Ауыл мәдениетін жандандырған
Ауыл мәдениетінің өрлеуіне зор үлес қосқан Бүркітбай Мұстафаевты ақжармалық жұртшылық әркез құрмет тұтады. Жетпістің желкенін керген мәдениет майталманының өз саласында атқарған қызметі орасан зор. Жаңаөрістен түлеген Бүркітбай Мұстафаевтың есімі аудан халқына да жақсы таныс. Қызығы мен шыжығы ажырамаған мәдениеттің қазаныңда қайнаған ардақты жанмен жақында дидарласудың сәті түскен болатын. Әңгіме барысында жылдар бойы атқарған қызметін ой елегінен өткізген қазыналы қарт өткен өміріне риза екенін айтты.
Бүркітбай Мұстафаевтың балалық шағы Қызылорда қаласында өтті. Қарашаңырақта қазыналы қарттың тәлімін алып, кіші әкесінің қолында тәрбиеленді. Әулетке ортақ ұл болған Бүркітбай ақсақал 22 жасында Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына «Музыка» мамандығы бойынша оқуға түседі. Отбасындағы жалғыз перзентті әжесі Дарайы музыкант болуға баулиды.
– Үлкен әулетте қазыналы қарттардың тағылымды тәрбиесіне барынша қанықтым. Кіші әкем үйленіп, жас отбасына қолғабыс ету мақсатында ата-әжемнің айтуымен Қызылорда қаласында тұрдым. Сондықтан өз әке-шешемнің есімдерін атап өстім. Кейіннен әкем ауылға оралуымды қалағаннан соң, осында еңбек жолымды бастадым, – дейді қазыналы қарт.
Осыдан 45 жыл бұрын ауыл мектебінің директоры болған Алмат Пірімбетов жоғары білімді жас маманды жылы қабақ танытып, қарсы алады. Осыған дейін жинақтаған білімін тәжірибе жүзінде сынау үшін Б.Мұстафаевауылдағы ұлағат ұясына ұстаздық қызметке орналасады. Мектепте еңбек ете жүріп, ауыл мәдениетін көтеру үшін ауылдық клубтың жұмысын қатар үйлестіреді. Алланың берген талантымен ұстаздар мен еңбек адамдарын ұйымдастыруымен көпшілікке концертттік бағдарлама ұсынады. Аз ғана уақыттың ішінде мәдениет саласының қыр-сырына қаныққан жалынды жастарауылдан ойын-сауық отауын құрады.
– Мектеп пен мәдениеттің жұмысын үйлестіруді күн сайын жетілдіріп отырдық. Арамызда талантымен танылған жандар жетерлік. Еңбек пәнінің мұғалімі марқұм Сақтапберген Ахметов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Келдібай Уәйісов, ақын Замаддин Ибадуллаев, Балапан Арзымбетовамен қатар Айнабек Үсенбаев, Жұмахмет Сәркей ойға алған талай істің жүзеге асуына септігін тигізді. Шағын қойылымдарды жарыққа шығарып, халықтың қошеметін иеленіп жүрдік. Қойылым барысында ауыл айтқыштары мен азаматтарын сахналау негізгі мақсатымыз болды. Уақыт өте келе, елді мекендерді аралап,түрлі концерт ұйымдастырдық, – дейді өткенін еске алған қария.
Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы іспетті. Ауылдағы ағайынның өнерді шынайы бағалағаны болар, мәдениет ошағында ұйымдастырылған барлық іс-шараға толық жиналатын. Мәдениет майталманы халықтың сол кездегі қолдауына дән риза. Ауыл балаларын өнерге тарту мақсатында өткен ғасырдың сексенінші жылдары әуез мектебі ашылады. Мәдениеттің ыстық-суығына төзе білген Бүркітбай Мұстафаұлы аталған мектептің директоры атанады. Мұнда 6 жылдан аса уақыт өлшеусіз еңбек етеді. Жүзден аса шәкіртті музыка өнерінің жарық жұлдыздарына айналдыра білді.
– Бар құрылымы сахна төрінде қалыптасатын музыка мамандығы адамның қабілетін жан-жақты ашатыны рас. Ұғынықты, таза, көркем тілде сөзіңді көпшілікке жеткізуде де сахнаның рөлі зор. Қай кезде де шәкірттеріме өмір мен өнерді ұштастырып, адами тұлғалықты сақтауды үйретумен келемін. Өмірдегі өрлеу жолында көпшілікпен араласа білу, сөйлеу маңызды. Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінде есімі кеңінен танылған шәкірттерім көптеп шықты, – дейді қарт ұстаз.
Асылында, ауыл кеші қашанда көңілді. Кешқұрым ауылдық клубка жиналатын түрлі мамандық иелері домбыра шертіп, білген әнін шырқай түседі. Осылайша, тәжірибелі музыканттың жетекшілігімен оркестр құрылады. Заматында тракторден түсіп немесе қырманнан келген ағайын ауылдың алты ауызын айтады. Бұның барлығы күн-түн демей дайындалған еңбектің жемісі.
Тоқырау жылдарыауыл мәдениеті ақсап қалмас үшін Бүркітбай Мұстафаев басшылықтың ұсынысымен, ауылдық клубта директорлық қызмет атқарады. Мәдениет майталманы зейнеткерлік жасқа дейін ауыл мәдениетін көтеруге бар күш-жігерін салды. Ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Ақ әжелер» ансамбілімен тығыз байланыс орнатады.
– Аудан мәдениетін дамуында Бүркітбай Мұстафаевтың еңбегі ерекше. Талай қиын-қыстау күндері бірлесіп жұмыс атқардық. Толайым істерге себепші болып, мәдениет саласынының өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Тың бастамалардың басы-қасынан табылып, жаңашылдыққа иек артты. Сол жылдары ауыл мәдениетін көтеруде күні-түні қызмет етті. Осындай мерейлі шағында еңбегінің жемісін көруі нағыз бақыт санаймын. Зайыбы Роза екеуі саналы ұрпақ тәрбиелеп, ел-халықтың ыстық ықыласына бөленді, – дейді «Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алма Бақтиярова.
Бүркітбай Мұстафаев өмірлік зайыбы Роза апаймен отасқанына 50 жылға жуықтады. Роза Сағындыққызы медицина саласының ардагері. Мәуелі бәйтерекке айналған қарашаңырақта 5 перзент бір дүйім кауымға айналды. Тұңғышы Серік пен қызы Ләззат әке жолың қуып, музыка саласында еңбек етуде. Сонымен бірге тағыда басқа ұл-қыздары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада толағай табысқа жетіп келеді.
«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» деп жазушы Антон Чехов айтқан екен. Яки кейіпкерім осы кезге дейін бар байлықты бағалай білді. Ендігі жерде ұлы өнер музыканың туын саналы перзенттері жоғары ұстайды. Қай уақытта болмасын ұрпақтар сабақтастығын жалғаған әулет үлкені Бүркітбай ақсақал бұған дейін «Сырдария ауданының 90 жылдық мерекелік медалімен»марапатталды. Сонымен бірге аудан, облыс, республика көлемінде жоғарғы марапаттарға, қол жеткізді. Жақында 70 жылдық мерейтойында аудан әкімінің орынбасары арнайы қабылдап, аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың «Алғыс хатын» тапсырып, иығына шапан жапты. Нағыз бақыттың бөлшегін отбасынан тапқан Бүркітбай Мұстафаевтың еңбегі әрқашан елене бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Пікір 3