Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Миға жазылған мақалалар

Миға жазылған мақалалар

Тіркес тауып не түрлі,
Теңеу тауып өтімді.
Гуілдетті ел-жұртты,
Голованов секілді.
(Журналистік фольклордан)

О бастан оның өзіндік пайымдамалары қалыптасты. Біріншіден, жазылатын мақала дөңгелек сипатында болуы керек. Яғни, оның басы мен аяғы түйісуі шарт. Екіншіден, мақаланың өн бойында пойыздың дөңгелегінің дүрсілдегені секілді бір дыбыс болғаны жөн. Адамның жүрегі сияқты әр жері дүрсілдеп тұрмаса, мақала қарабайыр дүние болып кетеді. Үшіншіден, әлбетте тамаша тақырып қоя білу қажет. Сексенінші жылдардың басында «Лениншіл жасқа» қызметке келген Қайнар Олжай барлық мақалаларын осы талаптарға бейімдеп жазды.

Әрқашан өз мақаласының бірінші, екінші және үшінші оқырманы болды. Алдымен мақаланы жазып алып, оны бір оқып шығады. Сосын машинистканың жанына барып, айқайлап тұрып, «диктовка» жасайды. Жазған дүниесі бөлім меңгерушісінен шыққаннан кейін бір қарайды. Бас редактор оқыған соң, бір шолып өтеді. Секретариатқа түскенде кім қай жерін өзгертті екен деп тағы да зер салады. Содан мақала нөмірге жөнелтіледі. Басқа жұрт мақаласы сол нөмірде жарияланатынын білген соң, жайбарақат кете береді. Ал бұл кезекші болмаса да басқалармен жағаласып типографияға барады. Кезекшілермен қабаттасып тағы оқиды. Ертеңіне басылып шыққан газетті редакцияға әкелгенше шыдамай, киоскіден сатып алып, тағы бір көз жүгіртеді. Сөйтіп, өз мақалаларын жазып қана қоймайды, оны сан мәрте оқып шығады. Оған ерінбейді. Кей жеріне сүйсінеді. Кей тұсына «әттеген-ай» дейді. Өзің жазған дүние қайта оқығанда өзгеше әсер береді. Бас редактордың орынбасары Ержұман Смайыл қалай өзгертті, бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов не қосты екен деген әуестікпен қарайды.

Бірде көктемгі егіс туралы «Қырға шығар күн жақын» деген суреттеме ұсынылды. Қайнар онда «Лениншіл жастың» шаруа жастар бөлімінде істейтін. Бір автордың мақаласы еді. Шаруашылық туралы науқандық дүниелерге тақырып табу қиынның қиыны. Сол тұрғыдан қарасаң, бұл да жаман емес. Кешке қарай газет беттері бас редактордың алдына жөнелтіледі. Жөнделген нұсқасын қараса, Сейдағаң жаңағы әп-әдемі тақырыпты сызып, «Екі көзі – қырда» деп одан сайын әрлей түсіпті.

Осы үрдіспен «Лениншіл жастан» «Социалистік Қазақстанға» ауысып келгеннен кейінгі алғашқы мақаласының тақырыбын «Кеудедегі конвертер» деп қойды. Сол кездегі бас редактордың бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев: «Қайнар, бұл жастар газеті емес, біздің басылымда мұндай ұғым болмайды, нақты түсінікпен, нақты сөзбен жазамыз», – деп ескертті. Бірақ тақырыбына тимей, сол күйі қол қойып жіберді. Газеттің талабына сай келмесе де бетінен қақпады. Жүйрік журналистің «Лениншіл жастағы» дағдысы «Егеменде» де жалғасты. Шетелге шыққан сапарларынан оралған соң «Пәранжасыз Пәкістан», «Лондонның қаймағы мен қаспағы», «Тас орманның тасасында» деген әсерлі жолсапар очерктерін жазды. Бірде оған бас редактор Алматының мекемелердегі қазақ тілінің қолданылу аясы туралы мақала жазуға тапсырма берді. Тіл мәселесі жаңа қолға алынып жатқан кез. Алдымен поштаға барды. Одан соң бірінші Алматы вокзалына келіп, билет сұрады. Көшедегі дүңгіршектерге бас сұқты. Тұрмыс қажетін өтеу комбинатына кіріп, қызметкерлермен тілдесті. Соның бәрін қорытып, мақаласына «Қаламы бар, қағазы жоқ» деген тақырып қойды. Өйткені ниет бар, бірақ орындалмайды. Бірнеше жылдан кейін Америкаға барып қайтқан екі тілші ғалымның мақаласын оқыды. АҚШ-тағылар біздегі газет мақалаларының тақырыптарына ден қояды екен. Мұндай ойнақы тақырыптар олар үшін жаңалық болып саналса керек. Олар тілшілер мен журналистердің ойлау еркіндігін көрсететін мысал ретінде Қайнардың екі-үш тақырыбын тілге етіпті. Соның ішінде «Қаламы бар, қағазы жоқ» деген тақырыпқа америкалықтар қатты қызығыпты.

Ол «Лениншіл жастың» Қарағанды, Жезқазған, Целиноград облыстарындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеп жүргенде мақаласын жазар алдында Қарағанды мен Теміртаудың арасына бес минут сайын қатынайтын автобусқа мінетін. Автостанцияға келіп, жиналған адамның соңына кезекке тұрады. Теміртауда ешқандай шаруасы жоқ. Алдымен бір нәрсені көріп, көңілге түйіп алады. Қойын дәптерде бәрі де жазулы. Автобусқа тек ойлану үшін ғана мінеді. Артқы орындықтардың біріне жайғасады. Өйткені, көліктің артқы бөлігі жылы болады. Теміртауға барғанша, жаңағы мақаланың тақырыбын да табады, құрылымын да жобалайды. Тағы да кезекке тұрып, автобусқа мініп, кері қайтады. Мақаласын жол бойы миына жазып келеді. Енді тек қағазға түсірсе болғаны. Ол кезде жазу машинкасы жоқ. Қолмен жазады. Сөйтіп, оның көптеген мақалалары Қарағанды – Теміртау жолында сұлбаланды.

Сол үрдісті күні бүгінге дейін ұстанып келеді. Мақалалары мен тележобалары миында әбден түзіліп біткен соң ғана жарыққа шығарады. Ең сенімді ой сақтағыш қоймасы – өзінің миы. Адамның ми құрылысына қарап, компьютер бағдарламасын ойлап тапқандардың ұлылығына бас иеді.
* * *
«Жас Алашта» қызмет істеген жылдарымызда: «Әр шыққан сапарынан, айналадан, Кезі жоқ қанжығасын майламаған. Жастардың газетінен түлеп ұшқан, «СҚ»-да істейтұғын Қайнар ағам!», – деп әндететінбіз. Сол қадірлі Қайнар ағамыз бүгін «Үркер» ұлттық жүлдесін иеленіп, Шерхан Мұртаза атындағы сыйлықтың лауреаты атанды! Шерағаңның сайыпқыран сарбазы, тиген жерін тіліп түсер алмас қылышы – Қайнар Олжайдың қаламынан құт кетпесін!

Миға жазылған мақалаларыңыз ұлтты миландыруға, ұрпақты иландыруға түрткі бола берсін!

Бауыржан Омарұлының фейсбук парақшасынан алынды 

15 қараша 2020 ж. 297 0