Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Озаттар энциклопедиясына» енген ұстаз

«Озаттар энциклопедиясына» енген ұстаз

Жер бетіне адамзат атауы пайда болған тұстан бастап адамдар қажеттілігіне орай табиғи шикізатты пайдаланды. Қазіргі заманда адамның өмірі табиғатпен егіз болғанымен, күн кө­рісін химиясыз елестету мүмкін емес. Тіпті химия саласы араласпаған бірде-бір шаруашылық жоқ деп айтуға болады. Адамды қоршаған орта шикізат түрінде ағаш немесе түрлі кен, құм, тас, мұнай берсе, оларды химиялық өңдеу арқылы аса қажетті затқа айналдыруға мүмкіндік алдық. Мұндай құбылыспен химия ғылымы айналысатыны белгілі.

Мектеп табалдырығында жүрген кезде табиғаты ғажайыпқа толы ғылымды игеруге ден қойған Зиягүл Тұяқова болашақ мамандығын осы саламен бай­ла­ныстыруға бел буады. Мақсатына жеткен мұғалім Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың жаратылыс­тану факультетіне оқуға түсіп, химия және биология пәнінің мұғалімі атанады. Жоғарғы оқу орнын үздік аяқтаған жас маман өзі білім алған туған ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектепке мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Оқушылардың зейінін арттырып, химия пәніне деген қызығушылығын дамыта түскен жас ұстаз көп ізденіп, шығармашылық жолында бірқатар же­тіс­тіктерге жетеді.

– Қарапайым адамдар күнделікті тұрмыста химиямен бетпе-бет келеді. Химияның қызметін әр сағат сайын емес, тіпті әр секундта көреді десем, қате­леспеймін. Күнделікті қолданатын гигиеналық құралдарыңыз, үй тазалайтын қоспалар, кір жуатын ұнтақ­тар, сабын, ыдыс-аяқ тазалайтын сұйық­тықтардың барлығы химияның өнімі. Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ осындай ғажайыпқа қызықпауы мүмкін емес дер едім. Жалпы химия бүгінде адамның қажеттілігіне толық араласты. Сондықтан кез келген адамға химиялық сауаттылық өте қажет деп ойлаймын, – дейді саналы ғұмырын мұғалімдікке арнаған ұстаз.

Жоғары санатты ұстаз Зиягүл Оразәліқызының соңғы бес жылда білім саласында жеткен жетістіктері өте көп. Өз пәнінің білікті маманы осыдан бес жыл бұрын Халықаралық ұстаздар одағына мүше болды. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ұстаз есімі 2018 жылы жарық көрген «200 жылдық тарихы бар Сыр өңірі педагогикасындағы қадірлі 200 есім» атты антологиясына енді. Сонымен қатар көптеген медальдің иегері. Атап айтқанда, «Сырдария ауданының 90 жылдығына» арналған мерекелік медаль, «Ұлағатты ұстаз» медалі, пән олимпиадасының «Үздік педагогы – 2020» байқауында Бас жүлде алып, төсбелгімен наградталды.

«Қажырлы еңбектің жемісі тәтті» демекші, зор жетістікке жеткен ұстаз ең жоғары награданың бірі саналатын Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Бұл марапатқа білікті ұстаз оқу бағдарламасы негізінде оқушыларды пән олимпиадасына дайындау және оқушыларды ғылыми жоба қорғауға жетекшілік жасау арқылы жетті. Мектеп оқушылары арасында білім сынағы – Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде химия пәнін таңдағандардың грант иесі атануы ұстаз үшін үлкен жетістік. Жыл сайын химия пәнін таң­даған оқушылар қатары да көбейіп, мектептен алған білімнің арқасында жоғар­ғы оқу орнының студенті атануда.
– Шәкірттерімнің арасында 2015-2019 оқу жылдары А.Мырзахметова, Б.Есбатыр, А.Кеңес, А.Сақтапберген, Г.Дәулет, А.Нұрланқызы химия пәні бо­йын­ша пән олимпиадасының жүл­де­герлері атанды. 2020 жылы рес­публикалық «Дарын» пән олимпиадасында 11 сынып оқушысы Г.Дәулет І орын алса, 9 сынып оқушысы Ж.Өмірбекова ІІ орын иеленді. Мұнан басқа республикалық ғылыми жобалар байқауында топ жарған М.Есбатыр, А.Махаш, Г.Оразқожа, Ә.Сақтапберген, Л.Сабырқызы, І.Орынбек, Ш.Еркінқызы, Н.Жолдасбекқызы болашағынан зор үміт күт­тіретін шәкірттер. Ал өткен жылы қара­ша айында Әл-Фараби атындағы ха­лықаралық олимпиадада Елдана Нұр­әлі химия пәні бойынша І орын алып, мектептің ғана емес, ауданның, облыстың атын шығарды, – дейді ұстаз З.Тұяқова.

Шын мәнінде адам өмірінде хи­мия­ның алатын орны бөлек. Мұны біз білікті педагогпен әңгімелесу кезінде ұғына түс­тік.
Химияны саналы түрде дұрыс пайдаланудың маңызы зор. Ең бастысы, ұстаз шәкірттерін химиялық затпен дұрыс жұмыс істеуге, тәжірибеде қолдануға, табиғатты қорғауға үйретіп келеді. Оқушыларды толыққанды біліммен қамтуды алдына мақсат етіп қойған ұстаз әлі күнге дейін шығармашылық ізденуден қол үзген емес.

Аудандық пән олимпиада және мұғалімдерді аттестаттау комис­сиясының, ҰБТ апелляциялық комис­сиясының мүшесі Зиягүл Тұя­қо­ваның өткен оқу жылында «Хи­мия-биология пәндері бойынша ди­дак­тикалық материалдар жинағы» рес­публикалық әдістемелік оқу құралы шықты. Ал өткен жылы «Орта мектепте инновациялық технологиялармен оқыту: химия сабағында оны қолданудың тиімділігі» және «Химия пәнін GLIL технологиясы арқылы оқыту» атты қос бірдей әдістемелік оқу құралы республика бойынша әріптестері арасында лайықты бағасын алды. Шығармашыл ұстаздың есімі осы еңбегінің арқасында «Озаттар энциклопедиясына» енді.

Мектеп тренері атағын алған ұстаз отбасында сүйікті ана, аяулы жар. Өмірлік серігі Әділбек ағамен Баян және Махаббат есімді қыздар тәрбиелеп келеді.
Жиырма алты жылдан бері туған ауылында ұстаздық етіп келе жатқан үздік педагог әріптестерінің мақтанышы. Зиягүл апай мектеп мұғалімдеріне жаңартылған бағдарлама бойынша дәріс береді. Оның осы уақытқа дейінгі қажырлы еңбегі – шәкірттерінің білім шыңына шығып, ұстаз мерейін үстем еткені.

Бибісара ЖАНӘЛІ

12 қаңтар 2021 ж. 1 344 5

Баян от 12 қаңтар 2021 14:04
Сәттілік!Алар асу көп болып, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер!

Айгүл от 12 қаңтар 2021 14:09
Ісіңізге береке берсін.Бақытты болыңыз

Асель от 12 қаңтар 2021 14:41
БИІК ШЫҢДАРДЫ БАҒЫНДЫРЫП ЖУРЕ БЕРІҢІЗ!!!денсаулығыңыз мықты болсын!!!

Bibinur от 12 қаңтар 2021 14:52
Сəттілік! Еңбекте жемісті болыңыз!

Аян от 12 қаңтар 2021 14:54
Еңбегіңіздің жемісін көріңіз тек бастамасы болсын