Ұжымдағы қос қуаныш

Бас маман Нұргүл Ғаниқызы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде 2002 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын операторлықтан бастап, кейіннен есепші, бас маман лауазымына жоғарылады. Әріптесіміз редакцияда қызмет еткен 18 жылдың ішінде облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Сондай-ақ «Сыр медиа» ЖШС бас директорының Құттықтау хатын иеленген. Н.Сарқыншақова ауданның ақпараттық-насихаттық саясатын жүргізіп, аудандық газеттің жұмыс сапасының жақсаруына, сондай-ақ газет таралымының артуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Ал, жас тілші Балтабай Аябекұлы 2016 жылдан бастап аудандық басылымда еңбек етуде. Оның ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері көп. Тәуелсіздік мерекесінде жас тілшінің облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленуі ізденіске толы қажырлы еңбегінің жемісі және ұжымның мерейі.
Мерейлі мереке қарсаңында басылымды қалың оқырманға жыл он екі ай бойы таратушы мамандар марапатталды. Олардың ішінде Тереңөзек кентінен Бауыржан Қозбағаров, Іңкәрдария ауылынан Тұрсынкүл Сырлыбаева, Ақжарма ауылынан Қанзира Сисембиева, Айдарлы ауылынан Әлия Смайлова және С.Сейфуллин ауылынан Айнұр Исмайл бар. Таратушыларға «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың «Алғыс хаты» берілді.
Жұлдызай АНШАЕВА