Ауыл емханасы
«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дейді халық даналығы. Адам өміріндегі баға жетпес қазына – денсаулық.
Биылғы жылдың жаз мезгілі ел-халық үшін қиын да күрделі болғаны ақиқат. Адамзат баласы әлемді жаншыған коронавирус індетімен бетпе-бет келіп, адамдар жаппай індетке шалдыққаны күні кеше. Сын сағатта бар ауыртпалық денсаулық сақшыларына түсіп, олардың адам жанына араша болғанын жұртшылық жақсы біледі. Тынысы тарылып, жан ұшыра ем-дом іздеген халық ақ халатты абзал жанның шипасынан ем тапты. Әсіресе облыс, аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекеннің медицина қызметкерлері тәулік бойы алғашқы көмек көрсетуден тайынып қалмады. Міне, аудандағы Нағи Ілиясов ауылының тұрғындары да осындай қиын кезеңді бастан өткізіп, ауылдық емхананың дәрігері мен медбикелерінің арқасында қажетті ем-шарасын қабылдап, індетпен күресті.
– Күні кешегідей есімде. Декреттік демалыстан түскен кезім еді. Алғашқы науқастың диагнозы 16 маусым күні қойылып, коронавирус жағдайы расталды. Науқас облыс орталығындағы жұқпалы ауруханаға жатқызылды. Сонан соң тұрғындар бірінен соң бірі ауыра бастады. Тәуліктің кез келген уақытында көмекке әзір тұрдық. Қажетті дәрі-дәрмекті науқастарға егіп, жағдайды бақылауға алдық. Дегенмен ауылда екі жағдай оң нәтиже беріп, арты қайғылы қазаға ұшырағандар болды. Тұрғындардың бойында үрей пайда болды, оны жасырмаймыз. Адамдар бір-біріне қатынауды азайтты. Күніне 10-15 шақыртулар тіркелді. Медбикелер К.Досаева мен Р.Әбдраимова үйде жатқан науқастарға ем-шара жасады. Қазір жағдай тұрақталды. Дегенмен сақтық шараларын босаңсытқан жоқпыз. Денсаулығына шағым айтушыларды мұқият тексеріп, аса жауапкершілікпен қарау міндетіміз деп білеміз, – дейді емхана меңгерушісі Айнұр Рамазанова.
Иә, сол кезеңде елдегі ахуалдың тұрақталуына жағдай жасаған ел азаматтарын да айта кеткен жөн. Ауылдағы іргелі шаруашылық «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Ералиев бірнеше мәрте ауыл емханасына ең қажетті деген дәрі-дәрмекті алып беруге 2 млн теңгеге жуық қаржы бөлді. Бұл дәрілер ең алдымен «Д» есепте тұратындарға және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Ауру дендеген кезде шаруашылық бір көлік бөлді. Сондай-ақ, екі ай бойы бір фельдшер мен бір медбикенің жалақысын өз есебінен төлеп, ауыл халқына медициналық көмек көрсетуге жағдай жасады. Дене қызуын тексеретін 1 тепловизорды да алып берді. Бұл құрылғы кезінде блок бекеттің жұмысын үйлестіруге пайдаланылса, қазіргі кезде де тепловизордың көмегімен емханаға келушілердің дене қызуы өлшенеді.
Ауыл емханасында 2 дәрігер, 8 медбике, 2 кіші буын медицина қызметкері еңбек етеді. Емханада дәрігерге дейін қабылдау бөлмесі, әйелдерді қарау бөлмесі, ем-шара, егу бөлмесі, зертхана, ауызбен суландыру бөлмесі т.б қажетті арнайы кабинеттер бар. Сонымен қатар 5 орындық күндізгі стационарда науқастар қажетті ем-домын алады.
– Ауыл емханасының іргесі 1973 жылы қаланған. Көріп отырғаныңыздай ғимарат ескірген. 2004 жылы шаруашылықтың көмегімен күрделі жөндеу жүргізілді. Еденге линолеум төселіп, есік-терезе ауыстырылды. Содан бері ғимаратқа жөндеу жүргізілген жоқ, – дейді бірінші санатты білікті дәрігер С.Олинова.
Иә, шын мәнінде ауыл емханасында толыққанды жағдайдың жасалмағанына қарамастан, медицина қызметкерлері күнделікті қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Олар тұрғындарға кез келген жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір. Дегенмен ауылда дәрігердің есебінде тұратындардың арасында қан қысымымен, жүрек жұмысының жеткіліксіздігімен, қант диабетімен ауыратындардың қатарына жүкті әйелдердің қан аздығы мен бүйрек ауруы қосылғаны, олардың саны артып отырғаны алаңдатады. Соңғы кезде жүкті әйелдердің арасында қан аздық көбейіп кеткен. Мұндай дерттің соңы немен аяқталатыны да белгілі. Ал жыл басынан бері дүниеге келген 47 сәбидің анасы акушер Ұ.Сабырова мен дәрігер А.Рамазанованың қатаң бақылауының арқасында дені сау ұрпақ әкелгені қуанышты жағдай. Десек те дәрігердің кеңесін алдыңғы кезекке қойып, жүктілікті жоспарлау қажеттігі ауыл дәрігерлері үшін өзекті мәселе болып қала береді.
– Денсаулықты сақтап, оны үнемі нығайтып отыру керек, – дейді ақ халатты абзал жандар. Ол үшін тұрғындардың қазіргі әлеуметтік жағдайы жасалған. Әрбір отбасында тұрақты кіріс көзі бар және шаруашылықта еңбек ететіндермен қатар барлық ауыл тұрғындарының ахуалын ауыл әкімі мен серіктестік басшылығы үнемі бақылауда ұстайды.
Бибісара ЖАНӘЛІ