Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз байғазы сұрадыңыз ба?

Сіз байғазы сұрадыңыз ба?

Байғазы беру – халқымызда ежелден сақталып келген тұрмыс салттарының бірі. Оны берудегі басты мақсат – адамдар арасындағы арақатынасты жақсартып, үйлесімділік орнату болып табылады. Байғазы негізінен жансыз дүниеге қатысты айтылады. Енді осы байғазы беру салтына кеңінен тоқталсақ.

Киімімді көріңіз
Етегіме төгіңіз,
Барар жерім көп әлі,
Байғазымды беріңіз! – деген тақпақты бұрын естідіңіз бе? Мұнда байғазы туралы жақсы айтылған. Яғни, байғазы – қазақтың қолданыстан шығып кеткен көп салтының бірі. Байғазы – балалар жаңа киім кигенде орындалатын салт. Балалардың үлкендер тарапынан алатын сыйлығы. Ауыл үйлерін еркін аралауға жарап қалған бүлдіршіндерді жаңа киім киген күні «байғазыңды алып қайт» деп көрші-көлем, бірге отырған туыс-туған, жақындарының үйіне жүгіртіп жіберетін болған. Алақайлап қуанған бала ол үйлерге барып жаңа киімінің жарастығын көрсетіп байғазысын алып қайтқан.

Ондайда үй ішінде үлкендер отырса баланың бас-аяғына түгел қарап шығып «тууу, не деген әдемі», «күтіп ки», «өзіңе шап-шақ екен» деген сияқты жақсы лебіздерін білдіреді. Сонымен бірге, баланың жаңа киіміне байғазы ретінде қолда бар әшекей бұйым таққан, ақша берген немесе мал мінгізген. Ол бір жағынан қолдан тіккен киімге әсемдік берсе, енді бір жағынан кем жерлерін толықтыру мақсатында жасалған. Өйткені, көшпелі уақытта қолда бардан тігілген киім болған соң кейбір түймесі, әшекей-моншақтың кем болып қалуын байғазы берушілер ескерген көрінеді.

Қазақ байғазы сұрап келген баланың меселін еш уақытта қайтармаған. Тіпті, қолында ештеңе болмай қалса қолына бауырсақ, кәмпит ұстатып, «байғазың мойнымда» деп, байғазы сұраушы ұл бала болса «байғазыңа байдың қызы» деген секілді сөздермен қайтарып отырған. Артынан міндетті түрде сыйлық боларлықтай бір нәрсе берген. Бұл салт үлкендердің бала қуанышын бөлісіп, сыйлық бере отырып, оның киім-киісі, жүріс-тұрысына үлкендердің назар аударып мән беретінін сезіндірудей маңызға ие. Бала психологиясында киім киюдің өзінде үлкендердің талғамынан шығу талпынысын тудырған. Сонымен бірге айнала көршілердің өзара ынтымақ берекесіне де оң ықпалын тигізген.

Бала күнімде әлі есімде су жаңа киім кисем немесе ата-анам бір жаңа зат алып берсе, қатты қуанғанымнан орнымнан ұшып тұрып, жүгіре ауылды бір айналып қайтатынмын. Ол заман қиындау кезең еді. Теңгенің жаңадан ауысқан тұсы, жоқшылық, таршылық заман болатын. Жұмыс жоқ, бар болса жалақы уақытылы берілмейтін. Ол кезде әжемнің шағын дүкені бар болатын. Үйдегі түпкі бөлмеде орналасқан. Ауызында қытайдың жасыл құлпы. Кілті әжемнің қалтасында, кейде қосымша кілттері суырмаларда, кілемнің астында жүре беретін. Бір сөзбен айтқанда ауылдағы жалғыз дүкен. Онда азық-түлік те, киім-кешек те, оқушы құралдарын да сататын әмбебап дүкен болатын. Киім-кешекті Тәшкеннен екі өзбек апа әкелетін. Түрі әдемі, бірақ тез жыртылып қалатын, сапасы ма әлде матасы нашарлау болатын. Сапасы жақсысы келсе, мен киіп алып айнала жүгіріп қуанатынмын. Сондағым үйдегі үлкенді-кішілі барлығына көр­сетіп бір мақтанып байғазы сұрайтынмын. Көрші Балшай әженің үйіне баратынмын. Ол кісі менің әкемнің әжесімен құрдас. Сонда қолыма «міне байғазың» деп күйдірілген қант, болмаса ащы кәмпит ұстатып жіберетін. Берген тәттісіне мәз болып ойнап кететінмін. Кейіннен есейдік, байғазы сұрау қазақтың көп салтының бірі екенін ұғындық. Қазіргі уақытта бұл салт қолданыстан шы­ғып кетудің алдында тұрма дейсің. Себебі жастардың бірі білсе, бірі тіпті білмейді. Ал сіз байғазы сұрадыңыз ба?

Айдана ҚАЛИЕВА 
21 қараша 2020 ж. 594 0