Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бие сауған Гүлзира

Бие сауған Гүлзира

Биылғы жылдың жаз маусымы елді әбігерге түсірген коронавирус инфекциясының жаппай таралуымен есте қалғаны белгілі. Тұрғындар жаппай ауыра бастағанда халықтық емді пайдаланып, қой еті, бие сүтінің қадірін түсінді. Дертке дауа болған саумал сауатындарға кезекке тұрғандар қаншама.

Гүлзира Піренова Нағи ауылында бие сауып, тұрғындардың алғысына бөленген жан. Ол бұл мүмкіндікке «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың екінші бағытының жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру бойынша 555 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Қайтарымсыз грантқа құлынды бие сатып алып, жаз бойы саумал сауып, қымыз дайындады.

– Саумалға қай кезде де сұраныс көп. Жылдың қай мезгілі болмасын саумалды емге пайдаланатындар бар. Қымызды ашыту, оны күбіге пісу біраз уақыт алады. Дегенмен қымызға да сұраныс жеткілікті. Біраздан бері Қызылорда қаласындағы «Ақ барыс» сауда дүкеніне тұрақты түрде өткізіп тұрамын. Қазір бие су алып кетті. Көктемде қайтадан сауатын боламын, – дейді кәсібінен береке тапқан Гүлзира.

Гүлзираның тынымсыз еңбек етуінің арқасында ауылда сиыр сүтін өткізуге тілек білдірушілер оның қызметін пайдаланады. Күн сайын үй-үйді аралап, сүт жинап алып, оны қалаға апарып өткізуді кәсіпке айналдырып отырғанына бірнеше жыл болды. Бұл бір жағынан жұмыссыз отырмаудың амалы болса, екінші жағынан үйге кіріс кіргізудің көзі.

– Осы кәсіптің арқасында үйімізді жаңалап, кең үйге көштік. Балаларымыздың несібесі болар, үйімізден ағарған арылған емес. Мағжан ұлым жылқыға құмар, ат құлағында ойнайды. Жылқының күтімін жасап, шаруаға көмектеседі. Көкпар тартып, бәйгеге қатысады. Болашақта мал шаруашылығын кеңейту ойымызда бар. Мал бағу – ата-бабадан келе жатқан кәсіп емес пе? Ауылдағы шаруашылықтың көмегін де көріп келеміз. Жыл сайын беретін мал азығы мен көмір отбасымызға әжептәуір көмек болып тұр. Ел ағаларына алғысымыз шексіз, – дейді төрт баланың әкесі Дулат Сүлейменов.

Әрине, қай кезде де ерінің қолдауы әйел адам үшін маңызды. Ауылда су маманы болып жұмыс істейтін Гүлзираның өмірлік серігі Дулаттың отбасында берекелі тірліктің лебі есіп тұр.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
24 қараша 2020 ж. 360 0