балаларым», «Бар тапқаным – балаға» деген тағылымы мол сөздер бар. Астарына үңілсек, көп ойға шомуға болады. Бірақ сол бауыр етінен безіп, баласына адам төзгісіз зәбір мен қорлық көрсетіп, адамдық қасиеттерден жұрдай болған адамдардың іс-әрекеті кейде әшкереленіп жатады. Осыдан бірнеше ай бұрын балаларын ұрып, сол теріс әрекеті әлеуметтік желіде кеңінен тараған түркістандық «азаматтың» ісі осы сөзімізге дәлел бола алады. Қақаған қыста баласын далаға шығарып жіберіп, жасөспірімнің өміріне балта шапқанды да көріп, жаға ұстағанбыз. Міне, жоғарыда аталған заң жобасы осындай іс-әрекеттерге нақты тосқауыл қоюды мақсат еткен. Ал зиялы қауым кеңінен талқылап жатқан тұстар заң жобасынан әлдеқашан-ақ алынып тасталған және айтылып жатқан ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Twitter»-дегі жеке парақшасында атап өтті.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» – деп жазды Мемлекет басшысы.

Ал жақында ғана Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров өзінің «Facebok» әлеуметтік желідегі жеке парақшасында: «Мен Мәжіліс депутаты ретінде заң жобасын зерделеп шықтым. Қоғамда талқыланып жатқан пункттердің көпшілігі заң жобасынан алынып тасталған. Заң жобасының ұлтымыздың рухани кодына сәйкес болуы үшін еңбек ететін боламыз. Қоғамға ашық түсініктеме беріп отырамыз» деп жазды. Сондай-ақ мәжілісмен тағы да толығырақ түсініктеме беретінін атап өтті.

Яғни, Заң толық қабылданған жоқ. Әлі де зерттеліп, зерделенеді. Көпшіліктің пікірі міндетті түрде ескеріледі. Ел тұрғындарының, әсіресе зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы да қаперге алынады. Жалпы, бұл заң жобасы жөнінде қоғамда жүргізілген ашық талқылау – қазақстандық парламентаризмнің дамуының да бір көрінісі. Өйткені, зайырлы Қазақстанда бәріне тең құқық берілген. Әркімнің пікір айтуына және оны заң қабылдаушы органға жеткізуіне мүмкіндік бар.

Атап өту қажет, әлеуметтік желі белсенділері заң жобасы жөнінде пікір білдіріп, видеоүндеу жасады. Олар заң жобасының қабылдануына өз қарсылықтарын білдірген. Президент Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алар болсақ, аталған видеоүндеулер ескерусіз қалған жоқ, ескерусіз қалмайды да. Бұл ретте, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісіне Сыр өңірінен депутат болып сайланған азаматтар заң жобасын әлі де талқылап, терең зерттеп, зерделеп, өз ұсыныстарын айтады деп сенеміз. Заң жобасының ең бас
ты мақсаты – әйелдер мен балалардың құқығын қорғау екенін есте ұстауымыз қажет.

Қазақ халқының отбасындағы қарым-қатынасының, таным-түсінігі мен ұстанымының кейбір мәселелері заңда көрсетілмегенмен, ол өз мәнін жоймай, мүлтіксіз орындалып келеді. Оның ішінде ата-ананың баласына қатысты шешімдері де бар. Мысалы, бала қанша дана болғанымен әкесі тұрғанда сөз сөйлеп, бата бермейді. Сол секілді, қызының ар-ибасына ең әуелі анасы, әжесі, сонан соң үлкен әпкесі мен жеңгесі жауапты. Осы тектес мысалдарды тізбектей беруге болады. Сондықтан отбасылық құндылықтар туралы қандай да бір заң жобасы қабылданарда ұлттың ұстанымдары, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ескерілуі тиіс.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық мәслихат депутаты
22 қаңтар 2021 ж. 461 0