Шерхан ПІРНАЗАРОВ, актер: Қасиетті ауылда туғанмын
Шерхан Пірназаровтың есімінен гөрі оның бейнесі көрерменге жақсы таныс. Соңғы жылдары отандық телесериалдардың басты рөлдерін сомдап жүрген актер – Сырдария ауданының төл тумасы. Бүгінде ол Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етуде. талант иесінің Өнер жолындағы жетістіктері мен жағымды жаңалықтарын білмекке «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары аясында сұхбаттасқан едік.
– Шерхан, сізбен сұхбаттасар алдында батыр жырынан үзінді оқығаныңызды көріп, әлеуметтік желіге біздің ауданның тумасы екеніңізді жазғанымда, оқырмандар таң қалды. Себебі, сіздің туған жеріңіз Шіркейлі ауылы екенінен ешкім білмейтін секілді. Ауылды сағындыңыз ба?
– «Алаштың анасы» атанған Қызылорда – мен үшін ыстық өлке. Оның үстіне Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келіп, балалық шағым сол елді мекенде өткен соң туған жерді әркез сағынамын. Қазақтың халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановты, ақын Әбіраш Жәмішевті дүниеге әкелген топырақта туғанымды ерекше мақтаныш санаймын. Елді мекенде бала күнімізде ағаларыммен балық аулауға көп баратынмын. Ауыл балаларымен асыр салып ойын қуатынбыз. Сол балалық шақтың тәтті күндерін сағынамын. Қанша алыста жүрсем де ауылыма әрқашан көңілім ауып тұрады. Туған жердің жеткен жетістігін естіп, көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалады. Сондай қасиетті өлкеде туып-өскен соң өнерге жақын болдым. Мектепті қатырып оқыдым дей алмаймын (күліп), алайда, табиғатым өнер саласын қалады. Негізі, бала күнімде спортшы болуды да армандадым. Кейін әскери салаға оқуға түсіп, оны үздік аяқтадым. Десе де, өнер адамдары сезімтал келетінін білесіз. Өнерге біртабан жақын болған соң жүрегім тыншымай, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, кәсіби актер болуға бекіндім.
– Сізді облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасынан көп көретінбіз. Аз ғана уақыттың ішінде кинодан бір-ақ шықтыңыз. Алматыға кетуге не себеп болды?
– Біз оқу бітірер алдында әр қаланың облыстық театрларынан режиссерлер келетін. Сол кезде Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темірдің және қалалық мәдениет бөлімі мамандарының шақыртуымен театрға келген едім. Қазақ тарихында ең алғашқы театр Сыр елінде ашылғаны белгілі. Сол себепті қасиетті қарашаңырақтың сахнасында өнер көрсету мен үшін үлкен жетістік болды. Туған өлкеде жүріп Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» және Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесі желісіндегі «Адам болып өтейін» шығармаларындағы басты кейіпкерлерді сомдадым. Кейін Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінде аздаған уақыт актерлық курс бойынша сабақ бердім. Театрда еңбек ете жүріп, шәкірт те тәрбиеледік (күліп).Сол кезеңдерде отбасылық себептерге байланысты өнердің бас шаһарына айналған Алматыға кетуге тура келді. Оның үстіне театрлардың төресі атанған Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрына атбасын тіредім. Нұрмұхан Жантөрин, Шәкен Айманов, Әнуар Боранбаевтардың табаны тиіп, еңбегі сіңген жерде өнер көрсету үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақ театрының королі атанған Тұңғышбай Жаманқұлов, Асанәлі Әшімовтей кісілермен иық тіресе еңбек ету тәжірибемізді шыңдай түсті. Жас болсам да осындай үлкен мүмкіндік пен сенім жүктегені үшін өнердегі аға-апаларыма алғысымды білдіргім келеді. Сол 2017 жылдан бері отандық кинолардан шақырту да көптеп алудамын.
– Үлкен театрда өзіңізге қандай рөлдер бұйырып жүр?
– Бүгінгі күнге дейін Мұхтар Әуезовтің «Қобыланды батыр» шығармасында – Қобыландының, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасында – Қозының және Оралхан Бөкейдің «Қар қызында» басты кейіпкер – Бақытжанды сомдадым. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның қара сөздері желісімен режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың сахналаған қойылымында өнер көрсеттім. Қойылымның жақында ғана тұсаукесері өтті. Дәл қазіргі уақытта Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасындағы басты кейіпкердің рөліне дайындық үстінде жүрмін.
– Өзіңізге айтып өткендей, сіздің туған ауылыңыз жазушы Қалтай Мұхамеджанов, Әбіраш Жәмішевпен мақтанады. Болашақта осы елді мекенге қайта оралып, туған жерге қызмет ету ойда бар ма?
– Меніңше, туған еліңде, өзіңнің туған ауылыңда абыройлы қызмет ету әрбір азаматтың арманы секілді. Сондықтан мен әркез елге келуге дайынмын. Бірақ қазіргі уақытта үлкен тәжірибе жинауым керек. Сол жиған білім мен еңбектің арқасында елге қызмет ететініме сенемін. Өнердің айналасында жүріп, мәдениеттің ошағына айналған Шіркейлі ауылы мен үшін ыстық. Қолдау білдіріп, қызметке тағайындаса ойланбастан келетінім анық.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Майя ҚОЖАБАЙ